№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » “Ауыл баласын биік мінберден көргім келеді”

“Ауыл баласын биік мінберден көргім келеді”


Идеология – ұлттың болмысы. Бұл бағытта әдебиеттің маңызы қашанда жоғары екені тарихтан мәлім. Кез келген қарудан да қуатты СӨЗ деген құдырет бар. Жаратылыстың өзі сол сөзден бастау алды деген ұғым да тегін емес. Осы орайда өз аймағымыздағы сөз өнерінің өкілі, руханият жанашыры, ұстаз Батырхан Жоланов туралы жазуды жөн көрдік.


Батырханның бойына сөз киесі бала кезінде-ақ қонған тәрізді. Кітапты көп оқыпты. Бірақ кітапты оқу бір бөлек те, түйсініп, әсер алу бір бөлек екен. Бесінші сыныпта жүргенде оқыған Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысы» ұлы сезім боп ұшып келіп, балапан кеудеге ұя салды. Содан бастап әр-әр нәрсеге ойлы көзбен, мұңды көңілмен зер салатын болды. Сана-сезіміне әсер етіп, ғажайып әлемге жетелеген тағы бір дүние – Ілияс Есенберлиннің «Маңқыстау майданы» романы. Студенттер өмірі. Болашақ геологтардың бір-бірімен қарым-қатынасы, іс-әрекеттері, арман-қалаулары. Дәл осы кезеңде Қаратаудың баурайына геологтар келген болатын. Малшының баласы болғандықтан атқа мініп кең далада еркін өскен ұланға олардың қарекетін көз жазбай қадағалау да қиын емес еді. Тау ішіне ендеп қайрақтас іздеп ақ тер, көк тер боп жататын әлгілердің кішкентай балғаларымен тасты шағып, ішінен әр түрлі көлемде көк түсті минералды зат шықса қуанып жататыны есінде. Енді ойлап қараса ол «бирюза» деген асыл тас, әшекей бұйым ретінде ғана емес, магиялық және емдік қасиетімен тұмар қып қастерленетін бағалы тас екен. Қазірде кішкентай көзді сақинасының өзі құнды бағаланатын шығыс халықтарының аңызында бақыттың белгісі есептелетін бұл байлықтың көзі іргемізде жатқанын ол кезде жергілікті басшылық ескерді ме, ескермеді ме, жоқ бар уайымы, бар мұңы егін егіп, мал өсіріп, мемлекеттің ет-сүт тапсырмасын орындау қамымен мұнымен жұмысы болды ма, болмады ма, бізге беймәлім, ал балаларға ол тастан гөрі иен далада әйел – еркегі өріп, күні бойы тауды кеулеп, көк тас терген геолагтардың өмірі қызық. Олардың ағаш жақпай, қазан аспай, мосыға газ түтігін жалғап, көгілдір отынға тамақ пісіретіні де таңсық. Содан да Батырхан жиһангез болсам деп армандады. Қиялы оның көп оқуына, ізденуіне жол ашты. Маржан ойын мөлдіретіп төгіп, ақ қағазбен сырласты.
Бір күні жазған өлеңдерін аудандық «Коммунизм жолы» газетіне алып келді. Редактор Құдабай Ертаев екен. Содан бастап ауылға «ақын бала» атана бастады.
Өздері тұратын «Коммунизм» (қазіргі Қожамберді ауылы) №162 сегіз жылдық мектебінде оқып, одан әрі Төменарықтағы №53 А.Д.Романов атындағы орта мектепке қатынап оқыды. Арманы – журналист болу еді. Әскерден оралған соң Семейдегі Н.Крупская (қазіргі Шәкәрім) атындағы мемлекеттік пединститутына ағайыны Жақсыбай Сарбалаевтың шақыртуымен оқуға барып, «Қазақ тілі, әдебиеті» факультетіне оқуға түсті. Абайды тудырған топырақ зиялылықтан кенде болсын ба, жоғары оқу орнында Мәшһүр Жүсіп Көпейдің немересі – Нұржүсіп Көпейдің шәкірті болды. Бұған дейін өзі жастанып оқып жүрген «Құрдастар» кітабының авторы осы кісі екен.
