№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК


Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің қайталанбас үлгісі. Мамандық атаулының төресі саналатын ұстаздық жолдың жауапкершілік жүгі жеңіл болмайтыны анық. Адал еңбегі мен асыл мінезі жарасым тапқан жандардың қатарында №209 Ә. Әбутәліпов атындағы мектептің ғылыми жетекшісі, тұтас ауылдың құрмет-қошеметіне бөленген Бейсен Пазылқызының дара болмысы бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едік.


Ғибратты ғұмырын ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтіп, ғылым мен жаңашылдыққа бет бұруына арнаған абзал ананың еңбегі бір дастан дерсіз. Ол ұстаздықпен қатар мерзімді басылымға төл мамандығы бойынша қазақ тілінің болашағы жайында салмақты мәселелер көтерген мақалаларын да жиі жариялап тұрыпты. Зиялы қауымның назарын аударған мұғалімнің алғашқы зерттеу жұмысы оқырманнан өз бағасын алған. Осындай ізденісті еңбектерінің нәтижесінде кешегі кеңес дәуірінде білімділігі мойындалып, бірінші санатты ұстаз атанып, «Оқу саласының үздігі» медалін кеудеге қадапты.
«Шәкірт шырағын жаға білген – нағыз ұстаз» деген ұстанымы оны озық болуға жетелесе керек. Мұны әр жылдарда өткен пәндік олимпиадаларда топ жарған шәкірттері дәлелдейді. Оған қоса, ҰБТ көрсеткіші бойынша оқушылары үнемі жоғары көрсеткішке ие болып отырды. Міне, бұл екінің бірі қол жетпейтін жетістік.
Әбуталіповтер әулетінің үлкен келіні деген абыройлы атаққа ие болып, келіндік ізеттен жаңылмай, салт-дәстүрді биік санап, ағайын-туыстың алтын көпіріне айналып, отбасының ұйытқысы бола білді. Отбасындағы орны толмас қайғыда да сабырлы мінезін сақтап, салмақты іске жол ашты.
Өзі қырық жылдан астам №209 Ә. Әбутәліпов атындағы мектепте еңбек ете жүріп, ұжымның ұйымшылдығын арттырып, кейінгі жас мамандарға тәлімгерлік жолын жалғады. Әріптестер арасында жүрек жылуын аямай жанашыр болып жүретін жаны асыл тұлғаның қамқорлығын көргендер аз емес. Бұл туралы сала ардагері Ермағамбет Құлымбетов те растайды.
– Бейсен Пазылқызының ұйымдастырушылық қабілеті ерекше, әрдайым шәкірттері үшін уақытпен санаспай еңбек ететін. Ғылыми жоба бойынша жетекшілік етіп, қаншама дарынды жастардың бойындағы қабілеттін дамытты. Ұлағатты ұстаздың ауылға сіңірген еңбегі өлшеусіз, соңына өшпейтұғын із қалдырған тұлға дер едім, – дейді ол.
«Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды» демекші үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін өте қарапайым, кішіпейіл абзал жан жүрген ортасында сыйлы, ағайын-туыстың ақылманы атанды. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, отбасының мерейін арттырды. Өңiрге есiмi белгілі, ұзақ жыл ағарту саласында басшылық еткен Исахан Абуталиповтей тұлғаның аяулы жары болып, шаңырағын шаттыққа кенелтті.Екеуінің шаңырағы бүгінде ұстаздар династиясына айналып, ұрпақтары елге игілікті істерін арнап келеді. Соның бір айғағы, әке жолын жалғаған Қасымхан ағамыз еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, мектеп директорлығына дейін лауазымға көтерілді. Бүгінде ол «Тұран Агро» шаруақожалығын ашып, ауылшаруашылығын дамытуда. Оспан ағамыз облысқа белгілі «Газ Строй» мекемесінің басшысы, Батырхан осы саланың білгір маманы. Қызы Жанар үлгілі ұстаз болса, келіндері Гүлзира мен Ақмарал қазақ тілі әдебиеті пәнінің ұстазы, Гүлназ Қызылорда қаласында жоғары оқу орнында тәлімгер, Балжан аудандық ауруханада білікті дәрігер. Сондай-ақ, немерелері де ұстаздық жолды таңдап, жетістіктерге жетіп келеді. Бұл отбасы Түгіскендегі Тәуелсіздік жылдары салынған ескі мешіттің толықтай жаңартылуына еңбек етті. Қазір осы мешіт-медреседе елуден аса бала имани тәлім-тәрбие алуда. Тарихта өз бағасын алмаған қаншама жәдігерлеріміздің орнын қарайтты. Соның бірі, Яссауи бабамыздың үлкен ағасы «Сәдір шайх» бабамыздың басына монумент орнатып, атақоныс тарихына құрметтің қалай болатынын іспен паш етті. Мұндайда «елдің туын тік ұстар азамат тәрбиелеу – бір бақыт» екенін мойындап, «жақсының ұрпағымен мың жасайтынына» шүбә келтірмейміз. Өмiрлiк серiгi, оның артынан атпалдай екі бірдей ұлы өмірден өтiп, көңіл қайғысы қабаттасып жүрсе де жақсылық жолынан жаңылмаған ананың рухының мықтылығына бас имеске әддіміз жоқ.
Өмір жолдары өнегеге толы ұстаздар отбасына елдің құрмет-қошеметі ерек. Түгіскендік тұрғын Берік Атақожаев ұстазын еске алып:
– Білім саласының майталманы атанған аяулы апайымыздың орны әрдайым ойсырап тұрады. Бейсен анамыздың елге сіңірген еңбегін, жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймыз. Ол кісінің бізге айтатын «Адам боп келдің өмірге, адам боп кету парызың» деген ойлы сөздерінің астарында терең мағына қатталып жатқанын енді ғана жан жүрегімізбенен сезініп жүрміз, – дейді шәкірті.
Түгескендей тіректі ауылдың еңсесінің тіктелуіне сүбелі үлес қосқан ұстаздың ұлағаты ұмытылмақ емес.

Мақпал МАРҚАБАЙ
15 қазан 2024 ж. 345 0