№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сағыныштан сая тапқан жан еді

Сағыныштан сая тапқан жан еді


Кешелері Астанадан қайғылы хабар жетті. Сыр топырағында өсіп-өніп, ерекше қабілетімен елге ерек таныла білген белгілі сазгер Аманбай Өтебаев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Әттең, енді таяу күндері туған жерінде ол кісінің 75 жасқа толу мерейтойы аталып өтпек еді. Бір көңілге тоқ санарымыз, 2018 жылы күзде ол кісімен сұхбаттасып үлгеріппіз.

«Жетпіс жасқа толған саналы ғұмырына ой жіберіп, саралап сал­мақтап қараса, сағым жылдардың барлығы сағыныш болып, жүректі әлдилеп, жарық дүниеге ғажайып құштарлықпен ынтықтыра түсерін таразылағандай болады. Ел басына күн туған, қиын-қыстау сәтте тірі қалудың қамымен Тәжікстан асып, мұсылман бауырларын паналаған қазақ отбасында дүниеге келген үлпіршек апыл-тапыл қадам басып, ала тақия киген тәжік-өзбек бала­ларымен араласып, балалық бал дәуренін өткізген құмды жотаны әлі ұмытпайды. Уылжыған шабдалы мен анары, таупістесі мен жаңғағының дәмі таңдайына келгендей тамсанып, бейкүнә шақтың қымбат естеліктері кейде түсіне де кіреді. Айнадай мөлдір әйнектің аржағында ап-анық елес берер пәк көңілдің қауырсын қанаттары ғажайып бір сағынышқа айналған. Елім, жерім деп еміреніп, арманы бір түгесілмей, ақыры ата-баба қонысына аяқ іліктіріп, көңіл демдеген тілегі қабыл ата-ананың құшағында ержетіп, атұстар азамат атанып, түтін түтетіп, бүкіл жастығын, жалынын халық қызметіне жұмсап, қоғамның адал жауынгері болған өткен күн парақтары, о дағы сырлы сағыныш, үздіктіріп үмітпен қауыштырған, ба­қыт­тың өзін әкеп табыстырған өмірі­нің жалғасы – перзентінің есімі де Сағыныш, ғұмыр бойы жазған төлту­маларын кітап етіп құрастырып, оқырман қолына ұсынған жинағының аты да – Сағыныш» деп жазған екенбіз, осыдан бес жыл бұрын жетпіс жасқа толған өнер иесі туралы ой толғауымызда.
Ол – кім? Ол – туған жердің тұл­ғалы азаматы, әнші, термеші, ақын ағамыз Аманбай Өтебаев.
Аманбай Өтебаев 1948 жылы Тәжікстанда дүниеге келген. 1929-30 жылдардағы геноцидтің зобалаңынан бас сауғалаған ата-бабасы атамекенін аңсап, зарығып жүріп, туған жерге оралуға 1959 жылдары мүмкіндік алған екен. Аманбай 4 сыныпқа дейін бірде қазақ тілінде, бірде тәжік тілінде білім алып, 5-сыныптан бастап Екпіндідегі мектепте оқыды. Екпінді-нағашылардың мекені, наға­шысы Қаныбеков Тазабек деген кісі нағыз шайыр, озық өресі өнерге суғарылған, суырып салма ақындығы да бар сауатты кісі еді. Ал бұлар болса әбден қазақы қайнардың суатына шөліркеген, тілін де, үнін де, әнін де, сәнін де, жырын да, мұңын да сағынып жеткен қамкөңіл жандар емес пе, өзге елде жүрсе де ана тілін арындай қорғап, аялаған, ұзақ түндер қоржын тамда шам жарығы сөнбей, қазақтың хисса-дастандары – «Мұңлық пен Зарлықты», «Көрұғлыны», «Қырық қызды», таңға дейін жырлаған алау шақтар Аманбайдың әлі есінде. Сол сәттердің әсері бала көңілдің түкпі­ріне ұялап, қаяулы жүрекке от берер, жалын берер қасиетті сөздің қадірін сәби санада зерделеп ержетті. Екпіндінің мектебінде оқып жүргенінде қабырға газетін шығаруға белсене атсалысты. Сегізжылдықтан кейін аудан орталығына келіп, №187 өндірістік-техникалық училищесінде кәсіптік білім алуға ден қойды. Одан әрі Түркістан индустриальды-педа­гогикалық техникумында білім ал­ды. Бірақ өмір ағымы оны кәсіби мамандығынан бет бұрып, қанда бар қасиетке жеңдірді.
