Әлем таныған Әбе


Көркем әдебиеттің корифейі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірден озғанына жүз күннің жүзі толыпты. Жазушы бейнесін оның өзі сомдаған кейіпкерлері арқылы жүрегіне өшпестей орнықтырған елі аман тұрғанда жазушыны өлді деуге негіз жоқ. Ол әлі елімен бірге жасап келеді.


Жазушы туралы естеліктерді көп оқыдық. Әрбірін оқыған сайын балықшы ауылдың майлы топырағын жалаңаяқ кешіп өскен ұланның мінез даралығына мейлінше қаныға түстік. Ұлағат иесіне ұрпаққа үлгі боларлық мінез де керек. Жазушының жеке басын былай қойғанда оның әр кейіпкерінен өзіңді көріп, өзіңе тән мінезді танығанда жазушы құдіретіне бас иесің.
Әбдіжәміл Нұрпейісов Қызылорда облысы, Арал ауданы,Құланды ауыл кеңесіне қарасты Үшкөң ауылында 1924 жылы 24 қазанда дүниеге келген. Орта мектепті бітірер-бітірместен соғыс басталып,он жеті жасында әскерге аттанады. «Курландияны» жиырма үш-жиырма бес жасында жазып, алғаш рет 1950 жылы басылып шығыпты. Кітап сол кезде екі ерекшелігімен таң қалдырған. Біріншісі, өзі көзімен көрген, басынан өткен оқиғаларды алып-қоспасыз табиғи түрде болған-біткен шынайы қалпында суреттеуімен оқырман жүрегін жаулап алды. Оның кейіпкерлерінің барлығы өлімнен қорықпайтын, шетінен қиындық, қауіп-қатерді қасқайып қарсы алар қаһарман емес, ажалға қарсы періште тілеуін тірек еткен қарапайым ғана жауынгер, өмір сүргісі келетін, елдегі ата-ана, сағынған жар, туыс-бауырды іші елжірей сағынып, аман көрсем деген үмітпен соғысқа лағнет айтып, базбір түнде елін, отбасын ойлап көз ілмей шығатын нәзік жүректі пенде. Романның екінші ерекшелігі, қаламгердің тіл құнарының сұмдық шырайлы, мол қорымен тарқатылып кете барар оқиғалар желісін жеңіл тыныс, бай бояумен баяндап бере алуында. Сол кез жастары Әбдіжәмілдің осы «Курляндиясын», содан соң Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» кітабын жастанып өсті десек те болады.
Ол жиырма сегіз жасында КазМУ-дың филология факультетін, 1956 жылы Мәскеудегі екі жылдық Әдебиет институтын тәмамдайды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кең­есші, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1993 жылдан бері Қазақ­стан жазушылары ПЕН клубының Президенті қызметін атқарды.
Жазушының төлқұжаты іспетті «Қан мен терді» қолынан қашан қаламы түскенше толықтырумен, өңдеумен, көркемдеумен өткен қаламгердің дағдысына қарап сөз өнеріне соншалықты құрметпен, жауапкершілікпен қарайтын жан­ның еңбекқорлығына таңданудан басқа шараңыз жоқ.
Әлемдік әдебиеттің биігінен орын алған «Қан мен тер» несімен құнды?
«Қан мен тер» кейіпкерлері азап­ты өмір күрескерлері. Патша үкіметі құлап, уақытша үкімет тұсында енді бостандыққа жеттік пе дегенде қазақ халқын бұрынғыдан да қатал сынақтың күтіп тұрғанын білді. Қазақ баласын солдатқа алу деген шықты. Бірақ іштей есею, ширығу саяси сананың өсіп-жетілуі Еламан, Мөңке, Кәлен, Ақбала, Тәңірберген сынды кейіпкерлердің ішкі толғанысынан анық аңғарылады. Еламан мен Кәлен қазақ адамының жанды образы. Екеуі барлық сынақтарға төзіп келеді де, әділетсіздік шегіне жеткен тұсында ғана бас көтереді.
Жазу – жазғың келгеннен емес, белгілі мақсаттан туады. Айтылатын сәті туып, Құдайдың өзі соны жазу керек екендігін жүрегіне салған уақытында жазушы қаламынан туатын төл перзенті. Бұл туындыны сондай толқыныстың төлі деп есептеген абзал.
«Қан мен терді» Шолоховтың «Тынық Донымен» салыстырып жатады. Қос туындыдағы кей оқиғалар бір-біріне ұқсап жатқанымен жазудағы мақсат бөлек сияқты.Шолохов өзінің сұхбатында «Тынық Донды» 1926 жылы бастағанын және Дондағы революция туралы роман оның алдындағы тарихынсыз түсініксіз болып қаларын аңғарғанын айтыпты. Содан кейін шығарманың оқиғасын жоспарлауға, материал жинап, өңдеуге кіріскен жазушы роман оқиғасын соғыстан бұрынғы бейбіт жылдармен ауыстырыпты. Шолохов революция туралы жазуды мақсат еткен. Ал Әбдіжәміл Нұрпейісов соғыстан еліне оралып, Аралдың шаң топырағын табанымен кешіп жүргенде жиырма үш жаста екен. «Сол күні кешке қарай Арал қаласында тұратын жақын ағасы – Биғабылдың үйіне кеп түсті. Сол бойда столға отырып, қолына түскен бір жапырақ қағазға «Қан мен тер» деген сөз жазылды.Өзінің аз ғана халқының болашақ бақыты үшін қаны мен терін төккен ата-бабалар жайында күндердің күнінде сәті түсіп шығарма жаза қалса, оның атын дәл осылай атармын-ау деген ой бала жігіттің басына алғаш рет сол арада келіп еді». Бұл классик жазушының «Қан мен тер» қалай жазылғаны туралы естелігі.
Аз ғана шоғыр балықшылар ауы­лының адамдары: Еламан, Ақбала, Мөңке, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет, Кәлен, Дос, Қарақатын, тағы басқа кейіпкерлер қазақ әдебиетінің өл­мейтін образдарына айналып үлгерді. Шығармаға бас кейіпкер, жанама кейіпкер іздеген жоқ. Барлығы бас кейіпкердің жүгін арқалаған кесек образдар. Әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын кесек тағдыры бар. Оның себебін күрделендіріп, әр жақтан іздеудің қажеті де жоқ. Жазушы өзінің туып-өскен топырағын, көзбен көрген, бала жасынан көңіліне түйген тірі адамдарды қаламына арқау етіпті. Қарақатынның шайпау мінезі, өзінен аумай қалған қызы Балкүмісті қалай сәтті бейнелеген? Тәңірбергеннің іш­тарлықпен шырмалған бейнесін қа­лай ашып бере алған? Ол Еламанды абақтыға қаматты. Ақбаланы орта жолда тастап кетті. Бейбіт тіршілік кешіп жатқан балықшы ауылдарын екіге бөліп арандатты. Соның барлы­ғына ақыл-айласы жетіп жатқан Тәңірбергендер әр қоғамда да бар. Ал Еламан...

