Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Тағылым ұясы


Сыр бойында мәңгі тыныс тапқан Абд-ул-Жалил баб, Ысқақ баб, Абд – ул-Рахим баб туған топырағымызға мұсылмандықты алып келген ардақты тұлғалардың соңғы легі.


Тарихи деректерге сүйенсек, Орталық Азия мен Қазақстанға ислам дінін әкелуші үш баб Шамнан шығып Қорасанға (Иранға), Балхқа, одан әрі Ауғанстанға, кейін Бұқара арқылы Самархан мен қазіргі Ташкент қалаларына келіп, мұсылмандықты жайған.
Он төрт ғасыр бұрын Орталық Азияның жеріне ілім-білімін алып келіп кеуделерге ақиқат діннің шамшырағын жаққан тұлғалар қатарында керемет әулиелігімен аты шыққан Әбдіжалил баптың есімі (жергілікті халық «Қорасан ата» атап кеткен) көпке мәлім.
Баба басында ашылған мұражайдың тарихи экспонаттармен толығуы өткен күннің құнды мұраларына көз тоқтатып, қолмен ұстап, тылсым құпиясын жүректен өткізуге шынайы мүмкіндік беретіні өз алдына, руханият мекенін болашақ игілігіне табыстайтын шежірелі сабақтастықтың көпірі деуге болады.
Сенбі күні осы тарихи мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы келіп қатысты. Діни басқарманың арнайы өкілдерімен бірге келген бас муфтиді Сыр өңірі басшылығы құрметпен күтіп алып, делегация құрамы алдымен бабаның кесенесіне зиярат жасады.
Баба басына құран оқып, дұға жасалды. Одан әрі «Қорасан ата» қоғамдық қорының төрағасы Асылбек Айтжанов бас муфтиге кесене басын­дағы жаңарту жұмыстарын баяндады.
Баба басына жиналған қалың жұртшылық­ты тарихи-мұражайдың салтанатты ашы­лу­ы­мен құттықтаған ҚМДБ төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының лебізі төмендегідей өрілді.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары бабалар ізін жаңғыртып, тарихи сабақтастықты жалғастыру мақсатында ірі-ірі жобаларды қолға алды. Соның бірі де, бірегейі – жыл басында жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсыландық мектеп» кітабы.
Қазақ даласына исламның келуімен 13 ғасыр бойы біз хақ дінді ұстанып келеміз.
Арада зұлмат жылдар өтті. Сол кезеңдері ұрпағы Аллаға бойұсынған, дінді ұстанған, дін жолында шейіт болған бабаларының сүйегін таппай қалды. Ел егемендігіне ие болып, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін жоғымызды түгендеп, асылдарымызды тірілте бастадық.
Есте жоқ ескі заманда қалып кеткен арғы аталарымызды іздеп, еңбегін жаңғыртып, қалдырған мұрасын түгелдеп жатырмыз. Сондай сауапты істің бірі бүгін киелі Жаңақорған жерінде болып жатыр. Белгілі кәсіпкер, дін жанашыры Бахараддин Аблазимовтың тікелей демеушілігімен өңір тұрғындары бас қосып мұражай үйі салынды. Қазақ даласына хақ дінді таратқан Әбдіжалил баб атындағы бұл тарихи мұражай қаншама ұрпаққа өнегелі орын болады деп сенеміз. Осы игілікті істің нәтижелі бітуі көмек-қолдауын аямаған жергілікті халықтың бірауызды ынтымағының арқасы деп білемін. Міне, бүгін өңір халқының сәулелі қуанышына ортақтасқан салтанатты жиынды пайдалана отырып дәуір шежіресін түзетін тағылым мекеніне үнемі қамқор-қолдауын көрсетіп келе жатқан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына, аудан басшысы Мажит Самитұлына, бүгінгі шараға арнайы келіп қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлына ризашылығымды білдіремін. Мұражай құтты болсын. Ел игілігіне қызмет ете берсін» деді.
Одан әрі мұражайдың лентасы қиылып, қонақтар көне жәдігерлер көмбесіне айналған ғимараттың ішін аралап көрді.
Әбдіжалаил баб атындағы тарихи-мәдени музейінде Мұхаммед пайғамбарымыздан (С.А.У) бастап одан тарайтын халифалардың өмірбаяны, бүгінге дейін жеткен араб, парсы, шағатай тіліндегі шариғат ілімі туралы жазбалар экспозициясы қойылыпты.
Абд-ул-жалил баптың қолында Хазіреті Әли мен Мұхамедтің аты ойып жазылған исламның жасыл туы болыпты. Ғасырдан аса уақыт сақталған ту тұтас қызыл мыстан құйылған, ортасын көмкерген оюында «Аллаху ахад», «Мұхаммед уа Әли» деп жазылған. Мұражайда тағы бір құнды мұра – Марал ишанның Кеңесары ханға сыйға берген Құран кітабы, асатаяғы, Құлболды ишанның тәспісі, тақиясы қойылыпты.
Сыртта ашық аспан астында ертеректе қыш күйдірген пештің қирандысы бұл жерде зауыт болғанын дәлелдейді.
Мұражайға қойылған көне жәдігерлермен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бақдәулет Таждинов таныстырды.

