№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сертке адалдық


Кәрі Қаратаудың етегін қоныстанған Қызылмақташы ауылы талай жақсы мен жайсаңның кіндігін кескен киелі мекен. Балалығының бал дәурені өткен осы бір алақандай елдімекенді елжірей еске алатын апайтөс ағалар қатарында Ресей әскери-ғылым Академиясының және Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы Тұңғыш әскери-ғылым академиясының профессоры, халықаралық А.Свечин атындағы сыйлықтың иегері, Тәуелсіздік таңында «Құрмет» орденін алған жетпіс жеті жастағы полковник ағамыз Сатыбалды Ділманов туралы көбіміз біле бермеуіміз мүмкін.


Бұл кісі он тоғыз жасында әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанып, осы салада бүгінге дейін тер төгіп келе жатқан тұлға. Бұл оның жүрек қалауы еді.
Егде жасқа келгеніміне әлі еңкеймеген, бірақ ел жаққа елеңдеуі көбейген отставкідегі полковник соңғы жылдары баяғы балалығы өткен қара орынға тәу етуге көңіл жиі соға­тынын жасырмады. Ойлап отырса, ата-баба аманатын арқалаған алаштың ұлының аты озып, Қазақстанда алғаш әскери академик атаныпты. Ұлттың ең қасиетті құндылығы – мемлекеттікті орнатуда берік қорған, алынбас қамал болуға тиіс қуатты әскер қатарын қалыптастыруда ұстаздық қолтаңбасына да көңілі тоқ сынды. Тек соңғы кездерде осының барлығының түп негізін түтіні сыздықтап қана көтерілген қараша ауылға теліп, соңына көп қарайлай берер жаутаң мінез жамап, бала күйге түскен жаны асыл азаматтың баяғы оқушы кезінде мақалалары жарияланып тұрған «Коммунизм жолы» , қазіргі «Жаңақорған тынысына» әдейіліп соққандағы мақсаты да осы – жүрек сырымен бөлісу екен. Ақсақалдың өткен өмір естелігіне біз де ынтамен құлақ тостық. Өйткені бұл өмір шежіре біз үшін де, келер ұрпақ үшін шынайы тағылым, өнеге.
Сатыбалды Ділманов 1947 жылы 1 мамырда Жаңақорған ауданы, қазіргі Қыраш, ол кезде Қызылмақташы елдімекенінде дүниеге келіпті. Әкесі бұл төрт-бес жасқа келгенде өмірден озып, анасы болса қайтсем қос шырағымды елден кем етпеймін деп қысы-жазы колхоздың жұмысына жегіліп, арқасы бейнеттен босамады. «Қанша қиындыққа толы болса да балалық кезім менің өмірімдегі ең бір жарқын сәттер болып есте қалды. Менің бүгінгідей жетістікке қол жеткізуім жеткіншек санамда мәңгілік сақталған айнымас серттің нәтижесі» деген сұқбаттасымыздың жүрек сөзі одан әрі төмендегіше тарқатылды:
– Бесіктен белім шықпай әділетсіздіктің ащы дәмін татып өстім. Ерте есейдім. Тоғызыншыны бітірген жылы өзімізге жұрттыкіндей үй тұрғызып алмақ болып лай жатқызып, кесек құюға кірістім. Енді фундаментіне цементке ақша керек болып тоқтап қалды. Осы күндері көрші ауданның Қаратерең станциясына шөп жинауға кісі іздеп жатыр екен, соған жазылып, сабақ басталғанша ақша таппақ болдым. Бірақ барғаннан қолын тікен тіліп, қалың маса-сонаның ортасында қиналып кеткендіктен кері қайтқандар көп болды. Мен де сұранып көріп едім, жіберер болмады, содан екі бала болып қашып кеттік. Кеңсеге шақырып жатыр деген соң екі аптама еңбеккүнімді берер деген дәмемен есіктен енгенім сол, милиция қолымнан шап беріп, қамауға әкететін болды. «Мен ешнәрсе ұрлаған жоқпын, ешкімді өлтірген жоқпын, мені жіберіңіз» деп еңіреп жылап тұрмын. Сонда бір ауылдың үлкені «әй бұл әлі мектеп оқушысы, әкесі де жоқ еді» деп ара тұруға жарамады. Мені қайта Қаратереңге әкеп, соттың қолына тапсырды. Ол жерде де зар жылаған мені аяған болу керек, «Бұл бала мектеп оқушысы екен, ендігәрі бұзықтық жасамасын» деп босатып, қайта шөпке жіберді. Екі аптадан соң сабақ басталатын болып, амал жоқ ауылға қайтарылдым. Ауылдағылар мені түрмеден келді дейтін болды деп ішім күйіп, өмірде ұмытылмастай өкінішпен өзегім өртенді. Бар қолымнан келгені, үлкендерге өкпелеп теріс қарап жүрдім. Бұл өзім ес кіріп, еңсе тіктеп келе жатқандағы бірінші көрген әділетсіздігім еді. Екіншісі, әскер қатарына алынатын кезде болды. Жасым келіп тұрғанмен жалғыз шешем мен інімнің қамқоршысы ретінде қалдырылатын болып, Қызылорданың военкоматынан қайттым. Он күннен соң қайта шақырылдым, біреудің орнына кететінім белгілі болды. Анам ауруханада жатқан, қорадағы қотыр ешкіні босатып, жеті жасар інімді көршіге қалдырып кешке дейін келемін деп кеткен едім, жағдайымды айтып қанша жалынсам да мені тыңдар ешкім көрінбеді. Бірден солдатқа тізілгендер пойызбен Ташкенге бет түзедік. Жаңақорғанның тұсынан өтіп бара жатып ауру шешеме хабарымды да айтып кете алмай ішім қан жылады.
1966 жылдың қараша айы. Алғашқы сегіз айда Өзбекстанның Қашқадария облысы Қар­шы қаласында №93908 әскери бөлімінде дайын­дық курсынан өтіп, радиотелеграфист, одан әрі сол жердегі ұшқыштар дивизиясының байланыс бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқардым. Үздік тәртібіммен көзге түсіп, ауылға он күн­ге демалысқа келіп, жұртты бір таңырқаттым. Әскердің мерзімі бітіп, елге қайтатын күні командирім шақырып алып, Ресейдің Қорған қаласындағы Жоғарғы әскери-саяси ұшқыштар училищесіне бір орын шығып тұрғанын айтып, соған баруға үгіттеп көрді. Ойлануға он бес минут уақыт берді. Сыртқа шығып, өз-өзіммен кеңесіп, өмір жолымды ой сарабынан өткізіп көрдім. Жетімдіктің тақсіреті, есем кетіп, еңіреп жылаған сәттерім, сол кезде өз-өзімді қайрап, қайтсем де оқимын, кісі боламын, партияға өтемін, отанымның адал жауынгері боламын» деп өз-өзіме берген сертім көз алдымнан біртіндеп өтті. Соған мүмкіндік туып тұр деп түсіндім. 1969 жылы оқуға түсіп, төрт жылда бітіріп шықтым.Сол кезде осы әскери оқу орнын бітіріп шыққан жалғыз қазақ мен едім, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Сатыбалды Ділманов қызмет барысында Балқаш, Фрунзе, Алматы қалаларында, орналасқан әскери бөлім бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары болғанын айтты. Одан әрі Семей облыстық әскери комиссариатында аға қызметкер, Алматы зооветеринария институтының әскери кафедрасында оқытушы, аға оқытушысы және цикл бастығы, Қазақ Заң Академиясында кафедра бастығының орынбасары, одан кейінгі жылдары Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери Академиясының (қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорғаныс Университеті) бастығының тәрбие және құқықтар жұмысжөніндегі орынбасары қызметінде осы оқу орнының негізін қалаушылардың бірі болыпты. Білімін одан әрі жетілдіру үшін КазГУ-дің тарих факультетінде, одан соң Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебінде білім алып, әскери қызметін жемісті ғылыми карьераға жалғапты.

