№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » » Білгір маманның биігі

Білгір маманның биігі


Жаңақорған кентінде соғыс уағында туған азаматтардан бес-алтаумыз бармыз. Мұзарап, Әлібек, Өтеген, Тасболат, Аманкелді, Сейітжаппар. Біз білетін, қатарларымыздан сыртта жүрген бірді-екілі ғана кісілер бар. Міне, осы жылқы жылының төлдері биыл жаппай 80 жасқа келіп жатыр. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз, осы аты аталғандар ішіндегі кезінде елінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан қаржы-экономика саласының қайраткері, ардагері Мұзекең – Мұзарап Махмутұлы еді десек, артық айтқандық болмас.

   Ол өзі осы елдегі діни ғұлама, өзі және бабалары бүкіл Жаңақорған ауданы халқының көбісіне пір болған Айқожа ишан Темірұлының ұрпағы болып келеді (Ишанның өзі де, балалары да Ақтастағы үлкен бейітте жатыр. Қарасопы әулиеде де болуы керек). Теңдесі жоқ сәулет өнерінің туындысы Ақтас мешітін ишанның үлкен ұлы Ибадулла мақсым салдырған екен. Ал Мүзекең өзін таныстырған бір өлеңінде: «Айқожа ишан-біздің ата-бабамыз,
Көрсеткен кереметі- болған аңыз.
Тарқатып шежірені айтар болсам,
Түбіміз осы ишаннан тарағанбыз» деп айтатыны да бар.

  Негізінде Мүзекеңдер осы Төменарық аймағындағы ишанның Пірше мағзым атты балаларының ұрпақтары болып келеді. Мүзекеңнің әкесі – Мақмут мақсым ескіше де, жаңаша да сауатты, ел басқарған (ауылдық кеңес төрағасы) кісі болған. Бірақ қуғын-сүргін жылдарында «Ишанның ұрпағы» деген айыппен қудаланып, әйтеуір астыртын хабар алып, дариядан атпен жүзіп өтіп, Қызылқұм арқылы Оңтүстікке (Мақтаралға) жетіп паналаған. Ол кісі ол жақта да қызмет істеген. Мүзекеңнің нағашылары-Шиелілік қыпшақтар болатын (өзі әрдайым айтып жүретін). Осылайша оның балалық, жастық шағы Оңтүстікте өткен-ді.

 Орта мектепті 1960 жылы бітірген, ол әуелі Шымкенттегі бір жылдық бухгалтерлік курсты, одан кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазГу-ды экономика, қаржы жоспарлау мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолын ауданымыздағы ең үлкен мал совхозы «Красная звездада» бухгалтер, бас экономист қызметтерін атқарса, 1970-1980 жылдары аудандағы халқы көп «Төменарық» кеңшарына ауысып, он жылдай бас бухгалтер қызметін абыроймен атқарды.

 Осы «Төменарықта» бас бухгалтер кезінде Мүзекеңді білгір, тәжірибелі маман ретінде аудандық қаржы бөлімі, ауыл шаруашылық басқармасының ұйғарымымен аудандағы, шаруашылық мекемелердің қаржы игеру, мемлекет мүлкін аман сақтау жұмыстарын жанжақты тексеріп, бақылап отыру үшін штаттан тыс тексеруші (ревизорлық) қызметті қатар атқарды. Әрине, бұл үлкен сенім, бірақ өте қиын жұмыс саласы еді. Оған айтуымыз керек, Мүзекеңнің білімі де тәжірибесі де табандылығы да, азаматтығы да жетіп жататын. Болса да шаруашылықтардың ұшы-қиыры жоқ жұмыс, табыс -жетістіктерімен қатар кемшіліктер де, қателіктер де тіпті қылмыстар да орын алып жатады. Бұл тексерушіге де ауыр Мүзекең осындай жағдайлар көп кездескенін оларда қаржы, мал-мүліктер дегендердің талан-таражға түсіп қолды болатынын (500-деп қара мал басы кем шыққан, миллиондаған қаржы жоқ болған) талай жандардың тағдыры таразыға түсіп, іс сотпен аяқталатынын, тіпті «Сунақата» кеңшарында кісі өлімі де болғанын кейіндері өкінішпен еске алғанын талай естідік.

