№36 (8747) 7

07 мамыр 2024 ж.

№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » » Білім сапасы: қайтсе, қалай көтеріледі?

Білім сапасы: қайтсе, қалай көтеріледі?

Елімізде ең ауқымды реформа «Білімді ұлт» идеясының негізі білім сапасын арттыру екені даусыз. Жаһандық өркениеттің көшіне ілесу үшін мектеп қабырғасында білім алып жатқан жасөрендер білім мен ғылым бәсекесіне қабілетті, озық технологиянының қыр-сырын меңгеруі маңызды. Еліміздің ертеңі, озық та, өркениетті елдер қатарына ілігуге екпін берер үкілі үміттеріміздің білім сапасы қандай? Соңғы үш жылда ҰБТ көрсеткіші бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп жүрген білім ордаларын қайтсек ілгерілетеміз? Телефонға телмірген балалардың тәртібі мен сабақ үлгерімін қалай жақсартамыз? Білім саласындағы өзекті мәселелерді тарқатқан кеңейтілген алқа отырысына модераторлық еткен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев бірқатар мектеп директорларына қатаң ескерту жасады.

ОҚУШЫ ЗЕЙІНІН БІЛІКТІ МАМАН ҒАНА АША АЛАДЫ
Ашығын айту керек, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аудан білім мекемелерінде білім сапасы сын көтермейді. Облыс бойынша ең соңғы орыннан көрінуіміздің өзі үлгілі аудан деген статусымызға сай келмейді. Үш жылдық білім сапасына мониторинг жасаған аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұрмаханбетова әр мектептің әлеуетіне жеке-жеке тоқталды. Аудан бойынша 43 мемлекеттік мектеп, 8 жеке мектеп білім беруде. Жалпы 18465 бала білім алып жатса, оның 3490-ы үздік, 5244-і жақсы, 727 оқушы орташа. Соңғы үш жылда білім сапасы күрт төмендегені байқалады. Тарқата айтсақ, 2021-2022 оқу жылында 4 мектеп, 2002- 2023 оқу жылында 2 мектеп, 2023-2024 оқу жылының бірінші тоқсанында 9 мектептің көрсеткіші көңілді көншітпеді. Мұны әдіскер Жанна Нұрмағанбетова да мәлімдеді. – Үш жылдағы білім сапасының мониторингі 16 мектептің көрсеткіші төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл пән мұғалімдерінің әр баламен жұмыс жасауда салғырттығын білдіреді. Халықаралық стандарттар негізінде жүргізіліп отырған оқу процестеріне ілесуді әрі нәтижелі дәріс берудің жолын қалыптастыру маңызды. Облыстағы үздік мектептердің оқытушы педагогтарымен тәжірибе алмасып, сабақ берудің тың тәсілдеріне мән беру керек-ақ, – деді әдіскер. Кеңейтілген алқа отырысында сын алған 16 мектептің ішінде педагог кадрлардың біліктілігі жоғары, бірақ шәкірттері төмен нәтиже көрсеткендер айтылды. Мәселен, ауданда мұғалімдердің 28 пайызы зерттеуші, 34 пайызы сарапшы, 38 пайызы модератор санатында. Тіпті кейбір мектептерде орташа есеппен шаққанда бес балаға бір педагогтан тиесілі болса да бала дарынын ашу өзекті мәселеге айналды. «Ұстазы мықты шәкірттің ұстанымы биік» десек, біліктілігі жоғары мұғалімдердің бала зейінін аша алмауы ойлантарлық мәселе. «Әр бала бір жұлдыз» деп, оқушының қарымқабілетіне терең бойлап, зеректігі мен зейінін білімге бұру бүгінгі педагогтың басты мақсаты. Санаты мен біліктілігін қағаз жүзінде ғана көтеріп ғана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп, дарынды балаларды даярлап жүргендер саусақпен санарлық. Аудан түлектерінің білім сапасы пән олимпиадасында да жақсы нәтиже көрсете алмады. Облыс көлемінде жүлделі орын алған оқушылар болмағанынан-ақ педагог еңбегіне баға беруге болады. Біздің ауданымыз осы жылға дейін ҰБТ көрсеткіші бойынша облыста үздіктер көшінде тұрды. Соңғы ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл – 80. Ал, шекті балл жинай алмағандар 3,4 пайызды құрады. Сондай-ақ, ҰБТ-ға қатысу пайызы төмен мектептер үлесі 16 пайыз, мамематикалық сауаттылық 9,5 пайыз төмендеді. ТӘРТІП ТҮЗЕЛМЕЙ ТІРЛІК ТІКТЕЛМЕЙДІ Бүгінгі жасөспірімдер ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан болар, еліміз әр баланың тұлғалық қалыптасуы мен қауіпсіз қоғамда жайлы өмір сүруіне ықпал етуде. Десе де, кейінгі жылдары отбасылық құндылықтардың арзандап, ұлттық тәрбиенің ақсағанын еріксіз мойындауға тура келеді. Әсіресе, ата-ананың қадірін білмейтін, сөзін тыңдамайтын жастардың заң шеңберінен шығатын әрекеттер жасауы тыйылмай тұр. Ауданда жаңа оқу жылы басталғалы қос бірдей жасөспірім өзіне қол салуының өзі оқушы, ата-ана және мектеп үштігінің әлсіздігін аңғартады. