№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Достық дәнекері


Ол біз тұратын шағын ауылдағы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі еді.

Бейкүнә балақанның қолына қа­лам ұстатып, ғажайып білімге көзін ашатын алғашқы ұстаз тәлімгерлікке жанымен, тәнімен, қанымен берілгенде бойындағы бүкіл ықыласы, ынтасы, мейірі, махаббаты көкөрімнің зердесін ашып,күйтақандай жүрегінен жылы орын табары рас та, өйткені періште көңілі де аяулы жанға алаңсыз беріліп, аузын ашып, көзін жұмып, қарсы алдында күлімсіреп тұрған перизат болмыстың сиқырлы табиғатына тартыла береді, тартыла береді.
Мұқым ауылдың маңдайына басқан мұғалима ұйғыр қызы – Пәтігүл апай осындай қасиеттің иесі еді.
Пәтігүл апайын шәкірттері өз ана­сынан артық демей-ақ қояйық, әй бірақ бір мысқал да кем көрмейді-ау. Тіпті сыныпта отырып, күтуге тағат таппай, алдынан жүгіріп шығып, ауладан қарсы алатын. Қай бұрын жеткені қолынан ұстап, қалғандары етегіне оратылып жатса да апайы қабақ шытпайды. Бала біткеннің сүйіспеншілігіне бөленген ұстаз шәкірттерінің жүзіне кезек-кезек жалтақтап, әр баланың қабағын үнсіз бағады. Аядай ғана ауылдағы әр жанұяның жағдайы алақандағыдай анық. Бірінің күлкісі кеміп, жүзі жабырқаңқы тартса мұның жүрегі ауырады. Өздері дегенде апайының аппақ көңілін бүл­діршіндері де біледі. Тіпті бауыр басып кеткендігі сондай онсыз олардың халі не боларын көзге елестету мүмкін еместей.
Бұл  сыныпта менен бес жас кішілігі бар інім оқитын. Шынайы тәрбиенің құдіреті сондай, өбектеуі өтіп, еркелігі шектен шыққан шолжаң інім бірінші сыныптың алғашқы айында-ақ сабасына түсіп, санасы кірді.
Тілазар баланың болсын маңдайынан шертпейтін. Небір қырсық мінездінің қыбын тауып, баласындай еркелетеді. Жазатайым бұзықтық жасап қоя­тындарға жайлап қана тәлімді мы­салдармен ақыл айтқанда бала тұрмақ өзің елжіреп кетесің. Өйткені Пәтігүл апай ақыл-кеңесін құрғақ сөзбен емес, өмірдің өзінен түйген өнегемен өрнектейді, бірде күлімсіреп, бірде сүйріктей  саусақтарымен кірпік ұшына ілінген мөлдір жасты сілкіп қойып тебіреніп жеткізеді. Жетелі сөздің мысы жеген таяқтан да ауыр келеді.
Пәтігүл апайдың сабақтан тыс уақытта әңгімелейтін небір қиял-ғажайып ертегі, аңыздарынан көңілге түйгенін інім тілі жеткенше бізге айтып береді. Былдырлап сөзін бастағаннанбадырақ көзі жыпық-жыпық етіп, жанары боталап шыға келеді. Жүректен шыққан жүрекке жетеді, апайының бойындағы мейірім мен адамгершілік аумай-төкпей көкөрімнің көңіліне ұя салып, сәби санаға егілген сол ұлы сезімнің ұрығын осы күні жігіт ағасы болған інімнің бойынан көре қалсам жүрегім елжіреп, алғашқы ұстаз тәрбиесінің құдіретіне еріксіз басымды иемін.
Сол жылдың қысында Өзбекстан жақтан келген құдалық рәсімін жазға қалдыруға мұрсат сұраған ару «оқу жылын аяқтамай шәкірттерімді тас­тап кете алмаймын ғой» деп қи­налған. Дәп бір анасы осы ауылдың қарадомалақтарына бола туып бер­гендей, ертеден кешке дейін мектептен шықпайтын мұғалима қыз. Сонымен не керек, оқу жылын аяқтап, 79 жылдың жазында шәкірттерінің маңдайынан бір-бір сүйіп, мейірлене қоштасқан Пәтігүл апайымызды ел болып келешек құтты ұясына қимай-қимай шығарып салған едік.

