» » » Алғашқы тракторшы – Төребай

Алғашқы тракторшы – Төребай


«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз». Бұл – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты пайымы. Шынында, заманауи техника жетіліп, барлық салаға цифрландыру еніп жатқанымен еңбек адамына деген сұраныс азайған жоқ. Қайта адамның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын қасиет – еңбекқорлықта. Міне, Мемлекет басшысының ұсынған концепциясының мән-маңызы осында. Сондықтан еңбек адамын насихаттау ұдайы жүргізіліп, басымдық ету міндеті тұр. Мұндай тұлғалардың арасында бүгінгі еңбек қайраткерлерінен бастап, тарихи тағылымға айналған еңбеккерлерді де жатқызу орынды. Осы өлшеммен айтатын болсақ, ауданның алғашқы механизаторының бірі – Төребай Жолшыбекұлы туралы сөз ету, мағыналы іс емес пе?!


Айдекең – Айдархан Бибасаров ше­жіре адам еді ғой, шіркін! Осы күні көп нәрсені біліп, жазып алмағанымызға өкініп жатамыз. Бірде: «Ауданға тұңғыш ХТЗ (Харков трактор зауытында шыққан трактор) мініп келгеннің бірі – Төребай Жолшыбекұлы» дегенін естіген едім.
Жақында Тасболат ақсақал ха­бар­ласып:
– Осы күні әкем туралы көп ойланып, толғанамын. Ел аумағында ұжымдасқан шаруашылықтар – колхоздар құрылып жатқан кезде ауыр техникаға сұраныс артты. Баяғыдай өгіз арбамен жерді жырту өнімсіз іске айналды. Өзге жұрт сынды тракторды меңгеру міндеті тұрды. Осындай кезде әкем Төребай Шиелі қонысындағы арнайы курстан өтіп, ауданға тракторды алғаш мініп келгеннің бірі болды, – деді.
Қаламгер А.Бибасаровтың айтқаны ойда жаңғырып, механизатор-трак­тор­­­­шы Төребай туралы ізденуді дұрыс сана­дық. Сөйтіп, аудандық мұрағаттан бірнеше құжат таптық. Онда 1937-1953 жылдары Жаңақорған МТС-ін­де тракторшы, бригадир, учаскелік ме­ханик, бақылаушы механик, инженер, меңгеруші қызметін атқарғаны көрсе­тілген.
Біле білген адам, елге ауыл­шаруашылығы техникалары енді ғана келіп жатқан уақытта трактордың тілін жетік біліп, оны уақытылы жөндеп, өнімділікті арттыруға үлес қосу аса жауапты жұмыс екенін жақсы түсінеді.
– Әрине, әкем арнайы курсты жалғыз оқыған жоқ. Қандыарал колхозынан Әжібек және Мақатпен бірге барады. Аз уақыт ішінде трактордың қыр-сырына қанығып, колхозға техниканы мініп келеді. Бұл кезде ауыл халқы үшін ауыр техника таңсық нәрсе. Жерді өгізбен жыртып, арық-қарықты қол күшімен көтеретін кезде, әкелеріміз жаңашылдыққа бейім екенін танытты, – деді ақсақал.
Бастауыш кластық сауаты бар Жол­шыбектің Төребайы механизаторлық оқуда барынша ынта-ықыласын танытып, техниканы тізгіндеуде икемін көрсете­ді. Сөйтіп, көктемгі дала жұмыстарына өгізсіз, өздігімен жүретін темір арбамен жерді жыртуға дайындалды. Бұл оқиға – ауыл халқы үшін үлкен той іспеттес болды.
Сол маңдағы Қандырал, Төменарық, Екпінді колхозының тұрғындарын айт­пағанның өзінде, теріскейдегі Ақсүмбе жақтан ХТЗ-ның кереметін көруге асыққан жұрт көп болды. Трактордың сынағы бірнеше жылдан бері егін егілмей топырағы тыңайған «Жыңғылды ой» деген жерде байқалды. Төребай, Әжібек, Мақат мінген трактор қаз-қатар тізіліп, соқа түренін түсіріп, іске кірісіп кетеді. Жұрт таң-тамаша. Өз көздеріне өздері сенер емес. Трактор өгіз соқаға қарағанда тереңдеу тілін батырып, топырақты аударып тастайды екен. Бұрынғыдай өгіз соқамен 3-4 гектар жерді оншақты күн жүрмей, трактор бір күнде-ақ шаруасын бітірді.