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақниет Мәдіхан баяндады. – Білім бөлімі мен жергілікті ішкі істер бөлімімен бірлескен жоспарлы іс-шаралар тұрақты жүруде. Түнгі рейттер, профилактикалық іс-шаралар барысында түнгі мезгілдерде мектеп оқушыларының заңды тұлғаларынсыз көшеде жүруі тиылмай тұр. Біз 51 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарымен, 65 педагог-психолог, 38 әлеуметтік педагог, 843 сынып жетекшілерімен бірге әр баланың қауіпсіздігі үшін жүйелі жұмыс жасап келеміз, – деп бастады сөзін әдіскер Ақниет Мәдіхан. Облыс бойынша ешбір ауданда тіркелмеген суицидтік оқиға біздің аудан төңірегінде ғана орын алуының сыры неде? Жеткіншектер тәрбиесін қайтсек жақсарта аламыз? Бұл сұрақтарға жауапты әдіскер өз зерделеу жұмысын жасап, мектеп жасындағы балалардың құқық бұзушылық жайын сөз етті. Жыл басынан бері түнгі мезгілде бейберекет жүрген 159 бала анықталыпты. Ал, соңғы үш жылда құқық бұзушылық факторымен 3 оқушы есепке алынған. Тарқата айтсақ, №51 мектептің бір оқушысы мен №3 мектеп интернатының 2 оқушысы ұсақ бұзақылық жасаған. Ал, соңғы 3 жылда аудан бойынша 3 оқушы өзіне қол салғаны анықталды. Білім бөлімінің жоспарында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін мәдени-спорттық іс-шаралар, үйірмелер, қосымша білім беру орталықтары үздіксіз жұмыс жасағаны байқалады. Баланың қабілетіне қарай 10112 оқушы түрлі үйірмелерге қабылданған, 16669 оқушыға қосымша білім берілген. Мектепішілік дебат сайысы, қолөнершілер байқауы, спорттық сайыстар өз мықтыларын анықтаған. «Оқуға құштар мектеп», «Тоғыз айға тоғыз іс шара» секілді ауқымды жұмыстар өткені айтылды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының ғимараттары заман талабына сай жасақталғаны баяндалды. Алдағы оқу жылында біздің ауданда 2 жайлы мектеп пайдалануға берілетінін және №54 мектептің 375 орындық жаңа ғимарат құрылысы жүретіні жайында сүйіншіледі. Жылыту маусымында ескі бу қазандықтарының жабдықтары жаңартылып, оқушылардың білім ұясының жылы болуы басты назарда болатынын жеткізді. Аудандағы 43 мектепте турникет, бейнебақылау камералары және дабыл белгісі толық орнатылғаны айтылды. ТӘРБИЕШІЛЕР ТАЛАПҚА САЙ МА? Біздің ауданда 3-6 жас арасындағы балақайлар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Мектепке дейінгі білім беріп отырған 115 балабақшаның 82-і жекеменшік. Жалпы, 5520 бала балабақшада тәлім алуда. Педагогикалық мәртебесін сөз етсек, 791 педагогтың 163-ында тиісті санаты жоқ. Тарқата айтсақ, 14 педагогсарапшы, 2 басшы-ұйымдастырушы бар. Яғни, балабақшамен қамтылу жоспарға сай болғанымен, педагог-кадрлардың біліктілік деңгейіне мән беретін кез келді. Аудан балабақшаларында тәлім беретін тәрбиеші-педагогтың 466-ы жоғары білімді, 106-ы арнаулы орта білімді. Осы маманның 93-і ғана балабақша мамандығына сәйкес келеді. Ал, 503-і мүлдем санатсыз мамандар қатарында. Шындығында мұндай сапалық деңгеймен балаларды мектепке қай дәрежеде даярлап жүрміз? Осы мәселені көтерген аудандық білім бөлімінің әдіскері Фатима Тұртанова мемлекеттік балабақшаларына арнайы мониторинг топ құрып, балалардың жайкүйін көзбенен көргенін алға тартады. – Балабақшаларда анықталған жағдайды сөз етсем, бірнеше балабақшаларда бейнебақылау жұмысы өз деңгейінде емес. Сондай-ақ, ауыз су кіргізу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау бойынша әр балабақшаға түсіндірме жұмысымызды жүргіздік. Біз коммиссия тарапынан байқаған кемшіліктерді айтып, оны түзету жолдарын түсіндіріп, ескертулер жасадық. Мұнан былай өрескел қателіктерге кешіріммен қарамаймыз, – деді ол. Кеңейтілген алқа отырысын қорытындылаған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев бірқатар ұсыныстарды қолдап, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жасаудың маңызын түсіндіріп, кемшілік жіберген мектептердің директорларына ескерту жасады. ТҮЙІН. Жасыратыны жоқ, білім саласында кеткен есеміздің орнын толтырып, ұлағатты ұрпақ қалыптасыруда жүйелі жұмыс қажет. Осы саланың тізгінін ұстағанына көп бола қоймаған Бекжан Есенбаевтың талабы – білім сапасын арттыру, баланың қауіпсіздігін сақтау және әр маман өз жауапкершілігін толық сезініп, жоспарлы жұмыс жасаса дейді. Кеңейтілген кеңесте талқыға түскен тақырыптар алдағы уақытта өз жемісін беріп, білім саласының көші ілгерілейтініне үміт арттық. Бастысы, айтылған сыннан сабақ алып, ел мүддесі жолында ойымыз бір арнада тоғысса, ұтарымыз көп болмақ.
03 қаңтар 2024 ж. 486 0