***

Ата-анасы Абдрашит пен Тоқтыгүл Әлімжан әулеті 1963 жылы өздері тұрып жатқан Қытайдың Құржа ауданына қарасты Нағыршы деген мекенінен біздің елге ауа көшуіне сол кездегі Кеңес үкіметімен осындай келісім себеп болыпты.
Ол жақта да бірге тұрып жатқан жүздеген қазақ, ұйғыр отбасылары тілі де, діні де бөлек мемлекеттің бұғауынан босап, бір күнде атамекенге бет бұрғандарының рас-өтірігіне сене алмай, қазақ топырағының бұйырған жеріне қазығын шаншып, шаңырағын тігіп, ашаршылықта босып кеткен атажұрттың топырағына тәу еттірген тағдырларына тәубесінен жаңылмапты.

Әбдірашит Әлімжанұлы отбасымен тоқтаған Жаңақорған ауданы, Төменарық кеңшарына қарасты "Коммунизм" бөлімшесінде (қазіргі Қожамберді ауылы) ол кезде 150-200-дей ғана отбасы бар еді. Қамкөңілге құшағын ашып қақ ортасынан орын берген ауыл халқының көмегімен баспанасын тұрғызып, барақатты тірлік бастаған бұл жанұя осында түтін түтетіп, өсіп-өніп отырған тұтас ағайынның бір адамына айналып кеткен.

Кісінің өлшеулі өмірін мән мен мазмұнға кенелтетін бәрінен бұрын көңілдің сыйластығы. Жағалай елдің жан жылуын сезініп, қалтқысыз құрметінің қадіріне жете білгенге басқа түскен қиыншылық та, сын да, тауқымет те түк емес. Қара суды қайғысыз ішкен әр күнің қымбат. Алақандай ауылдың ақжүрек адамдары оларға осыны ұқтырды. Бір әттеген-айы, қарап отырса, қара талдан басқа көк атаулыдан жұрдай айтақыр ауылда көзге іліп алар ешнәрсе жоқ, тек қол созым жерде Көккесененің көмкерілген күмбезі жұмбақ сырды жасырып жылт-жылт етеді.

Жанын күтіп, жайбарақат отыру деген жоқ, қайрат қылып, қарекет еткенді қара жер де құр тастамайтынын бала кезден табан ақы, маңдай терімен дәлелдеп келе жатқан бейнетқор жігіт алғашқы күннен жеңді сыбанып, огород салуға кіріскен. Ол кезде ауыл адамдарына мұндай тірлік жат, құп көріп, қостай кеткен ешкім болмады. Мұнша жан қинап, тырбанғанда оны жейтін адам табыла ма деп көрмеген асты көзге ілмеген не сән. Сонымен, жарқырап жаз келіп, көкөністің алды пісе бастаған уақытта қауын-қарбыздан бөлек ел бұрын дәмін де татып көрмеген қызанақ, көк пияз, қияр сынды таңсық ас бұл отбасының бала-шағасынан артылып, ауыл-үйді дастарханының дәулетін тасытты. Елді мекеннің іргесінен кесіп өтіп жатқан канал суы бұрып алса ауылдың бәріне жетеді. Әшейін күрек ұстап, көзін таппағаннан ақ топырақтың үстінде аунап-қунап аман-есен жүріп жатқандар енді жағалай үйінің жанына тал егіп, жасыл желекке айналдыруға болатынына көздері анық жетіп, іске бірсін-бірсін бет бұра бастаған.