Міне, осы оқу орнында жүргенде жас талап әдебиет теориясына тереңдеп барды. Өлең деген не? Өлеңнің ішкі құрылысы туралы кең түсінік алды, жыраулар поэзиясынан сусындады. Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет шығармаларын ғылыми тұрғыда зерттеп баға беруге машықтанды. «Заман-ай», «Бес ғасыр жырлайдыны» жан серігіне айналдырды.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Балаға мектеп бағдарламасын меңгерту бір басқа, бойында жылт еткен дарыны бардың талабын ұштап, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес.
Бұл еңбектері туралы өзі былай дейді:
– Тұтас еңбек жолым білім саласындағы шығармашылыққа бағытталып келеді. Ақындыққа талабы, жанарында оты бар шәкірттеріммен жеке жұмыс жасаймын. Таланттарды табуда аудандық, облыстық деңгейдегі мүшайралардың орны бөлек. Дегенмен, бұл байқауға да құр ұйқас қуған өлеңшіні емес, өлеңнің құдыретін, көркем әдебиеттің құнын түсінетін жастарды бейімдеуіміз қажет.
Өлеңде ой болу керек. Соған сәйкес сурет немесе сюжет табу маңызды. Мәселе – даралықтың өзіндік кілтін табу керек. Ілья Жақановтың «Жайлаукөл кештерін» алайықшы: «Мүлгіген тыныштық айнала, Шу бойы ырғалып жай ғана», деп басталатын жыр жолдарына қоңыр толқын әуені әдемі үйлескенде ақын жүрегіне осынша тұнық та таңғажайып күй сыйлап, есінен кетпестей іңкәрлік сезімге бөлеген жәннат мекен сіздің де жаныңызға берік орнығары хақ. Міне, сөзбен салған суреттің құдыреті. Осыдан да студент кезімізде құрылыс отряды құрамында «Жайлаукөлге» таласқанымыз рас. Қанша құмартсақ та жоғары оқу орындары арасында бұл мекен ЖенПи-ге бұйырып, қыздардың жолы болып еді. Шілденің кезі ғой. Барса су беті толған маса, сона, айналасы аңызақ, өлеңдегі сұлулықтан түк те жоқ. Содан қыздардың бірі қолына қалам алып, ақынға хат жазыпты: «Жайлаукөл кештеріңіз» осы ма?»
«Жайлаукөлді шілдеде емес, көктемде көр, көркіне көз тоймайтын, сонда көріп, сонда ән туған» деп жауап жазыпты. Міне, әр жердің ғана емес, әр маусымның да өз бояуы, өз мінезі бар. Адамдардың да...
– Ал сіз соның қайсысына жатасыз?
– Білмеймін, – деп күлді ол. Ал біз білеміз. Білетін себебіміз, бала кезіміз бір ауылда өтті. Бір аспанның жұлдызын санап, таңын қарсы алып, талай жаңбырдың астында шалшығына құлап, күнұзақ тобығымыздан май топыраққа батып, Көккесененің маңайында ойнаған іздеріміз қалды.
Өткен күн артта қалды да, бірақ шамдары әр-әр жерден жылтырап, жарқ етер жақсылыққа елегізіп, әманда бір-бірін қуантуға асығып тұратын ауыл адамдарының көл-көсір пейілі мәңгі суымайтын мейірім гүлін екті көңілімізге.
Біздің кейіпкеріміз де – сол топырақтың бір перзенті ғой. Оқуды бітіріп келген соң еңбек жолын туған ауылындағы мектепте қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Семейде жүргенде танысып, қолына қондырған құсы – Зура, ол да ұстаз. Жалын жүректі жастар жас ұрпақ тәрбиесі ісіне осылайша жан-тәнімен кірісті.
