Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АтасЫ ЖаҚсЫ ҚанДаЙ-ДЫ

АтасЫ ЖаҚсЫ ҚанДаЙ-ДЫ

Ғасырға жуық мағыналы ғұмыр кешіп, ел арасындағы қадір-құрметімен абыздық дәрежені арқаланған атамыз өз өмір жолында өңірімізге белгілі педагог, өз ісінің майталманы ретінде отбасы мен әулетінің, қала берді жалпақ жұртының қадір-қошеметіне бөленіп, жастарға ақ батасын жаудырған ең бақытты ғұмырды бастан кешіпті.
Атамның шаңырағына келін болып түскен отыз жылда ол кісінің бойынан зиялылықпен астасқан сұлу келбет, жоғары мәдениетті ғана көрдім. Өз әкем, шығармашылық өкілі, Арыс аудандық газетінің редакторы болған ақынжанды азаматтың тәрбиесін алып, сөз киесін қадір тұтып, өзім де қазақ тілі, әдебиеті мамандығын алған маған келін болып түскен күннен атамның зор қолдау білдіруі жаныма үлкен қанат бітіргендей болды. Атам менің турашыл мінезді, жақсын-жақпасын кемшілігіңді бетіңе тіке айтатын және оны жазалау үшін емес, жақсы болсын деген ниетпен ағынан жарылып, жаны ашып тұратын үлкен жүректі кісі екенін шын таныдым. Алғашқы күннен бастап атама ұқсауға тырыстым. Ол кісінің «айналайын» деген жалғыз ауыз сөзін жаныма медет тұтып, қалайда көңілінен шығу үшін зыр қағып, аяқ ұшымен жүруден еш шаршамадым. Мен ғана емес, ол кісінің бала-шағасының барлығы қиыс тірлік жасап, ата алдында қысылып қалудан қымсынатын. Сол үшін мінез қалыбынан мін жібермей, қолдан келсе ата-ананың мерейін асырар жақсы қылықтарымен танылуға тырысты. Асыл атамыз бізге осының барлығын жай сөз, жанашыр тілегімен ұқтырып, әділ сыншымыз болып отыратын. Кім болсын соңынан ерген бала-шаға, бау шарбағын өзінің әдемі әдеп, ұлағатты ұстанымымен тәрбиелей алады екен. Біздің атамыз нақ осындай жан еді. Оның айнадай тазалық, адам баласына қиянат жасап көрмеген шын болмысын бағалайтын туған-туыс та ағалық ақылына тақ тұрып, айтқанын екі етпейтін. Ол кісі айтса заң еді. Ата-ене мектебі - уәдеге беріктік, берген сертте тұру сында адами асыл қасиеттің қайнар бұлағы екен. Ол мектептен мен ғана емес, атаның бүкіл үрім бұтағы тәлім алып, келешек өмірлеріне азық етті. Міне, сондықтан да біздің балаларымыз өтірік айтпайтын әділ, алған бетінен қайтпайтын жігерлі, өз-өздеріне сенімді, ақыл мен парасаттың иелері болып ер жетті. Олардың бойына осының барлығын шынайы болмысымен еге білген өміршең өнеге – ол ата феномені еді. Ата-бабамыздан келе жатқан осы асыл үрдісті өз дәрежесінде ұстанып, баладан балаға ұлағат еткен атамызға біз сол үшін қарыздармыз. Атамыздың көнекөз көкірегіне көп сырды сыйдырып, соны ақ қағаз бетіне түсірген толғамына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзінің көзі түсіп, көңілі толып, авторына жолдаған Алғыс хаты біздің төрімізде ілулі тұр. Онда былай деп жазылған: «Сіздің «Жаңақорған тынысы және «Айқын» газеттеріне жариялаған мақалаңызды сүйсіне оқып шықтым. Нағашыңыз, соғыс ардагері Смайыл Нысанбаев пен әкем Кемелдің арасындағы достық қарымқатынасты, сыйластықты тамаша суреттеуіңіз жүрегіме жылылық ұялатып, еркше сезімге бөледі. Тоқаевтар әулетіне жолдаған ыстық лебізіңіз үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Деніңіз сау, өміріңіз ұзақ болсын!» Атамыз көп жылдар қолынан қаламын тастамай газеттерге мақаласын жолдап, жарық көрген материалдарының тігіндісін сақтап қоятын. Биыл тоқсан жылдығын тойлағалы отырған аудандық үнжария – «Жаңақорған тынысының» тұрақты авторы ретінде 2015 жылы серіктестік директоры Аманжол Оңғарбаевтың қолынан марапат алды. Газеттің мерейтойының қадірлі қонағы болатын атамыздың ол күнге жете алмағаны да өкініш. Атамның бала-шағасына, немерелеріне жазған хаттары да көркем шығармаға бергісіз, өмірдің өзінен алған ақыл-өсиетке тұнып тұрушы еді. Олар оны бойтұмардай сақтап жүреді екен. Ұқыптап жинап қойған әке қолтаңбасы әлі қанша уақытқа дейін бізге рухани күш-қуат боларын ата өмірден өткен күннен бастап анық сезінгендейміз. Өмірінің соңғы күндерінде әлқуаты кеміген атамды сәбидей жетектеп жүргізетінмін. Сонда атамды ғана емес, ол кісі басынан өткерген тұтас дәуір жүгін арқаланғандай ауыр жауапкершілікті сезінетінмін. Мен сол артқан аманатыңызға адал боламын, ата! Гүлнар САБЫРХАНҚЫЗЫ, “Ыбырай Алтынсарин медалінің” иегері
14 қыркүйек 2023 ж. 426 0