Ол еңбек жолын Сунақата ауылдық клубында бастады. Мәдениет отауының енді еңсе түзеп келе жатқан тұсы болатын. Одан әрі Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, Төменарық ауылындағы клубта жұмысын жалғастырды. 1975 жылдан бастап автоклуб меңгерушісі, кейін жеті жыл Төменарықтағы музыка мектебінде терме класына дәріс берді. Бір жылдары ауылдағы мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, жанарында оты, қанында қайраты бар бірнеше ұланды қазақша күрестен республика деңгейіне спорт шебері атандырды. Ауылда спорт мектебін ашып, шешен, грек, түрік өкілдерінің өрендерінен өр кеуделі өспірімдердің талабын тасқа жанып, облыста «Романов жүлдесі» үшін сайыста Бас бәйгені жеңіп алды. Жүз қаралы мықты спортшыларды даярлады. Бұл Аманбаевтың екінші қыры. Жұдырық жеңісі мен өнердің өрісі, бұл екі түрлі ұғым ғой. Бексұлтан Байкенжеев ағамыз осыны еске салып, «Ал, Аманбай, сен енді бірыңғай өнерге түс, қазір ұлттық дәстүрге, ән-күйге қатты мән беріліп жатыр ғой, ауылыңа өнер мектебінің филиалын ашып берейін, соның жұмысын басқар»,-деп ақыл-кеңесін берді. Ол филиал кейіннен музыка мектебі болды. Соның жұмысын басқарды. Зейнетке шыққанға дейін Төменарық ауылдық клубы меңгерушісі қызметін атқарды.
Бақ – баққанға емес, маңдайға бітеді
Біз білетін Аманбай Өтебаев асып-таспайтын, бірақ табандылығы талабынан аңғарылып тұратын, жылтылы кем жайбарақат мінезді, кішіпейіл азамат. Бірақ өнер десе арқасы қозып, арындап, тау суындай таситын, тәмам жұртты тұнық өнердің құдыретіне тәнті етіп, өзі де табан асты құзар шыңға қалықтаған қырандай шалқитын қуаттың иесі.
Аманбай ағаны жерлестері - бізден де гөрі жетік білетін бір құрдасы бар. Құрдас болғанда да анау-мынау емес, баяғыда Кеңестер Одағының әскерінде тағдыр түйістіріп, шыңдалып, «Мой адрес не дом и не улица. Мой адрес – Советский Союз» деп жар салатын сан ұлттың сарбаздары қатарында бірге «служить» еткен «фронты», бүгінде қазақтың қадірлі жазушысы атанған Жұмабай Шаштайұлының лебізіне құлақ түрейікші.
Ол былай дейді: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына таман Аманбай екеуміз әскер қатарында бірге қызмет еткен едік. Бір адамды елу жылға таяу білу осал уақыт емес-ау. Көзге бірден ұратыны бойында жалт-жұлты жоқ Аманбай жастайынан көп еленбей жүре беретін. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен шақырылғандардың арасынан кавказдықтар қойма жағына, өзбек ағайында асхана маңына бейім болып келеді, қазақ жігіттерінің мұның бірімен ісі болмай, оқшау қалатын. Бірақ ар-намысқа келгенде қарап тұра алмайтын қасиеттері бар. Тіпті шарқ-шұрқ төбелесе кетуден тайынбайтыны, сондай жұдырықтасудың бірінде Аманбай бас бармағын сындырып алған еді. Жаны қиналса да жақ ашпады. Есесіне әңгіме ән-өлеңге қарай ауса, жанып кететін. Өнерге деген мұншалықты құштарлықтың түпкі сыры оның жаратылысында жатыр-ау деп топшылайсың. Өнерді мұнша құлай сүйген адам өмірде өте сирек. Сондай ынтызар құштарлықты Аманбай жетпіс жасында да қолына алау етіп ұстап келеді. Бұл көп адамның бойынан табыла бермейтін қасиет. Міне, осы қасиетімен Аманбай қадірлі».
Ең үлкен атақ – елдің бағасы
Аманбай аға бүгінге дейін алпыстан аса ән жазған, ауданнан бастап, облыстық, басқа да байқаулардың жүлдегері атанып жүрген композитор. Аманбай әндерінің бір ерекшелігі, оның өзгеге ұқсамайтындығы. Қоңыр әуезді, мұңлы мәнерімен жүрегіңді жұмсақ әлдилейді. Қазақы мейірімділігімен, назқоңыр нақышымен көңілге қонады. Оның «Көзіңнен айналайын» деген әні бар. Өлеңін де өзі жазған:
«Ешкімге еленбеген,
Тұңғиық тереңдермен.