Сосын келесі колхозға жол тартып, жұртқа трактордың кереметін көрсетіп, көктем түскелі трактордан бір түспеді. Жерді жыртты, сосын тіркеме арқылы дәнді септі. Арықты да бір ізге түсіріп, бұрынғыға қарағанда жұмысты жең­ілдетті. Мұның бәрі өнімділікті артты­ратыны сөзсіз.
Солай болды да. Тары мен арпа бітік шығып, мол өнім жинады. Күзде де трактор жәрдемге келді. Қысқасы, ХТЗ диқандардың көңіл-күйін қамдап, техниканың әлеуетін таныта түсті.
Сол жылдардағы белгілі механизатор Ақылбек Тауаров, Сәуле Өскенбеков­­тер трактор­дың тынысын жақсы танитын Төрабай Жолшыбекұлына өз уақытында өте кә­сіби маман ретінде бағасын беріпті. Архивтен табылған құжатта:
«Бізге жаңа темір арбаның тетігін үйретуде Төкеңнің еңбегі көп. Оны көктемгі жер жыртып, күзгі егін жинау науқанында үйінен де, МТС-тен де таппайтынбыз. Үнемі тракторлар ара­сында жүретін», делінген.
Рас өз ісіне берілген маманның сөз жәрдемі, қол жәрдемі жауапты науқанда екі есеге артып, күндіз-түні дала жұмысын жандандыруға бағыттауы керек-ақ. Ол кезде тракторды толық меңгерген кадрлар тапшы. Қысқа мер­зімді курстан адамдар тракторды орнынан қозғап, жүргізуді үйренгенімен, оны жөндеуі оңай іс емес. Ол үшін көп ізденуі тиіс, бәрінен бұрын таланты мен талабы болуы тиіс. Төребайда талант та, талап та болды. Сондықтан өзгелерден ерек болып, техниканы тез меңгерді, тілін біліп қана қоймай, жөндеуге дағдыланды.
Бұл туралы жазушы-журналист Айдархан Бибасарұлы: «Ауыл шаруа­шылығы техникасының білгір маманы ретінде Төребайды соғыстан бірнеше рет броньмен қалдырды. Бесарық пен Төменарық арасындағы жиырма төрт колхозға бөлінген тракторлардың бұзылғаны Төребайдың келуін күтіп тұрады екен», – дегені бар-ды.
Ол Жаңақорған МТС-інде трак­торшы, бригадир, учаскелік механик, бақылаушы механик, инженер, мең­геруші қызметін атқарып қана қоймай, арнайы курста тәлім алған жас трак­торшыларға тәлімін сіңіріп, ұстаздық қызметті де атқарды. Соғыс жылдары ерлер соғысқа кетіп, тыл жұмысында әйелдерге көп күш түсті. Осы кезде тракторды әйелдердің меңгеруі қажет еді. Ерлердің өзі жүрексіне меңгеретін техниканы игеру әйелдерге оңай болмайтыны анық. Осындай кезде Тө­ребай бастаған мамандар әйелдерге сенімділік беріп, еңбек даласын жан­дандыра түседі. Одан тәлім алғандар арасында атақты Халипа Түлкібаева мен Мария Нарымбетова да бар.
Ауданның алғашқы механизаторла­ры Мүлкаман Бұхарбаев, Тұрғанбай Палымбетов, Тұрсынқожа Шалапов, Сей­ілхан Бердібеков, Әлі Тоқсанбаев, Мақұлбек Ауанов және тағы басқалар Төребай Жолшыбекұлынан ақыл-кеңесін сұрап, үзінгілес қызмет етті.
Азаматтың еңбегін бағалап отыру маңызды десек, Төребай өз уақытында марапаттан кенде болған жоқ. Бірнеше рет ауданның чемпионы атанып, облыс, республикалық деңгейдегі басшылардан алғыстар мен грамоталарды алды. Мәселен, 1937 жылы «Октябрь» ре­волюциясына 20 жылдық мерейтой құр­­­­метіне орай тракторларға ұқыпты қара­­ғаны үшін, 1939 жылы адал қыз­меті үшін, 1946,1950 жылдары да сыйақы көрсетілсе, 1950-1953 жылдар аралығында өндірістік тапсырмаларды асыра орындағаны үшін, жалпы есіл еңбегі үшін 20-ға жуық алғыс пен сыйақы бірілген.
Екі перзенті Тасболат және Бекбо­лат та аудандағы белді механизатор қызметін абыройлы атқарды.
Қысқасы, Төребай Жолшыбайұлы өтпелі кезеңде Жаңақорғанның даму­ына өз деңгейінде үлес қосып, аудан тарихында өзіндік орны бар тұлға. 1953 жылы өмірден өтті. Еңбек адамын дәріптеу елдік деңгейдегі іс деп білетін болсақ, онда жастардың жадына ұлағатты тұлғалар туралы сіңіру мін­детіміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

14 қаңтар 2023 ж. 497 0