Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жасампаздық бастауы – бірлікте

Жасампаздық бастауы – бірлікте


Ұлт тарихының қандай кезеңін алсақ та ұланғайыр қазақ даласын мекендеген халықтың тағдыры бірлікке тәуелді. ХХ ғасырдың басынан қазақ жеріне еріксіз келіп қоныстануға мәжбүр болған түрлі диаспара өкілдерінің де осы жерде өсіп-өніп, тарихи отан тұтуы қазақ халқының жатты да жақынындай көрген қонақжай пейіліне байланысты болса керек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында өтуі де осының дәлелі. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, Ассамблеяның еріктілері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері және бейнебайланыс арқылы ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.


Ассамблея отырысында еліміздің бірнеше аймағындағы табиғи апат салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланып, су тасқыны жағдайында Қазақстан халқы Ассамблеясының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек етіп жатқаны айтылды.
Президент қандай жағдай болмасын еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айны­май­тынына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адам­ның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны дамытуға негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассам­блеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтып, осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанын, оған қарсы тұруға қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшау­лануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, немесе кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Ел президенті Ассамблеяның институцио­налдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын нығайта түсуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
Қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып қалыптасатынымызға сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халық арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.

Жәмила ЕРМАХАН
30 сәуір 2024 ж. 424 0