Әке тағылымы

Бұл өмірде әке ұлағатынан қадірлі не бар екен, ә?! Әкесіз өткен жүз күннен аса уақытта санаға осындай ой келеді. Ағартушылық салада сара жол салған әкемнің өмір-өткелі бізге өнеге екені анық.
Бізге туып-өскен Төменарық топырағының қасиет-қадірі, Ұлы Жібек жолының бойында өркендеген Сығанақ шаһары мен Көккесенің мән-маңызы, ондағы әрбір төбе мен тарихи жерлердің ғибраты туралы санамызға сіңіріп, отаншыл болып қалыптасуымызға мән берді.
Бұл кім деп отырған боларсыздар? Еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Кәрім Жұмабайұлы туралы толғамды ой өрбіткім бар.


Әкем атадан жалғыз тұйяқ. Бабаларымыз Қаратау мен Сырдың арасында ұрпақ өрбітіп, өніп-өскен әулет.
Ол білім-өнерге қызығушылығын жастайынан танытады. Ол кезде 8-10 жастағы балалар бірінші сыныпқа барса, әкем бес жасында мектептің қабырғасын аттайды. Құтты «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» кино-сюжетіне ұқсайды. Кейде осы фильмді көргенімде әкемнің мектепке барғанын көз алдыма елестетемін.
– Менің бірінші сыныпқа қабылдануымның өзі күтпеген жағдай болды. Ұмытпасам, тамыз айының жиырма бестері. Ауыл балаларымен бірге мектепке бардым. Шетте тұрғанмын. Маған көзі түскен мектеп директоры аты-жөнім мен мән-жайды сұрады. Мен оқығым келетінін баяндадым.
«Олай болса, құжатынды жина» деді ол.
Болған оқиғаны анама айттым. Сөйтсем, директор Шанақов біздің отбасымен сыйлас жан екен.
Не керек, 5 жасымда мектеп табалдырығын аттадым.
Ол кезде Төменарықта теміржолға қарайтын төрт жылдық мектеп болатын. Сонда сауат ашып, өмірге деген көзқарасым қалыптасып, ілім жолына түстік, – деген әкемнің әңгімесі әлі жадымда жаңғырып жүр.
Қазақ ежелден ұрпағын ілім-білімге баулып, өмір философиясын терең түсінуге бағыттап отырды. Олай боламаса, дала академиясының ірі-ірі өкілдері әл-Фараби, Яссауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалар қайдан шығады?!
Мыңжылдықтардан тамыр тартатын дала академиясының өкілдері ұлттың рухани-мәдени өмірінің бағыт-бағдарын айқындап, жол көрсетсе, осы тыным-тағылымнан нәр алған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және т.б қайраткер тұлғалар ұлтқа қызмет етудің сара жолын көрсетіп кетті.
Менің әкем алаш қайраткерінің өнеге-өрісін өмірлік ұстаным етіп, өзінің мінезімен, көзқарасымен, парасатымен елге қызмет етуді көздеді. Оның бойында мұндай қайсарлық мектепте білім алып жүргенінде-ақ байқала бастады.
Бұған дәлел ретінде бір оқиғаны баяндап берейін.
Әлі он жылдық мектептер барлық елді мекенде қолданысқа енбей тұрған кез. Жеті жылдық мектепті бітіріп, Шиелі кентіндегі интернатта жатып, білім алуын жалғайды.
Мектептен тыс уақытта анасына қолғабыс болу міндеті екенін жақсы түсінеді. Бірақ оған мүмкіндік қайда? Қазіргідей күнделікті Шиеліге қатынау қайда?! Жолаушылар поезымен, ара-тұра тауар таситын поездбен ауылға келеді.
Содан туған ауылында «10 жылдық мектеп неге ашылмасқа деген ой келеді. Сөйтіп, Қазақстан үкімітінің төрағасы Бейсамбаевқа өтініш жат жолдайды. Ол кезде тоғызыншы сыныпта оқиды.
Бұл оқиғаны әкем тіпті қызық етіп айтып беретін:
«Мектеп директоры Әбіласан Әшірбеков шақырып жатыр деді. Жетіп бардым.
Күлімсіреп отыр екен. Мені көріп қабағын түйіп:

«Сен Бейсембаевқа хат жазып па едің?» деді.
Не дерімді білмей, қобалжып, аузыма сөз түспей қалды.
– Үкімет басшысына хат жаздың ба?
– Иә!
– Оған не себеп болды? Әлде біздің мектеп ұнамай ма?
– Жо-жоқ! Ұн-а-а-й-ды! Ауылда анам жалғыз. Сабақтан тыс уақытта анама үй шаруасында көмек тескім келеді. Сондықтан ауылда он жылдық мектеп ашылса дегенім ғой!
– Онда құтты болсын! Төменарықтағы мектепте тоғызыншы сынып ашылсын деген нұсқаулық беріліпті. 9 оқушы жиналса, ауылында сынып ашып, оқуды сонда жалғастыруға болады.
Тоғызыншы сынып ашылды-ау, алайда 10 сыныпқа бала саны толмай, Жаңақорған кентінде мектепті бітірдім. Кейде ауылдағы қазақ-орыс мектебінің ашылуына аз да болса үлес қостым деп оймаймын».
Коммунистік жүйенің мызғымай тұрған кезінде үкімет басшысына хат жазу үшін адамға біріншіден – мінез, екіншіден – сөз өнерін ұстауы керек. Ал, сөз өнері әр адамның басына қона бермейтін бақ екені даусыз.
Мектепте оқып жүрген кезінен қаламгер болуды арман етіп, КазГУ-дің журналистика факультетінде жоғары білім алуды армандайды. Бұл жолда «Қазақстан пионері», жергілікті «Екпінді» газетінде өлеңдері мен мақалаларын беріп тұрады.
Оныншы сыныпта қатарластары зоотехник, агроном болуды мақсат етіп, ауданның дамуына үлес қосуды ойлайды. Мұратшыл әкем қатарластырынан қалсын ба? Туған жерді гүлдендіруде аса маңызды мамандықты таңдайды. Ол – гидротехник. Ондағы ой – Сыр мен Қаратаудың аралығындағы бос жатқан жерлерді суландырып, ну далаға айналдыру.
Осы ойдың жетігінде ауылшараушылығы институтына құжат тапсырғанымен, оқуға түсе алмайды. Намысшыл азамат ауылда жата ала ма? Аудандық әскери комиссариатқа барып, армияға алуын өтінеді.

1954 жылы күзгі шақырымда Башқұртстанның Белебай қаласында сержанттар дайындайтын полктік мектептің артбақылаушылар дайындайтын бөлімінің курсанты болып шыға келеді. Жыл толмастан артбақылаушы деген мамандық алып, дивизияларға бөлінеді.
Әкем әскер сапында жүргенінде болғаны қызықты оқиғасын айтып берген еді.
Оқиға былай өрбиді. Сарбаздар кезектілік бойынша полктың артиллирия қарулары сақталатын қойманы күзетеді. Әскери тәртіп қатал. Түнде көз ілмей күзетуін керек. Жан баласын стратегиялық нысанға жолатпау міндеті бірінші орында тұрады.
Адамдар қалың ұйқыға кеткен төрттің шамасында стратегиялық нысанда белгісіз адамның жүріс-тұрысы естіледі. Қараңғыдан түрі көрінбейді.

– Тоқта! Бұл кім?
– Майор Петров (Петров деген полк командирінің азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары болатын).
– Онда құпия сөзі айтыңыз!
– Бұл майор Петров. Сарбаз, сабаңызға келіңіз!
– Жоқ. Тоқтаңыз! Бомаса оқ жаудырамын.
Сарбаздың айтқанынан қайтпайтынын түсінген белгісіз адам кері шегініп, көзден таса болады.
Ертесіңе полк комондирінен шұғыл келсін деген бұйрық келеді. Командир түндегі оқиғаны біліп, әскери қызметі үшін 10 күнге қысқа мерзімді демалыс береді.
Әскерден келгеннен кейін Қызылорда педагогикалық институтында орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім алып, Төменарықтағы «Горняк» орыс орта мектебінде еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып ауысады.
Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болады. Әкем бұл қызметті ауылда жүріп атқарады. Анығын айтқанда, басшылар қызметті ұсынғанында ауданға қатынып жұмыс істемейтінін кесіп айтады. Содан бөлім бөлімінің басшылары әкем зейнетке шыққанға дейін аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін ауылдан ашады.
Зейнетке шыққаннан кейін журналист боламын деген балалық мұратын шыңдап, қаламын қолына алып, «Жаңақорған тынысы», «Сыр бойы», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газетіне ой-пайымдарын ортаға салып, тұрақты мақалалар жариялап тұрды. Ұстаздарға арналған бірнеше мерзімді басылымның тізгінін ұстайды.

Адамдықтың тағылымын сіңіріп, елге адал қызмет етуді өсиет еткен шаңырақтан Ләззат, Жаннат, Гүлшат, Ғалымжан, Бауыржан, Мейіржан, Ақмарал есімді ұл-қыздары көктеп, өсіп-өніп, бір-бір әулеттің тірегіне айналып, әке көрсеткен жолдан айнамай келеді.
– Алланың бойыма берген қабілет-қарымымен елге азын-аулақ еңбек сіңірдім. Бастысы, саналы ұрпақ өсіріп, олардың бойына адамдықтың, адалдықтың дәнін септін. Ендігі ұрпақтың сапасы сендердің мойындарында, – деген әкемнің ұлағаты біз ұстанар қағидаға айналды.
Әкемнің бізге қалдырған тағылымы осы!


Қайрат ЖҰМАБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы

25 мамыр 2022 ж. 2 113 0