Үздік еңбегімен көзге түскен іскер жас одан әрі оқу ісінің меңгерушісі, одан соң мектептің директоры болып жеті жыл жемісті қызмет атқарды. Осы жылдары ойда жүрген талай мақсатты арманның маңдайына жел бітіріп қандай жетістікке қол жеткізгендері елдің есінде. Тек, бір білгені, кейде төрешілдік дегеннің төтеннен килігіп кісілік қадір-келбетіңе көлеңке түсіретін кезі болады екен. Көрсең де көрмегенсіп, білсең де білмегенсіп, бас шұлғып ымыраласып ың-шыңсыз жүре берер бақай есепті Құдай болмысқа жазбаса бұл неғылсын, жолсыздыққа көнбеді, жұмыстан шығуға өз еркімен арыз берді.
Көкшетауға келіп, педколледжде сабақ берді. Сонда тұрақтап қалғысы келген. Жерсінбеді. Көкшетаудың жұпар ауасынан ауылдың ақ шаңы артық болғаны ма, бірде қолын пышақ тіліп кетіп жарасы жазылмай қойғаны, ауылға келіп еді, бір аптада жоқ болды. Қой, деп сосын ауылға қайтты. Совхоздар жекешеленіп жатқан кез. Шаруашылық ұжымы төрағасы болып жұмыс жүргізе бастады. Бір күні заврайОНО Зинабдин Шермағамбетов шақырып жатыр деген соң алдына келді: «Шаруашылық саған қол емес, – деді ауданның бас ұстазы бұған өзімсіне ақылын айтып, – Өзіңнің кәсіби салаңа бет бұр. Аққұм ауылындағы бастауыш мектеп іріленіп негізгі мектеп болып ашылмақ. Құрылысы әні-міні біткелі тұр. Сол мектепке завуч болып баруға қалай қарайсың?
2001 жылы Батырхан Есболатұлы Аққұм ауылындағы білім ошағына мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Содан бері биыл 22 жыл. Мектеп бүгінде аудан бойынша ең алдыңғы қатарлы оқу ордасы. Осы жылдар көлемінде аудан мектептері арасында екі рет, облыс мектептері арасында үш рет «Үздік мектеп» атағына ие болды. Оқушылары өте сауатты. Білімгерлерді қашықтықтан оқыту бойынша іс-тәжірибелері жетерлік. Кішкентай ау­ылдағы шағын педұжымның жарты­сынан астамы жоғары санатты екеніне облыстық білім басқармасы жоғары бағасын беріп мерейлерін көтерді.
Нариман Жакудаев басқаратын негізгі мектеп биылғы оқу жылынан бастап орта білім беретін мектепке айналды. Тоғызыншыны бітіріп, кеудесі көк тіреген түлектер өз ауылында мектеп бітіреріне қуанулы.
Ауыл мектебіндегі осы көрсеткіш­тердің барлығында Батырхан мен Зураның еңбегі бөлек. Екеуі де «үйренсем, білсем» деген жас ұстаз­дарға тәлім беруден жалықпайды. Жаңа бағдарламаны меңгеруде озық тәжірибені таратуда кімнен болсын жәрдемін аяған емес. Бірі қазақ тілінен, бірі орыс тілінен бесаспап маман, білгір тәлімгер болғандықтан шәкірттері де шетінен зерек, қос тілде қатарынан алда келеді. Осы білімдерін ұрып тұрып ҰБТ-да дәлелдейтін сәт алда.
Хош, бұл екі бағлан Аққұмның бағына туған екен. Осында көктеп-көгеріп, өсіп-өніп, өркендеп, ұлын-ұяға, қызын қияға қондырды. Перзенттері жоғары білім алып түрлі салада еңбек етуде.
Адал еңбектеріне сүйеніп, елдің алғысын алып келе жатқан қос ұстаздың бүгінде құтты шаңырақта қадірі биік. Оларды бұл ауылда ардақтамайтын адам жоқ. Әріптестері де. Кімнен сұрасаң да олар туралы тек жақсы сөзін айтады, бел тұтып, бедел көреді. Ал ұстаз үшін ең үлкен марапат осы.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
03 қазан 2023 ж. 635 0