№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алтын құрсақты Ана

Алтын құрсақты Ана


Дүниеде жаны бар атаулының барлығы ананың жүрегінен жаралған. Пайғамбар да, хан да, батыр да, бағлан да ана құрсағынан таралған. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, сені дүниеге әкелген – Ана. Әлемнің жарығын сыйлаған – Ана. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ана алдыңдағы парызыңнан құтыла алмайсың» дейді бір тәмсілде. «Жұмақ ананың аяғының астында» – деп те ана алақанының жылуын, шуақты мейірімін жұмаққа теңеп жатады.


Қосүйеңкі ауылы өзінің тұлғалы ғалымдары, ақын, жазушы, еңбек ерлерімен де, сол дарынды таланттарды дүниеге әкелген Батыр аналармен де мақтана алады. Кешегі Кеңес дәуірінде, алды он бес, арты он бала туып, асырап, өсірген, кеуделеріне «Батыр ана» медалін таққан аналар тобы бір лек.
Қазірде көз тірі аналарды тізбектесек: Жанайым, Ұлмекен, Тыныштық, Мәндіқыз, Зульфия, Рыскүл, Тотыгүл, Шарипа, Бибайша, Бибігүл, осылай жалғасып кете береді.
Жеті айлығында әкеден жетім қалған Бибігүл анасы Ақбаланың тәрбиесінде өсті. Екі жасқа жетер-жетпесте соғыс басталып кетті. Анасы Ақбала жұрт қатарлы еңбек майданының бел ортасында жүрді. Бірде мал соңында, бірде шөп шабу, бидай орағында, түнде майданға киім-кешек тігіп, қолғап тоқып, таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек етті. Кішкентай сәби Бибігүл анасының етегіне орала жүріп ержетті. Анасын аяп, бейнетінің жартысын арқалады. Он жеті жасында Иманбек деген жігітке тұрмысқа шықты.
Бұл өткен ғасырдың, 1956 жылдың тамыз айы еді. Екі жас ауыр да болса, қиындықтан қорықпай, кеңшардың бір отар қойын қабылдап алып, жеке өмірлерін бастап кетеді. Содан бақандай отыз бес жыл өмірлері мал соңында өтіпті. Ыстық-суығы мол шопан тұрмысы екі жасты шыңдай түсті. Алдарындағы отары өз төлінен көбейіп, абырой-атақтары биіктеп, озат шопандардың бірі болды. Алты қанат ақ боз үй тігіп, шаңырағынан қонақ үзілмейтін, берекелі дастарханы жиылмайтын қонақжай отбасы болды. Жасында анасынан кілем тоқу, текемет басу, ою ойып, кесте тоқуды үйренген Бибігүл ақбоз үйін өзінің қолымен жасақтап, жайнатып қойды. Алла еңбектеріне береке беріп, несібесін арттырса, ұл-қыз беруде де ана құрсағын кем қылмады. Алтын құрсақты ана атанды. Құдайдың берген он бес ұл-қызын дүниеге әкелді. Тек екі шақалағы жастай шетінеп кетті. Қалған жеті ұл, алты қызды мәпелеп өсірді, мәуелі баққа айналды. Ағайыннан жалғыз өскен Имекең ағамыз бен Бибігүл жеңгеміздің шаңырағы шаттыққа толды. Ұлы ұяға, қызы қияға қонып, өрісі кеңіді.
Шопан болу, ұшан-теңіз тауқыметі таусылмайтын қиын кәсіп. «Егінші жауында, балықшы дауылда, қойшы өлгенде тынады» деуші еді. Әй, бұл қойшыға берілген дөп сипаттама. Қазағым басынан өткен соң айтқаны да.

Қыстың бораны, жаздың аптабына шыдамдылықпен қарсы тұрды. Бибігүл жеңгеміз сексен екіге келсе де, әлі ширақ, сөзі түзу. Басынан өткен көп бейнеттің біразын әңгімесіне арқау етті. «Е, несін айтайын, талай нәрсе өтті ғой. Қойшы тірлігі таң атқаннан күн батқанша дейін таусылмайтын азап тірлік. Қыста қора тазалау, малға жем-шөп салу, қиын үйіп қойып кешке қайта жаю, көктемде мал төлдетіп сақпан бағу, жазда ағаларың көкпар шауып, «серілетіп» кеткенде, балаларды үйге қамап кетіп, мал жаю сол кездегі біздердің үйреншікті ісіміз еді. Көң ойып, тезек теру, күнде табаға нан жабу, жусан шауып оны арқалап тасу, тамақ пісіріп, ас дайындау, бәрі-бәрі қолымыздан өтті ғой. Оқу жасындағы балалар үйден жырақ интернатта оқыды.

Ағаларың 1991-жылы зейнеткерлікке шығып, Қосүйеңкінің орталығынан даңғарадай үй салып, осында көшіп келдік. Шалым сөзге шебер, шежіреге қанық кісі еді. Көргенін, естігенін, оқығанын еш ұмытпайтын. Кітапты көп оқитын. Кітапханадан үзбей кітаптар алып оқитын. Сол кездердегі шопандар газет-журналға көп жазылатын. Қалыңдығы бір кітаптай болатын «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарымен қатар, газеттерді де почташы ай сайын үйіп-төгіп әкеп тастайтын. Күндіз қой соңында жүріп, етік қоңышына кітап, журналды салып алып, мал жусағанда жата қалып, кітап оқығанның рахатын қойшыдан артық білетін жоқ. Күнделікті жаңалықтарды, сазды әуендерді шағын радиоқабылдағыштан тыңдадық. Радио ердің басында ілулі тұратын» – деп бір қайырды Бибігүл жеңгем. «Қыста сырға салу, көктемде мал төлдету, жазда жайлауға көшу, күзде күзеуге түсіп мал қашыру машақаттары өз алдына бір төбе әңгіме. Бейнет дейміз бе, әлде өмірдің қызығы дейміз бе? Қазіргідей күнін санап, сағатын біліп отыратын аспап жоқ, көшіп жүріп бала босанған, баланың кіндігін әкелері кескен жағдаяттар қанша. Жылдың кез-келген уақытында үйде отырып босана беретінбіз. Құдайға шүкір, сол балалар аман-есен ержетті. Аяғы шығып жүруге жарағанда жалаң аяқ, жалаң бас қар-жаңбына қарамай, ойыннан қалмайтын қарадомалақтар ауру-сырқаудан аман болып, денсаулықтары мықты болып өсті. Құдайдың құдіреті шығар. Сөз арасында, «өзімнің бастан кешкен өмірім жайлы жүз беттей естелік жазып едім. Кейіннен, менің көргенімді ұрпағым көрмесін, білмей-ақ қойсын деп жыртып тастадым» – деді. «Қап» – деп өкініп қалдым. Тағдырлары шежіреге толы көнекөздің көргенінің өзі кейінгіге өнеге ғой.
Айтпақшы, 8 наурыз Бибігүл анамыз­дың туған күні екен. Алланың берген 7 ұл, 6 қыздан өрбіген 37 немере, 23 шөбере сүйіп, миуалы баққа айналған анамызды туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жұмақтың кілті – ананың табанында, шуақты мейірімінде, жұмсақ жүрегінде!

Қалмұрат Мұсабекұлы,
Қосүйеңкі ауылы.

06 наурыз 2022 ж. 524 0