«Еламаның кейбіреулерге сылбыр­лық танытып тұратын ұстамдылығы, көрінгенге көкірегін аша бермейтін тұйықтығы, сырт көзге қой аузынан шөп алмайтын момын кісідей сезілетін ұяңдығы мен ұялшақтығы, не істеп, не қойса да іштей елеп-екшеп, сананың сарабына сап жүретін сарабдалдығы, ең арысы отының басына деген ықыласына дейін өз басымнан өткен өмірімнің дәлме-дәл көшірмесі болмағанмен де мен үшін айрықша жақын құлық пен қылық секілденеді де тұрады» депті автор.

Еламанның ішкі психологиялық иірімдеріне терең үңілген әр жан оның адамдық қадір-қасиетіне барынша бас июінің себебін жазушының осы ақиқатынан таба аларына шәгіміз жоқ.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың бұл еңбегін шетелдің де алып ойлы озық тұлғалары мойындаған, шедевр ретінде бағалаған. Алдыңғы қатарлы мәдениеті мен әдебиетін әлемге үлгі ретінде ұсынып отырған осындай өкілдер жоғары бағалаған «Қан мен тер» трилогиясы сол кезде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан тұста Мәскеудегі СССР Жазушылар Одағына, Коммунистік Партияның Орталық Комитетіне авторды да, трилогияны да қаралап, түкке тұрғысыз етуге бағытталған хаттардың түскені белгілі. «Қан мен терде» жөні түзу бірде-бір орыс жоқ. Тентек Шодыр немесе қатыгез де, мейірімсіз Иван Курнос, көксау комиссар Дьяков. Жазушы мұнымен нені меңзейді?» деп жөнсіз күйе жаққандар да болған. Әбең шығармасы туралы осындай әңгіме қоздатқандар туралы айтқан жанға: «Қайтесің, адам баласының тірші­лік­те бір-бірінің жолына кесе-көлденең тұратыны да, қызғаншақтығы да жаңалық болып па?» деп жақтырма­ған кейіппен қолын бір сілтеп әңгі­мені тоқтатып тастайды екен. Кесек болмысты тұлғаның бұл да бір ірілігі, даналығы болса керек.
Ұлт татулығын тереңінен толғап, ақиқатты жеріне жеткізе алған жазушы шеберлігін ұлы халық саналған орыс қаламгерлері де шынайы мойындады. «Қан мен тер» трилогиясының үшін­ші кітабы «Күйреудің» аудармасын «Дружба народов» журналына жібер­генде бас редакторы, сыншы Леонид Теракопян оқып шығып: «Кітап, сөз жоқ, сәтті шыққан. Онда қапысыз жазылған ұтымды сәттер өте көп. Бірақ өз басым бүкіл бөлімнің ажарын ашып тұрған Тәңірбергеннің басындағы ақтық көріністер деп білем...» деп баға беріпті. Адам баласының жаны шығарда бүкіл өмірі бір сәтке көз алдынан өтеді дейді. Ол өткен өмірін ойлап, артына көз жібергенде басынан ұшқан баққа сене алмайды.
Қай ұлттың да ең басты киелісі де, қасиеттісі де – ділі, тілі. Осы киелеріміздің кемдік көріп, кеудесін бастыруға төзбеген, сол жолда Алаш аманатын арқа тұтып, қылышынан қан тамған Компартия басшысының алдында ұлт тағдырының ақтық сөзін айта алған азамат тұлғаның батыл сөзі әр қазақты шын рухтандырды. Жазушының сынынан соң нәтиже шығып, сең қозғалды. «Тілдер мәрте­бесі» туралы мәселе мінберге шықты.
Ұлт маңдайына біткен асылдай ажал оғы себелеген майдан дала­сынан есен-сау оралып, соңына бағасыз мұра тастап кеткен Әбдіжәміл ағаға деген сағыныш әр жүректі сыздатып тұр. Жұбаныш іздегенде кітабын қолға алып, қанмен жазылғандай қастерлі баянды қайта парақтаймыз. Бұған да тәуба!

Баян ҮСЕЙІНОВА
28 мамыр 2022 ж. 2 058 0