Міне, жақсыдан – ғибрат деген осы.
Ол кезде баламыз ғой. Мектептің дәл жанында тұратын бұл отбасының біз үшін тыныс-тіршілігі таңсық, еңбеккештігі ерек, жесең тіл үйіретін ас-ауқатының дәмі де бөлек. Отанасы Тоқтыгүл апа елде жоқ дәмді даярлайды. Лағман созады, арасына пияз қосып буға нан пісіретіні бар. Мектептің терезесінен қарап отырамыз ғой. Ол кісі күн сайын екі самаурынды қатар қайнатады. Сосын ары-бері өткендерді дәмге шақырып, қолын бұлғап тұрғаны. Анадайда автобустан газет-журналын арқалап түсіп жататын пошташың да, кітапханашы апа да, сабақтың арасында бос отырған апайлар да есік алдына кең жайылған текемет үстіндегі дөңгелек жозыны жағалай жайғасып, шай ішіп мәре-сәре. Қазіргідей молшылық емес, қол қысқа, тапшылау заман ғой, бірақ бар, жоқ болса да бар. Сөйтсек, пейілдің кеңдігі жоққа да береке дарытып қояды екен ғой.
Бір сүйсінерлігі, тұтас ауылдың тәртібін тырп еткізбей ұстап отыратын Мүсілім, Тұрлыбек, Әшімхан, Тойлыбек, Оңғарбай сынды қариялар елде бірде-бір шаңырақты шыр шығармай, телі мен тентекті өздері тезге салып отыратын. Қазіргідей бей-берекет ажырасу, арақ ішу, төбелесу деген жоқ.Шал-кемпірдің  күнұзақ ораза тұтып, кеш сайын әр үйде бас қосып ауыз ашатын үрдістері де көз алдымызда қалыпты.
Бірінің үйінен бірі кезек-кезек ас ішіп, ал жандарында жалаң бұт жортып жүретін балалары болса ұйықтап қалған үйінде тырп етпей қонып, сол үйдің баласымен бірге жатып, бірге өретін жарасымды жақындық бір бүтін ынтымаққа айналып, ырыс-несібеге негіз қалап келіпті.
Бар ағайыны арғы бетте қалып, жалғыз үй жаңа ортада тірлік бастаған бұл жанұя осы жылдар ауыл адамдарына ажырамастай бауыр басқан. Арада біраз өткенде Қырғызстанға қоныс тепкен бір ағайындары бұларды іздеп келіп, өздерінің тұрып жатқан түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді мекендеген  жағдайларының жақсы екенін айтып, сол жаққа қоныс аударуға ұсыныс білдірген. "Қайда кетпексің, – деген сонда ауыл үлкендері. Көшіп кетсеңдер ауылымыздың ортасы үңірейіп қалмай ма? Біз саған тұтқа болуға жарамай жүрміз бе? Ренжіткен жеріміз жоқ еді ғой" деп бәрі қарсы болды. Көшейін деп отырған да Әбекең жоқ тұғын. Ой-тілегі бір, қуаныш-мұңы ортақ, ауылдың арқасүйерлері Жолшы, Әбше, Мүсілім, Ақбай, Нұрсейіт сынды атпал ерлермен тонның ішкі бауындай араласып, туыстан ары болып кеткен бұл ағамыз үшін әсіресе Бекболат құрдасының орны бөлек болыпты. Қай жерде де әділін айтатын, турашыл, алға қойған талабынан танбайтын осы азаматты хан тұтып, қадірлегені соншалықты қартайған шағында балаларына өзінен бұрын өмірден өткен Бекболат құрдасының жанына жерлеуді аманат етіп кетіпті. Бұдан артық қандай достық болу керек?
Өзі көзі жұмылғанша осы ғибратын балаларына өсиет қып қолдарынан келгенше осы елге адал еңбек етуді, жабыққанның жанынан табылуды, жәрдемін аямауды насихаттаудан танбады.
Әке өсиетіне адал перзенттері шаңырақтың шырағын маздатып, ата-ана ғибратының сабақтастығын үзбей  хал-қадірінше ауыл халқына қызмет көрсетіп келеді.
Әбдрашитовтер әулеті елдің қо­лын­дағы техникалық бұйымдарын жөндеп беретін ұсталығымен танымал. Жанұяның үлкен ұлы Ташманап ауылдық клуб үйінің меңгерушісі. Ташманаптың ұлы да әке жолын қуған, өнер жағынан келешегінен үміт күттіреді.
Абдрашитұлы Бауыржан мен Бақыт­жанның жеке кәсіпкерліктері бар. Баяғы қараорында Ташманаптың өзі отыр. Ал әңгіме басында тоқталып өткен осы үйдің аяулы қызы – Пәтігүл апайымыз болса Ташкентте білім саласында 25 жыл қызмет атқарған, бес баланың анасы атаныпты. Бүгінде зейнеттік демалыста, Ері өмірден озған соң қайнылары жанына Қызылорда қаласына келіп тұрып жатыр екен.

***

Мен бұл жайдың барлығына кеше, балалық шағым өткен ауылға барып, осы отбасында болғанымда толық көз жеткіздім. Біздің бұл ауылдан көшіп кеткенімізге де қырық жылға жуықтапты. Сол кезде сұңғақ бойлы, аққұба келген, қолынан келмейтіні жоқ Әбдірашит Жәкеміздің көрікті келіншегі Тоқтыгүл апа бұл күні жарық өмірде жоқ. Жасы  тоқсаннан асып, көз жұмды.
– Бүгінде көп адамдардың жұмысы көбейген бе, бір-бірінің есігін ашпайтын болды, – деп қынжылады апаның бүкіл тәлім-тәрбиесін алып, орнын күзетіп отырған келіні.
«Енді біздің басынан бақ ұшырмаған аяулы достығымызды, ынтымақ-бірлігімізді соңымыздан ерген ұрпақ жалғастырса екен» деген аналық тілегін жеткізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 мамыр 2022 ж. 791 0