Ең алғаш 1991 жылы жазған диссертациялық еңбегі «Жастарды әскер қатарына дайындау» мәселесіне арналыпты. Бұл әсіресе бүгін өзекті тақырып санатында. Толыққанды біліммен қаруланған тұлға бұдан өзге әлі ешкімнің жүрегі дауалап, жалына жармаса қоймаған жабық тақырып – ГУЛАГ-тар тарихына тыңнан түрен салып, Айрықша қылмыстылар және Еңбекпен түзеу лагерьлерінің құпиясын ашуда зор ізденістерге барды. Осылайша азап лагерьлерінің қатерлі ақиқатын ашуда тарих сабақтарын салмақтап, нешеме архивтерді сүзген енапат еңбегі бүгінде 9 монографияға айналып, мақалалары 120-дан аса ғылыми және әскери журналдарда жарық көріпті. Атамекенге жол түсіп ауылға келген профессор ағамыз осы кітаптарын күні кеше өзі оқыған Бірлік ауылындағы кітапханаға әкеліп тапсырғанын айтты.

Қайраткер тұлға Кеңестер Одағының ОГПУ, НКВД, МВД-ның «Қазақстан­да­ғы еңбекпен түзеу лагерлерінің тари­хы­на тыңнан түрен салуға тырысты. Сатыбалды Ділманұлы аталмыш та­қырыпта 2002 жылы докторлық дис­сертациясын қорғапты. Бұл жөнінде өзі былай дейді.
– Тарих мәселесінде тек архивке сүйену керек. Анау айтты, мынау айтты деген дәлелсіз деректер жүрмей­ді. Осы орайда Мәскеу мемлекеттік архивінде талай рет болып, Жоғарғы Сот, Бас Прокуратураның құжаттары­мен танысуыма тура келді. Құжаттарды зерделей келе Қазақстандағы Кеңес Одағының ОГПУ-НКВД-МВД-нің Еңбек­пен түзеу лагерлер тарихының ақиқатын ашуға талпындым.
Нақты тарихқа жүгінсек, Қазақ­станның аумағында 1930 жылдан 1956 жылға дейін Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған, Павлодар лагерлері, ал 1948 жылдан бастап 12 «Айрықша» лагердің 8-і Ресейде, 4-і Қазақстан­ның аумағында орналасқан болатын. Олар Степной, Песчаный, Луговой және Дальный деп аталатын. Ресей, Өэбекстан, Қазақстанның архивтерін талай ақтардым. Және де еліміздегі соғыс уақытысында тұтқынға түскен неміс, жапон әскерлері лагерьлерін зерттеп, олардың лагерлерінің тарихын зерттедім.
Қазақстанда ең алғаш рет 1931 жылы 19 қарашада Қарағанды еңбекпен түзеу лагері «Карлаг» ашылды. Яғни еліміздегі лагерлердің тарихты осы күннен басталады. Лагерлерде тек саяси тұтқындар ғана емес, қылмыстық айыпталушылар және зиялы азамат­тардың жұбайлары да болды. Архив деректерінен айқындалғандай олар Карлагтың 26 нүктесі «АЛЖИР»де отырды, Атап айтсақ, Калининнің жұбайы, Тухачевскидің әйелі мен екі қарындасы, тіпті Колчактың нақсүйері және де тағы басқаларда осы лагерде қамалған.
– ГУЛАГ-та қанша адам тұтқында болған?
– ГУЛАГ- тың өзінде 2,5 млннан астам адам болған екен. Бұл нақты есеп емес, себебі көп жағдайлармен тұтқындардың есебі тізілмеген. Лагерлердің арасында көптеген себептермен тұтқындардың наразылықтары болып тұрған. Солардың бірі Жазқазғандағы Степлаг лагерін­де тұтқындардың 40 күнге созылған көтерілісі 5 танкпен тойтарылды. Бұл уақыты жағынан дүние жүзіндегі ең ұзақ көтеріліс болатын. Бес адам ату жазасына кесіліп, қал­ғандары әр түрлі мерзімге сотталды.
– Ең соңғы лагердің тынысы қашан тоқтатылды?
– 1956 жылы Жоғарғы Кеңестің Қаулысы қабылданып, лагерь есіктеріне құлып салынды. Содан кейін КарЛАГ-тың кейбір бөлімшелері өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына дейін жұмыс істеді.
– Қанша ғылыми еңбектеріңіз бар?
– Жеті монографиям бар. Казіргі кезде 4 оқу-методикалық еңбегім жоғар­ғы оқу орындарында оқу процесін­де пайдаланылуда. Жоғарыда айтылған­дай казір өзім құрған университеттің профессорымын.
– Отбасылық жағдайыңыз?
