Дәстүрге беріктік – сенімді келешегіңнің нық кепілі
Дәстүрге беріктік – сенімді келешегіңнің нық кепілі. Оған құрмет танытып, көздің қарашығындай сақтасаң ол сенің баянды өміріңе мықты қорған бола алады. Қазірде жастар арасында ажырасушылық көбейді, ардан аттап, адал некеге жауапсыздық таныту, сүйдім-күйдім деп қосылған жандардың бір-бірінің көңілін жығып, арасын үзіп кете салуы оп-оңай болып қалды. Екі ортада жетім балалардың саны артып, толыққанды емес отбасында тәрбиеленген ұл-қыздар проблемасы күрделеніп барады.
Бұған не себеп? Бұған алдымен ата-ананың үлгісі себеп. Бүгінгі ата-ана жасы келсе де жасарып, желөкпеленіп барады. Ондай бол, мұндай бол деп балаларына ақыл айтқанды жақсы көреді, бірақ өнегенің өзегін өз өмірінен беріп жатқанын сезінбейді. «Күйеуіңді сыйла, тіл табысып, жақсы өмір сүр» дейді. Бірақ өзінің жеке басы өмір образы насихат-өсиетімен мүлде үйлеспейтін болса оның сөзі қалай өтімді болмақ? Осының барлығының астарында именгершілік жетіспейтіні жатқан жоқ па? Құдірет адамды жаратқанда жан мен қан берді, ал иман әркімге жергөгінде жатқаннан ана сүтінің қасиетімен сіңіп, есейе келе айналасынан алған, көрген-білген, санаға сінген ақиқат арқылы арнасын кеңітіп, иесін кемелдендіре түссе керек. Иманды берік бойға қалыптастыратын көкөрімнің көзсіз көбелектей күн жарықта жолынан жаңылып, қанатын отқа күйдіруінің жазығын өзінен бұрын ата-анасының тартарының астарында осындай сыр жатыр. Адамды заман тәрбиелейді екен. Заманның сұсы қаншалықты қатал, сыны ауыр, сабағы қатал болған сайын адам шіркін тастай ширығып, тағдырдың салмағына төтеп беруде ақыл мен айла біріктіріп, бір адамның баласындай бауыр болуға қадам жасамақ. Қаяулы көңілдің жарасын солайша емдеп, ертеңге үміітін үрлеп, өмірдің мағынасын ажарландыра түспек.
Бүгінде азат ел, ашық аспан астында әрбр ынталы тұлғаның табыс пен игіліктерге қол жеткізуіне жағдай жеткілікті. Көзін тапқан кемел дәулетті иеленіп,байлықтың мұхитында бақыттың кемесімен жүзіп жүр. Бірақ, бір құндылық – адамдар арасындағы мейіршапағат кеміп барады. Өйткені бұл аталмыш қадір-қасиет бәсекемен, мақтангершілікпен, менмендікпен бірге сыйыспайды. Оның мекені осы нығметтің барлығы Алланың меншігі, оның қалауымен ғана маған берілді, ол аманаты үшін оған есеп беремін дегенді мыйға берік қалыптастырып, қадам сайын тәубесінен жаңылмайтын пенденің ғана жүрегінде сақталады. Бір тәмсіл келтірейік. Туыс-туғанға үнемі қарасатын, солардың жағдайын ойлап, жақындарынан бір сәт қол үзбей, қамқарекетіне қарайласып тұратын қайырымды бір азамат бауырының жағдайын білмекке жолға шыққан екен. Оның алдынан Тәңірдің бұйрығымен адам кейпінде бір періште қарсы жолығып, жүрегін сынап көрмекке мынадай сұрақ қойыпты:«Ол бауырыңның күнкөрісі сенің қолыңа қарап тұрғанын сезініп, соның қарымтасына өзіңе құрақ ұшқан қошеметі мен құрметін көзбен көрмекке барамысың?» – дегенінде «Жоқ, мен қандай жәрдем жасасам да барша мүліктің егесі бір Алланың разылығы үшін атқарамын» деп жауап беріпті. Періштеге Алладан бір аян келді. «Сен оған айт, Алла одан разы». Мұны айтып отырған себебіміз ағайынға қамқор қолұшын созып жүрген ер-азаматтың қолын қағып, әдетінен жаңылдырып, «сенің жақсылығыңды біліп жатқан жоқ, несіне әуре боласың» деп қайырдан тыйып, Алланың разылығынан құр қалдырып жүретін төмен етектілерге бір сабақ болса дейміз. Әйел-аналарымызды жаратылысындағы нәзік те, қасиетті тұғырында танытатын бір тетік – иманда жатыр.
Отбасында имани тәрбие алған қыз баладан жаманшылық шықпайды. Өйткені иманды жан алдымен Құдайдан қорқады. Құдайдан қорыққан ешуақытта ардан аттамайды, обал, сауап, ар, ұят деген асыл қасиетті алға қойып, ана атына кір жуытпайды. Тәрбиенің тіні болып саналатын осы бір құндылықты қыз балаларымыздың бойына мектеп жасында қалыптастыру үшін білім ордалары басшылығы, ұстаздар ұжымы шешімді шараларды қолға алуы керек қой. Құдайшылығын айтсақ, біздің буынның осындай қасиет атаулыдан қатып айрылмай келе жатуының сыры шынайы ақиқатқа құлағы қанық өсуінде болса керек. Ой-сана түкпірінде оны бұзып өтуге болмайды деген ұлы сенімнің қамалы тұр. «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» дегендей, жастай берілген тағылымның қуаты зор, құдіреті бөлек, жас көкірекке жазылған насихат жадыдан өлгенше өшпейді. Бүгінде осы өнегемізді тәрк етіп, жауқазын тәрбиесінің тетігін телефонға беріп қойып, өзіміздің де бар ақылымыз сол сиқыр құралға таңылып, таңымыз атып, күніміз батып, асыл уақытымыздың текке жоғалып жатқанын түйсіне алар ма екенбіз? Бала тәрбиесі алдымен әйел-аналардың қолында. Ер азамат түзде бала-шағаны асыраудың қамында жүргенінде нәзік жандыларымыз отбасында өсіп-өніп жатқан ұл-қызының тәрбие тізгінін өзі ұстайды. Айтар сөзін, берер ақылын құрғақ жалаң емес, алдына дәмін ұсынып, тәттілеп отырып беретіндіктен олардың тағылымының әсері үлкен, бояуы қанық, отбасында да ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, ықпалының ерлерден үстем тұратындығы да содан. Осы мүмкіндікті адалына бұрып, аржағынан ойлап өлшеп- пішкен атқарған бейнетінің тек жақсылығына қауышары анық.
Ал теріс жағына қарай бұрамын десе, ол да әйелдің өз еркі. Бірақ, одан кім не ұтады? Кесірлі қылықтың жемісі де зәрлі. Халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген мәтел содан қалған. Менің ойымша, ару деген сөз аппақ, ар деген сөздердің қосындысынан шыққан бір асыл атау сынды. Қазақ аруының бойында адалдық та, ар тазалығы да қатар қабысып, қаһарман ұлттың негізін сақтап келгені анық. Осындай даралығымен, ақылдығымен, даналығымен тарихта есімі қалған аруларымыз қаншама!
Баян ҮСЕЙІНОВА