 Сексенінші жылдары Мұзекең ауданда жаңадан ашылған «Алмалық» жеміс жидек совхозында да 10 жылдай директор болып қызмет атқарды. Өзі есеп қызметкері, агроном емес, бірақ орысы-қазағы аралас тұратын жемісжидек совхозында он жылдай жемісті қызмет атқарды. Шындығында бұл қызмет Мүзекеңе үлкен мектеп, таза істің, өмірдің жылдары болған еді. Мүзекең қазір де үйінде агроном секілді жеміс ағаштары мен гүлдерін мамандай күтіп - баптайды, содан ләззат алады.

 Мұзекең жаңадан ашылған «Топырақты құнарландыру» мекемесін басқарған жылдары цехтар ашып, көкөніс қоймасын соқты. Облыстық семинарда басшылардан, қатысушылардан жақсы баға алды, жалпы азық-түлік қорын жасау үшін үлкен база жасауға бетбұрыс болды.
 Менің Мүзекеңмен иықтаса жұмыс жасаған кездерім наурыз айынан басталды. Елде партиялық-кеңестік басқару жүйесі тарап, әкімдік басқаруға көшіп жатқан кез. Аудан әкімі И.Әбибуллаев мені өзіне білім, денсаулық, спорт, мәдениет, әлеуметтік сала бойынша орынбасарлыққа шақырды. Ауданда осы қызметке кіріскен болатынмын.

 Міне, осы кезде командаға әкімнің экономика, қаржы, сауда саласы бойынша орынбасарлығына біздің құрдас-қатарымыз, елге танымал Мүзағаң да келіп кірісіп еді. Бірінші орынбасарлыққа үлкеніміз, тәжірибелі Шәзінда Қарақожаев, құрылыс саласына Сәулебек Дүйсебеков, ауыл шаруашылығына Батырбек Ысқақов, кент әкімдігіне Зайнидин Әбусейітов тағайындалып, мәслихатқа Срайыл Скендиров, орынбасарлығына Жақаң Ахатаев сайланғаны еске түседі. Өте қиын өтпелі кезең, Мүзекең екеумізге көп ауыртпалық түсті.

 Бұрынғы партия, атқару комитеттері (райком, исполком) жоқ, бәрі тараған қысқарған, елде жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар кешігіп, уақтылы берілмейді. Халық әкімдікке келеді, тіпті әйелдер теміржолды жапқан, үйімізге келген күндер де болды. Қаржы саласы да, әлеуметтік сала да оңай болған жоқ. Әйтеуір уәде беріп жүріп қайтарамыз. Бірдеңе істейін десең, материал, жабдықтар жоқ. Сол жылдары ғой, әкімнің орынбасары М.Махмутов, мекеме басшысы Ф.Орғараевты ертіп керек жабдық іздеп Мәскеуге дейін барып, аса қажет аппарат-техниканы таба алмай жүргенде, бұрын Қызылордада басшы болған Еркін Әуелбеков (жоғары кеңес депутаты) кездесіп Мүзекеңді танып, «Әй, Алмалық, қайдан жүрсіңдер?»- деп заттарын табуға көмектесіп, бұларды бөлмесіне шақырып шай бергенін үлкен ризашылықпен айтып жүрді (Ірі адамқашанда ірі ғой, шіркін!)

 Қазақта «күннің жаманы кетеді» деген сөз бар ғой, сол айтпақшы жоғарыдағыдай қиын кезеңдерден де өттік. Ауданда рухани шаралар тоқтаған жоқ деуге болады. Осы жылдарда кезінде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған саяси және діни қайраткер жерлестеріміз де ақталып, олардың рухын елімен қайта қауыштыру шаралары қолға алына бастаған-ды. Біздің ауданымызда да ауыр уақыт болса да алаш арыстары Садықбек Сапарбековтің, Бекайдар Аралбаевтың 90 жылдықтары және діни ғұлама Айқожа ишан Темірұлының 225 жылдығы үлкен деңгейде аталып өткен еді. Баба кесенесі күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл шараларды өткізуде аудан әкімі И.Әбибуллаевтың жігерін, табандылығын және әлі де елде мұндай шаралар өткізу қолға алынбай жатқан уақыттағы батылдығын ел ұмытпайды деп ойлаймын.
 Жазушы драматург – Қалтай Мұхамеджанов (әкесі осы мешітте дәріс берген), Түркиядан арнайы келген дінтанушы ғұлама Халифа Алтай (ҚұранКәрімді қазақшаға аударған) ақын Адырбек Сопыбеков т.б алыс-жақыннан келген қонақтар сөз сөйлеп, ишан әруағына, рухына тағзым етті.
«Күн туды баяғының күндеріндей,
Ақтас тұр мұсылмандық діңгегіндей.
Жақсылар, бір Алладан иман тіле,
Әулие Айқожа ишан -пірлеріңдей» деп сол күнде жзған өлеңім жүректе сақтаулы.

