№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұйғыр атаның ұлағаты

Ұйғыр атаның ұлағаты


Бұл отбасының Құлжадан қазақ жеріне қоныс аударғанына да алпыс жалдан асыпты. Қытай Халық республикасының саяси қаруы болған Қытай коммунистік партиясының тегеуріні қарауындағы тұтас халқының мақсат-мүддесі дегенді аттап өтіп, өз ықпалынан шығармауға темірдей тәртіп орнатуынан арғы бетте қаншама бауырларымыз өкініш пен құсаны арқалап, тағдырдың дегеніне көндігуге тырысып келеді. Десе де тар қыспақта талай мінездінің мойынға түскен бұғауды шорт үзіп, тәуекелге тас жұтатын қайсарлығына да тарих куә. Алпысыншы жылдары атамекені Құлжаны тастап шығып, Төменарықтың сол кездегі №3 фермасына келіп қоныстанған ұйғыр ұлтының өкілі – Әбдрашит көкеміз осындай тағдырдың иесі еді.


Мына суретте анасы Тохтагүлдің қолында бұртиып тұрған бүлдіршін, осы кісінің сүйікті ұлы Ташманаптың үш-төрт жасар кезі. Келген бетте осы мекенге табан тіреген ұйғыр отбасы келесі күннен бастап жер шұқып, дән егуге кіріскен. Төменарықтың «Коммунизм» деп аталатын бө­лімшесі, қазіргі Қожамберді ауылының топырағы ерекше құнарлы екен, бірақ қадірін біліп, қажетіне жаратпаған соң мұны ел қайдан білсін? Абрашит көкеміздің алғашқы күннен ауылдың адамдарын аң-таң етіп, ешкімге қарамай, айнала басып кеткен қара шеңгелді шауып, жер аршып, тың топыраққа жағалай дән тастай берген еңбегі далаға кетпеді. Жаз шыға қылтиып бой көтерген қалың көкөріс, бұл ел өмірі көріп-білмеген қызанақ-қиярдың түйнектері, ауыл ажарын жарқыратып басын иген сап-сары күнбағыстың көркі көңілдерге шырайлы шуақ құйып, ауыл тұрғындарының қара кетпеннің қажырлы иесіне ерекше құрметін арттырды.
Диқандықтың қыр-сырына қызыққан көршісі Шәзінда бірінші келіп қосылды қатарына. Бұған дейін төрт тұяқтымен ғана әуре болып, мимырт тірлік кешкен ауылдың өңі кіріп, дастарқа­ны түрленді. Махат, Жолан көкелеріміз бала-шағасымен берекелі кәсіпке бел буып, басы бүтін егіншілікке кірісті.
Ауыл-елдің таңдайына таңсық нешеме көкөніс пен жемістің дәмін алғаш татырған бұл көкеміз бала болсам да менің есімде қалып қойыпты. Олардың үйлері ауылдың қақ ортасындағы мектепке бұрылар тұста еді. Ары-бері өткенде бізге дауысы қырылдап, қатал естілетін дәу қара шал ұрсып жатқандай көріне ме, қол жетер жерде басы иілген жемісті жұлып жеуге қаймығып, үй жағынан қорқып өтетінбіз. Шал дегенде ол кісінің жасы көп болса елу-алпыстың о жақ, бұ жағы шығар-ау, қазір оның ұлы Ташманаптың өзі алпыстан асып кетіпті. Біз де ізінен қапталдасып келеді екенбіз. Сол күндердің елесін жаңғыртып, елдік өз алдына, еңбектің құдіретін бір екшеп, өткенді еске алуды ниет етіп, сенбі күні Қожамберді ауылын бетке алдық. Жақсының өзі өмірден кеткенмен көзі бар, қадіріне жеткендер бір-бірімізді бағалап, мерейімізді асыра білмесек, несіне жер басып тірі жүрміз?
Абдрашитұлы Ташманап бүгінде Қожамберді ауылдық клубының меңгерушісі. Оның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына ширек ғасыр. Ауылдық клуб үйі алпысыншы жылдары салынған, яғни оқушы кезімізде ағаш орындықтарында қаздай тізіліп отырып кино көрген, сахнасын шаңдатып би билеп, скетч құрып, өзіміз де ән айтқан аяулы мекеніміз, мәпелеп күтіп ұстаудың арқасында еңсесі түспей асқақ тұр. Ісіне ұсынықты басшы қайбір жылдары мәдениет үйінің төменгі кесегін кертіп, фундаментін биіктетіп, жамап-жасқап жаңа үй тәрізді етіп қойыпты. Ал ауласын жағалай тал-терекпен көмкеріп, сәндеп ұстау бағбанның баласына түк емес екенін өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз.
Ташманап Абдрашитұлымен әңгімеміз мұңлылау сабақталарын өзім де сезгенмін. Әкесі ертерек дүние салды, анасы Тохтагұл апа тоқсан жастан аса ғұмыр кешіп, немерелерінің қызығын көрді. Көңілге тоқ санарымыз, тамырын тереңге жіберген бәйтеректің сабағы нық, жапырағы аман. Жалғыздың жары – Құдай деген, кандастан кенде болса да ықыластан кемдік көрмеген, қазақ елін бауыр тұтып келіп, барымен бөліскен отбасының бүгінгі арқасүйері – Ташманап ағамыз өткен күндер туралы былай сыр шертеді:
– Ол кезде екі жастамын, сонда да Құлжада тұрған үйіміз, есік алдында ағып жататын өзен есімде. Әкем менің көп жанұяның басын біріктіріп, егін салдырып, қоймасын астыққа толтырып қояды екен. Қытай үкіметінің елде еңсе көтеріп, өзінше тірлік қылып, дәулет арттырғанды қара тізімге ала бастауы, солардың қатарында әкемді де «бай, құлақ» санап тірлігіне тұсау салуы жанына қатты тиген болуы керек, қысымға қарсылық ретінде қазақ жеріне өтіп кетуді ұйғарыпты. Мал-дүние, мүлкінен бір нәрсе де алмады, өзімен бірге бір түйіншек ұрық алып өтіпті осы жаққа. Әкем бізге «нандарың – қара жерде» дейтін. Әкеміздің диқангершілігін көрген басшылық ол кісіге еңбек қолын қосып беріп, келер жылы Сунақатаның маңына күріш екті. Көкем мені жанынан тастамайтын. Осы жерде қызыл жалауы желбіреген ақ там болатын.Солдаттар келіп орналасып, осы маңға жағалай үй салуға кірісті. Анам соларға аспаз ретінде қолда барды ұқсатып, нешетүрлі тамақ істеп беретін. Ет жоқ демей пияздан істейтін бу наны, жас жоңышқа салып пісіретін тұшпарасы ерекше дәмді болатын. Жергілікті халық та әрі тәтті, әрі пайдалы дәмді үйреніп алып, күні бүгінге дейін пайдаланып келеді.
