Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Байрақты бәсекелер жылы

Байрақты бәсекелер жылы


2024 жылдың басты ерекшелігі, бәсекелі спорт додалары көптеп өтеді. Солардың ішінде ең айтулысы – «Жылдам. Жоғары. Күшті» ұранымен өтетін Олимпиада ойыны. Париж қаласында 26 шілдеден 11 тамызға дейін байрағы көтерілетін ойында 208 елдің спортшылары 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. 8-14 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Ойынның бұл түрі де тартысты өтеді.


ҚАЙ ТҮРІНЕ СЕНІМ АРТАМЫЗ?

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Олимпиада ойынына 8-рет қатысады. 1996 жылы АҚШ-тың Атланта төрінде 3 алтын (Василий Жиров, Александр Парыгин, Юрий Мельниченко), 4 күміс және 4 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 24-орыннан көрінді. Спорт сарапшылары бұл жеңісті КСРО спортының жемісі деп баға берді. 2000 жылы Австралияның Сиднейінде олимпиадашылар жиналып, кіл мықтының ішіндегі шын мықты кім екенін анықтады. Бұл сында Бекзат Саттарханов жасындай жарқ етсе, боксшы Ермахан Ибраимов қарсыластарын жапырды. Ал желаяқ Ольга Шишигина алдына жан салмады. 2004 жылы Олимпиада алауы бастау алған Афинада төртжылдықтың басты бәсекесі өтіп, тек Бақтияр Артаев қана көк байрағымыз­ды көкке көтерді. Бұл жолы ұлт спорты құлдырады, тәуелсіздіктің төл буынының қауқары осы деп топшылағандар көп болды. Жоқ, олай емес екен. 2008 жылы Пекинде өткен аламанда боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Алла Важенина, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, боксшы Серік Сапи­ев, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода олимпиадашылар арасында жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлет Ниджат Рагимов, боксшы Данияр Елеусінов дараланды. Кейін Ниджат допинг қолданғаны дәлелденіп, алтын медалі кері қайтарылды. Алтын қасиет таңдайтын металл ғой. Содан кейін Токио Олимпиадасында қазақ спортшылары қанша талпынғанмен, алтыннан құр қалды. Токиода 93 қазақстандық 19 спорт түрінен бақ сынап, 8 қола медаль алды. Сөйтіп, Олимпиадада медаль алған 93 мемлекеттің ішінде 83-орынмен түйіндедік. Бұл ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада ретінде бағаланды. Өйткені командалық есепте біздің алдымызға Африканың бірқатар елі шықты. Тіпті халық саны 40 мың­ға жетпейтін Сан-Марино, тұрғын саны 80 мыңға жуықтайтын Бермуд аралдары жоғары тұрды.
Токио Олимпиадасына қатысқан спортшылардың сәтсіз өнері және ұлт спортының құлдырау себебін жауапты ведомство түсіндіруі керек еді. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық олимпиада комитеті де мұндай қадамға бармады. Содан бері бір олимпиадалық цикл сырғып өтіп, спортқа жауапты министрлік қайта құрылып, министр ауысты. Ермек Маржықпаев – үлкен спортта ұзақ жыл өнер көрсетіп, табысқа жеткен азамат. Яғни бұқаралық спортты ілгерілетудің жолын біледі, спортшыларды қолдап, жетістікке жетуге ынталандыра алады. Мұның нәтижесін Париж төрінде көретін боламыз.