БАБАЛАР РУХЫНА 100 ҚҰРАН ХАТЫМ ДҰҒАСЫ ОҚЫЛДЫ

Осы күні бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасы жасалды. Кіріспе сөз алған бас муфти игі шараның маңызына тоқталды: «Соңғы бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған игі шара – бабалар рухына 100 Құран хатым оқу дұғасы бүгін Жаңақорған жерінде жалғасын тауып отыр.
Әбк Хурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (Алла оған разы болсын) «Адам баласы дүниеден озғанда тоқтамайтын істері: үзілмейтін садақа, адамзат игілігі үшін қалдырған пайдалы ілім және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ» деген.
Міне, біз кешегі өткен бабаларымыздың ізгі ұрпағымыз. Оларға дұға жасау біздің міндетіміз. Ат төбеліндей Алаш осынау ұланғайыр жерімізді рухымен, намысымен, жан-тәнімен қорғап қалды. Сол қорғаған қазақтың жерінде тілі, діні, ділі, салты мен дәстүрі сақталып қалды. Бүгінгі қатым дұғамыз осынау бабалар рухына бағышталады. Сыр бойын жайлаған елдің ішінен шыққан ізгілерге, оның ішінде Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжәлил баб, оның ұлы Хусейіннің рухына, осы топырақта мәңгі тыныс тапқан ишан, ахун, мағзұм, ғұламалардың, тәуелсіздік жолында шейіт болғандар мен еліміздің тұтастығы жолында қызмет еткен барша бабаларымыздың рухына жолдаймыз» деді Бас муфти.
Қасиетті Құран Кәрімнің шарапаты бұл күні киелі мекенімізде мәңгілік тыныс тапқан бабалар рухын шат етті. Нақтылап айтқанда, 100 хатым түсірілді.
Хатым дегеніміз – қасиетті Құран Кәрімді басынан аяғына дейін бір әрпін қалдырмай оқу деген сөз. Оны ҚМДБ жанындағы құран жатау орталығы қарилары оқыды.


Қазақ даласындағы бабтардың орны және Әбдіжалил баб

Осы күні ашық аспан аясында қалың жұртшылықтың қатысуымен өткен «Қазақ даласындағы бабтардың орны және Әбдіжалил баб» тақырыбындағы ғылыми конференцияда ҚМДБ басқармасы төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
«Баб өз дәуірінің білімдары, ғұламасы, дін иесі немесе дін қақпасы деген мағынаны береді. Араб тілінде «бабун» есік, қақпа, басшы деген мағынаны береді. Нақтылап айтқанда, баб өз заманында ірі дін иесі, қарамағындағы қауымға дінді насихаттаушы болған.
Біз биыл Алматыда Ислам ғылыми-зерттеу институтын аштық. Мақсатымыз – қазақ даласында сан ғасырлық ата дініміздің таралу жолын, алғашқы мешіттер, медреселер, дін ұстаған бабаларымыз туралы толыққанды мәлімет жинап, көлемді зерттеу еңбегін жариялау.
Қазақтың ауыз әдебиетінде батырлар жырының өзінен әулие-әнбиелер жөнінде деректер көп кездеседі.
Мәселен, «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» деген жыр жолдарын «Қобыланды батыр» жырынан да табасыз. Мұның барлығы тегін емес. Қазақтың дүниетанымындағы әулие-әнбиеге, дін ұстаушыларға көрсеткен құрметінің бір белгісі.
Бүгін міне, асыл дініміздің қазақ жерінде өркендеп, тамырын тереңге тартуына үлкен күш салған білікті дін қайраткерлерін еске алып, бабалар рухына құран қатым бағыштауымыз, ең бірінші дін исламға, оның алғашқы насихатшысы болған ардақты Пайғамбарымызға, соңынан ерген сахабалар мен өзге де дін таратушыларға көрсеткен құрметіміз. Сол бабаларымыздай асыл дінімізді мөлдір, таза қалпында, берік ұстауды біздерге және ұрпағымызға нәсіп етсін» деді бас муфти.
Конференцияда мұнан әрі ғалымдар Досай Кенжетай, Досәлі Қыдыр, Мұқан Исахан, Нұрлан Мансұров баяндама жасап, қазақ топырағындағы баптар, діни лауазымдар, құрбан болған дін өкілдері туралы кеңінен баяндады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 қазан 2024 ж. 400 0