Көкемнің қасында бір кәріс диқан болатын, есімін ұмыттым, сол кісінің Маша, Шура деген қыздарымен ойнап өстім. Каналдың көзін аршитын тракторшылар да айлап жататын мұнда. Ауылға қайтарда басында аппақ гүлі бар кеуіл деген гүлді жинап, апарып берсем, Патыгүл әпшем қуанып қалатын.
Осы ауылдан төрт-бес шақырымдай жерде «Жалғыз жиде», «Тоғыз тал» деген жерді таңдап егіс екті әкем. Ауылдағы балаларды отаққа апарып, қандай ақшадан екенін білмеймін, бір сомнан, үш сомнан таратып беретін. Төменарық аймағында да құнарлы жерлерге егіс екті.
Әке жолымен барлығымыз да бағбандықты меңгердік. Десе де менің бағытым басқашалау болды, - дейді ол. Онжылдықтан соң қатарластарымен әскер қатарына барып келген соң өздігінше білім алуға тырысқан. Әкесі жарықтық бала жетектеп оқу іздеген адам емес. Бұл өзінше ізденіп, Түркістан қаласына келіп техникумға оқуға түседі. Оны үздік аяқтап фотограф болып шығады. Төменарықтағы быткомбинатқа жұмысқа тұрады. Совхоздың кеңсесін безендіру, плакаттар шығарудан бөлек халықты жас жұбайлардың шақыруы, отбасылық альбом жасау мәдениетіне баулиды. Ташкентке барып музыкалық аппаратура алып кеп осы аймақтағы елді мекендердің тойларының жаңаша өтуін ұйымдастыруға көшеді. Бұл жігіттің сол кезде танымал болып аты шыққаны біздің де есімізде. Өз ауылынан бөлек Төменарық, Сунақатаға да барып дискотека ұйымдастырады. Бір жаңа өлең шықса, жастардың бәрі соған билейді. Олардың басын тоғыстырып бір арман, бір мақсатқа жетелейтін де сол өнерге деген ынтызарлық екен ғой. Қазір ән көп, ырғақ та көп, бірақ талғам жоқ, сосын да өнерге деген қызығушылық кеміп барады. Жастар баяғыдай би кешінде бас қоспайды, әркім өз әлемінде нені таңдарын білмей, адасып жүр, дейді ол.
Ташманаптың бала кезінен техникаға құмарлығы өсе келе өнертапқыштыққа ұласты. Осы бейімі сексенінші жылдардан кейін мектептер жанында ашылған «Жас техниктер» клубына жетелеп әкелді. Төрт жыл осы үйірмеге жетекшілік еткенде шәкірттері облыстық, республикалық сайыстарда үнемі бірінші орынды иеленіпті. Өйткені бұлар байқауға дайын макетті апарып көзбояушылық жасаудан аулақ, барлығын түбірінен өздері жасап, нақты нәтижесімен барады екен. Кейін ол үйірме жабылып қалыпты. Осы бағытты бүгін де жандандырып, ауыл клубынан ашуға жағдай жасалса, жас өскіндер заманауи озық технологияны меңгеріп, ата-анаға көп көмек болар еді-ау, - дейді ол.
– Отбасында әке жолын жалғаған кімді ерекше атар едіңіз? – деген сауал қойдым сұхбаттасыма.
Атакәсібін жалғаған нағыз мұрагері ретінде өкшесін басып келе жатқан інісінің есімін атады. Бауыржанның өзі қолмен өсіріп отырған алма бауы бар екен. Есік алды шаруашылығында құс өсіруді де қолға алыпты. Одан кейінгі інісі Бақытжан аудандық орман шаруашылығының осы өңірдегі өкілі. Оның да жеке егістік жерлерінің бар екенін айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындары бұзылған техника, электроника атаулыны жөндету үшін ешқайда сабылмай тура осы отбасына бұрылады. Абдрашитовтердің барлығы дерлік табиғат өзі он саусағына өнер дарытқан шеберлігімен көпке танымал.
2014 жылдан бастап ауылдық клубтар кәсіпорын болып құрылып, ауыл әкімдіктеріне берілгені белгілі Осы кезден бастап ауыл клубын басқаруды қолға алған Ташманап Абдрашитов мәдениет жұмысына жаңаша серпін беруге ұмтылды. Ел ішінен жас таланттар есімін тауып, бағын ашуда табанды жұмыс атқарды. Тәрбиелеген шәкірттері осы саланың айналасында бірі ұстаздық етіп, бірі өнердегі карьерасын жалғап биіктен табылса, соған мерейі өсіп қуанып отырады. Мәдениет үйінің гитара үйірмесінде шыңдалған жас талант Тілеухан Нұрислам республикалық байқауларда топ жарып, аудан атын алысқа танытып жүр. Жақында жас өренді аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы арнайы қабылдап, жаңа заманауи гитара аспабын тарту етті.
Бүгінгі күндері ауыл клубында «Адал адам» мәдени-тәрбиелік орталығының ұйымдастыруымен жоспарлы шаралар қызу ұйымдастырылып келеді екен. Мақсаты жас өренді бала кезінен тазалыққа, адамгершілікке, ізгілікке, ең бастысы, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бағдарлама көп көңілінен шығып отыр.