– Өмірлік серігім Бақыттыгүл Ағзам­қызы, мамандығы дәрігер. Үш перзентіміз бар. Қыздарым Дина анасының жо­лын қуған дәрігер, медицина ғылымдары­ның кандидаты. Салтанатым заңгер, Алмагүл экономист. Бәрі ма­мандықтары бойынша аабыройлы еңбек етіп келеді.
– Зерттеу тақырыбыңызды тия­нақ­тадым деп есептейсіз бе?
– Жоқ. Тарих қандай сан тарау. Жұмбағы жүзжылдықтарда ашылады. Ұлы Отан соғысын алайық. Әлі ашыл­маған құпиясы қаншама. ГУЛАГ та­қырыбын толғайтын тағы бір еңбегім бітуге жақын. Ғылым адамына жұмыс жасауға жағдай керек. Бұл ретте күн тәртібін реттей алатын адаммын.
– Ғалым ізбасарларыңыз бар ма?
– Көптеген шәкірттеріме ғылыми кеңесші болуымның арқасында олар кандидаттық, докторлық диссер­та­циялық жұмыстарын сәтті қорғап шықты. Солардың ішінде шәкіртім тарих ғылымдарының докторы, профессор, запастағы полковник Серікбаев Мұхтар Өмірсерікұлының есімін айрықша атаған болар едім.
Ғылым саласында індете түсуге талап аз, таяныш керек. Жағдай керек. Бұрын рұқсат құжатымызбен архивтерге еркін кіретін едік, қазір көбі жабылып қалды. Ғылымға кедергі көп. Қаржыға келіп тірелетін төрешілдік көбейді. Қазірде кітапты да өз қаржыңа шығаруға тура келеді. Ғылымға берілген адам болғандықтан бұл жолдағы жұмысым­ды тоқтатуға құқым да, құзырым да жоқ. Ғылыми зерттеулермен қоса «Менің тағдырым» атты өзімнің өміріме байланысты өмірбаяндық мемуарымды жазып жатырмын.
– Әлгінде өзіңіз айтқандай, балалық шақ – өміріңіздің ең бір аяулы кезі екен. Ол несімен қымбат?
– Жесір әйелдің қанатында жетімдік­ті көп көрсем де, қатқан нанға да қол жетпей қоңыр күй кешсек те көш­тен қалмағанымыз, алыстағы мектепке жалаң аяқ жаяу жалпылап қатынасам да сабақтан қалмай, елдің алды болып оқығаным, одан кейінгі өмірде де мақсатқа қол жетіп, мансапты малданып, уайымсыз, қайғысыз қара бастың қамымен қарайып қалмағаным, үнемі алға ұмтылып, ұлы міндеттерге ұмтылуым, нақ осы жетімдіктің, қара нар қайсарлықтың, асқақ армандауымның арқасы болар. Екіншіден, осы жолда­ғы ұстаздарыма шынайы рахметім­ді айтамын және оларға шексіз қарыздармын.
– Отанымыздың келешек қор­ғаны- жастарға тілегіңіз!
– Биік намысты болса екен деймін. Қорғанда оқып жүргенімде жерлестер бас қостық. Түрлі оқу орындарынан жиналған, біреуі қазақша сөйлемей­ді, кезек-кезек тост көтеріп жатыр. Араларында формада жалғыз мен. Орысшаны да оңдырып сөйлей алмайтын кезім, «Қайдансың?» «Қызылордадан» десем одан сайын мұрын шүйіреді. Содан маған кезек келгенде былай деп тақпақтата жөнелдім:
Қандай дархан Қазақстан даласы,
Сұлу, көркем Қызылорда қаласы.
Сыр елімнің көркі болып әнеки,
Ағып жатыр Сырдария саласы.
Туған елмен қуанышы, мұңы бір
Мен қазақтың қарапайым ұлымын!
Бәрі дуылдата қол соқты. Көтеріліп қалдым. Ұлылықтың серті, ұлттың рухы деген осындай екен. Халқыма рухың түспесін дегім келеді.

Р.S: Бұл аға көңіліндегі көп сырдың бір ұштығы ғана. Айтылмағаны қаншама. Бәрінен бұрын туған ұлты ғана емес, тұғырлы тарих үшін таудай қызмет атқарып келе жатқан қадірлі азаматты алдымен жерлестері ұлықтап, құрмет көрсетсек қандай жарасымды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 қыркүйек 2023 ж. 829 0