ҮШІНШІ РЕТ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Расында, Франция жазғы Олим­пиада ойынын үшінші рет өткізеді. 1900 жылы алғаш рет Парижде өткені белгілі. Сол турнирге әйел спортшылар алғаш рет қатысты. Екінші рет 1924 жылы қабылдады. Бұл кезде Олимпиада қозғалысы­ның бастамашысы француз Пьер де Кубертен жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Арада бір ғасыр өткенде Пьердің рухына тағзым ету мақсатында Париж үшінші рет Олимпиаданы қабылдайды.
26 шілдеде ашылу салтанаты ой­ындар тарихында бірінші рет негізгі олимпиадалық стадионда емес, одан тыс жерде өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылардан 200-ден астам делегация қатысады. Олар Сена өзенінде 160 қайықпен жүзіп өтеді (Аустерлиц пен Йена көпірі арасында шамамен 6 шақырым). Йена көпірінен спортшылар Олимпиада алауын жағу рәсімі өтетін Трокадеро алаңына бет алады. Ашылу салтанатын 600 мыңға жуық адам тамашалайды. Париж Олимпиадасының бірінші ерекшелігі – осы. Екіншіден, негізгі жарыстар Парижде өтсе, сондай-ақ Ле-Иве­лин, Сена және Марна, О-де-Сен және Сена-Сен-Денис аумағында да жарыстар өтеді. Версальда ат спорты мен веложарыс басталады. Бордо, Нант, Лион, Сент-Этьен, Ницца және Марсельдегі стадионда футболшылар сынға түседі. Су спорты – серфингтен жарыстар Тынық мұхитының оңтүс­тік бөлігінде орналасқан Франция­ның тәуелді аймағы Полинезия мен Таитиде өтеді. Бұл – ойын тарихында­ғы ұйымдастырушы қаладан ең алыс орын.
Олимпиада ойынына 206 мем­лекет қатысуға өтініш білдірді. Ресей мен Беларусь спортшылары бейтарап статуспен қатысуға мүм­кіндік алды. Одан бөлек, бос­қындар олимпиадалық құрамасы қатысады. Олимпиадашылар алғаш рет брейкингтен (көшедегі спорт биі) жарысады. Екінші рет серфинг, скейтбординг және спорт альпиниз­мінен мықтылар анықталады.

КӨШПЕНДІЛЕР АТҚА ҚОНАДЫ

Әрине, Олимпиада ойынындай танымал болмаса да, көшпенді салтты ұстанған мемлекеттер үшін басты спорт мерекесінің бірі – көшпенділер ойыны. 2014 жылы Қырғызстан­ның Шолпан-Ата қаласында бастау алған байрақты бәсекені 2022 жылы Түркияның Изник шаһары қабылдады. Ендігі кезек – Астанада.
Бұған дейін Қырғыз елі Ыстық­көлдің жағалауында, Түркия Изник көлінің жағасында кең далада өткізіп, табиғаты әсем жерлерін насихаттап, туристік әлеуетін дәріптеді. Бұл жолғы көшпенділер ойыны Олимпиада қозғалысы сынды бір қалада өтіп, жаңа форматқа көшіп, жаңа деңгейге көтеріледі.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, 8-14 қыркүйекте «Астана Аренада» жарыстың ашылу және жабылу салтанатын тамашалаймыз. Ойынның негізгі бөлігі «Қазанат» ип-подромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және «Астана Аренада» өтеді. «Думан» қонақүйінің конференц-залында тоғыз¬құмалақ сынды ойындар ұйым-дастырылады.
– Жарысқа келетін қонақтарда Көкшетаудың, Бурабайдың табиғатын тамашалау мүмкіндігі болады. Одан бөлек, Ұлы дала жорығын жарыс­қа қосып отырмыз. Астанадан 400 шақырым қашықтықта орналасқан Ботай қонысын насихаттаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Ботай мәде­ниетін жасаған тайпалар жылқыны алғаш қолға үйретті. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденді, – дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.
Көшпенділер ойынының бағдар­ламасына 20 спорт түрі енді. Оның 10-ы – түркі халықтарына ортақ ресми бекітілген ойындар. Өзгесі – өзара ұқсас ұлттық ойындар мен әр елдің өзінде ғана бар спорт түрі. Мысалы, күрестің бес түрі: қазақ күресі, өзбектің курашы, қырғыздың алышы, түріктің аба күресі, корейдің ұлттық күресі бар. Интеллектуалды ойындардан тоғызқұмалақ, түріктің мангаласы, Африка елінің вари ұлттық ойынынан спортшылар сынға түседі.

P.S: Қысқасы, биыл эмоцияға толы спорт аламаны көптеп өтеді. Біздің саңлақтар жеңістің жолын жаңылмай тапса болғаны!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


16 сәуір 2024 ж. 412 0