Кезінде құжаты дұрыс болмай, бергі бетке өте алмай қалған бауырлары - Әбдірейім, Әбілақат бірі Ташкентке, бірі Түркістанға қоныстанған екен. Олардың бала-шағасымен қатысып тұрады екен. Ташкентте әкесінің қарындасы да бар. Арғы бетте қалған ағайынмен де кейін араласуға мүмкіндік туыпты. Қытай өкіметінің құжатқа ұсынықтылығының белгісі, әкесінің атында тұрған үш құжыра әлі сол құжатпен тұр екен. Сонда тұрып жатқан туыстары «үйді атымызға аударып алайық деп едік, келіп келісімге қол қойып кетсеңші» деп шақырып жатыр екен мұны. «Ойбай, айналайын, тұра беріңдер, менің еш дауым жоқ» деп барудан бас тартыпты бұл. Барса қайтып өте алмай қалатындай аяғы тартпайды.

Бұл жақта өсіп-өніп жатқан кейіпкеріміздің алты перзенті бар. Бес қызы тұрмыста. Ұлы Абдіқадыр өзінің жолын қуған мәдениет саласының маманы. Әзірге Астанада кәсіп қылып жүр. Үйленіп, екі немере сүйдіріп отыр. Ал өзі Әмина екеуінің әке алақанының табы қалған бұл ауылдың топырағынан табан аударғысы жоқ. Перзенттері де түбі ауылға оралып, төл мамандығына қауышса деген тілегі бар екен.
Бүгінгі кейіпкерімізді «Адал адамның» нағыз эталоны дегізерлік төмендегі ерекшелігі биіктете түскендей болды. Әке жолымен қолынан келсе айналасына көмектесуге дайын тұратын оның досы көп. Табиғатынан аңғарымпаз, кімнің қандай оймен келіп, қайда барып тоқтайтынын танып тұратын қабілетке ие, ақиқатын айтып, тура жолмен жүргенді жаны сүйеді.
Өмірден бір ұққаны, Жаратқан Ие күннің жарығын жер бетінің барлығына бірдей түсіріп, барлық жерге ырзықы-несібесін төгіп қойған. Ендеше, әркім өздеріне осыншалық кеңшілікпен берілген ғажайып өмірдің қадірін біліп, бірін-бірі құрметтеуі керек.
Бұлардың бойына сіңіріп кеткен әке ұлағаты осындай еді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 ақпан 2024 ж. 435 0