 Осылай Мүзекеңмен 1992-1994 жылға дейін өтпелі, ең ауыр жылдарда қатар қызмет атқардық.
«Алмалық» шаруа қожалығын басқарды. Екі жылдай аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Одан әрі маған аудандағы халық ең көп баратын бөлім- еңбек және халықты әлеуметтік қолдау бөліміне басшы болып тағайындалып, бір жыл өтпей-ақ барлық жұмысын жолға қойып, сегіз жыл істеп, осы жерден құрметті зейнеткерлікке шықты. Менің Мүзекеңнің қай жерге барса да жұмысты жандырып істейтін іскерлігін:
«Қызмет деген әншейін қолдың кірі емес,
Қызмет ету еліңе- оңай жүк емес.
Қай жерге барса жандырып істер жұмысты,
Мүзекең мықты, әншейін көптің бірі емес» – дейтінім содан ғой.

 Иә, Мұзағаң жайлы айтылар әңгіме де, әпсана да аз болуға тиіс емес екенін оны тереңірек білетін жандардың бірі есебінде мойындап, оның тағы да бір-екі қырларын айта кеткім келеді. Мұзекеңнің бабасы – Айқожа ишанның өзінің діни ғұламалығына қоса ақындық, емшілік, тіпті палуандық қасиеттері де болған екен. Бабасынан Мұзекеңе солардың ақындық-шайырлық қасиеті жұғысты болған деуге де болады. Өйткені Мүзекеңнің әрдайым-ақ газет беттерінде толғау-арнау өлеңдері шығып тұратынын көріп жүрміз.

 Баспасөзде әртүрлі тақырыпта тәрбиелік мәні бар мақалалары жарияланып тұрады. Тіпті республикалық «Ақиқат», халықаралық «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» атты журналдарында ана тіліміздің, ұлттық руханиятымыздың жайкүйі туралы проблемалық мақалаларын да оқып жүрміз. Мүзекеңнің өлеңдерінің тақырыбының мықтылығы, ұйқас, өлшемі жайлы жерлесіміз көрнекті ақын А.Сопыбековтің бірде кең түрде талдау жасаған, мақтаған мақаласын оқып риза болғаным бар. Мұзағаңның мұндай шығармашылық талантына оның «Жүректің көзі өмірдің айнасы» атты кітабын оқығанымда да көзім жеткен болатын.

 Ол Елбасының үш рет Алғыс хатын алды (2001, 2011, 2015жж), екі рет (2007, 2011жж) облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Тәуелсіздігінің 10, 20, 30 жылдық мерекелік медалдарымен, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен де марапатталған. Мүзекең ауданның «Құрметті азаматы» (2005ж) ауданның «Құрметті ардагері» (2021ж) атанды.

 Мүзекеңнің туа бітті қайсар да бірбет мінезі бар. Мінезіміз әртүрлі болса да, қатар келе жатырмыз. Жолдаспыз, сыйласпыз, әзіліміз де жарасады. Ол әлі де тұғырдан түскен жоқ, сексеннің сеңгіріне шыққан қартқа ұқсамайды. Жүріс-тұрысы ширақ, спорттан да қол үзбеген, қол еңбегін де жатсынбайды, қайратты, өзі де, сөзі де, қолы да тастай. Құдай қуат беріп қойған жан. Көзі қарақты, көкірегі күмбірлеген шежіре, қазыналы қария.

 Содан да болар, қоғамдық өмірден шет қалып көрген жоқ, қазір Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі. «Ақырын жүріп, анық басып» 80 жасқа шаршамай жеткен сүйегі болат, жан дүниесі де ерекше қатар-құрдасымыз бөлек. Бұл күнде істің көзін білер, елдің сөзін сөйлер, елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып, баспасөздің барлық түрін алдырып оқып отыратын, көзі қарақты қария – Махмутов Мұзарап Махмутұлын мерейжасымен қатарларының, ардагерлердің атынан құттықтап, өзіне алдағы уақытта да мықты денсаулық, ұзақ та мәнді ғұмыр, отбасы бақытын тілейміз!

Зинабдин Шермұхаммедұлы, ардагер ұстаз,
ауданның «Құрметті азаматы», облыстың «Құрметті ардагері»
22 тамыз 2022 ж. 1 730 0