Жанымды тербейтұғын,
Көзіңнен әлем көрем.
Қуанып жайраңдайын,
Жаным деп аймалайын
Айдындай мөлдіреген
Көзіңнен айналайын».
Қалың қазақ даласына қанат қағып кете барған оның «Гүлсара»әнінің орны өз алдына оқшау тұр. Сыр бойы мен Қаратау өңірін жайлаған малшылардың әнұранына айналып кеткен «Кеңқорық – жайлауым» жылда өтетін шопандар тойы Аманбайдың осы бір әнімен басталмаса жайлау сәні кірмейтіндей.
Аманбайдың «Анашым», «Аралым», «Сағынсам да», «Гүлнар қыз», «Аққу қыздар» атты әндері әуезді өрнегімен жанды баураса, «Азат елім-тірегім», «Замана болмысы», «Бейбіт күндегі ерлік», «Ардақтайық асылды», «Аралым-айдыным», «Киелі елім-Шиелім», «Ана даусы», «Сәби ғасыр», «Ұлт тұғыры», «Жәннат бағым-Жаңақорған» жырларында ата-ана, туған жер, өскен елге деген перзенттік махаббаттың тазалығы тұнып тұр.
Міне, осылайша жалғасқан ғұмыры, сыйлаған жырдың шырынын әз-аға ешқашан да армандамапты мансаптың биік тұғырын. Барға қанағат қып, талант жауһарын туған халқына тарту етуді ғана білген оның қаламынан аңсарлы көңілдің әппақ сәлеміндей болып арнаулар, достық әзілдер, құттықтау тілектер, мерейтойлық лебіздер жарық көріп, мерзімді баспасөзде жарияланып тұрды. Аудандық төл басылым - «Жаңақорған тынысының» 70 жылдық мерейтойында
«Жаңалық пен жақсылықтың                    жаршысы,
Жамандықтың тіліп түсер қамшысы,
«Ел айнасы- «Жаңақорған тынысым»
Оқырманның саған шексіз алғысы.
Ғұлмат шақта елмен бірге түн қаттың,
Жылағанның жасын сүртіп құрғаттың.
«Ауылдағы ұл-қызымен жарына
Қан майданнан сәлем жолдап
тіл қаттың
Семсер тілмен араладың алапты,
Аямадың жеміс берер дарақты.
Отты жермен айтар ойын айшықтап,
Елімменен бір тараттың Манапты.
Газетім деп туған халқың елейтін
Жығылған мен сүрінгенді демейтін
Шындықты айтар шымыр болсын
әр сөзің,
Қиянаттан қысылғанды жебейтін». –
деген шынайы тілекпен туған жер жарияланымына мәңгілік Ескерткіш орнатты.
Ауылда туып, ауылда ғұмыр кешіп, асқақ мұратты ұстанған ақынның осы деңгейден танылуына ата-ананың ықпалы да аз емес екен. Әкесі-Бердіәзім ел ішінде талай сөз сайысына қатысып, айтысып, қара сөзді қадір тұтқан кісі болса, анасы Сәрсенкүл де өнерден қаражаяу емес, өзі болыстың қызы болыпты. Бай, дәулетті жердің қызын өнері асып қаратқан әке бойындағы ақындық қасиет перзенттерінің ішінде Аманбайға келіп қонған тәрізді. Қалған балалары –Орынбасар, Жолдыбай, Бақтыбай, Базарбай, Тәжібай, Мырзабай, бәрі де бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып өсіп-өніп жатыр. Әкеден жалғыз болған Бердіәзімнен тараған ұрпақ «Бір ұлың бір қауым ел болсын» деген шынайы тілектің шамшырағы іспетті.
Аманбайдың нағашылары да өнерден кенде болмаған екен. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен нағашысы Пазылбек туралы Адырбек Сопыбеков поэма да жазды. Сонда Пазылбектің ерекше өнерлілігі, сырнайдың, домбыраның құлағында ойнаған тума таланты жөнінде терең толғанған.
Аманбайдың тағы бір ерекшелігі, оның төкпе термешелігі мен әсем әншілігі, әрі ақындығы. Ол жұртшылыққа ең алдымен айтыс ақыны ретінде танылған-ды. Ауылдық айтыстан бастап аудандық, облыстық және республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға талай рет ие болған. Ол кезінде Есіркеп Қоңқабаев, Ертай Кенжетаев, Әмір Мажитов, Нұрберген Тастаевтармен жыр додасына түсті.
Аманбайдың отбасына тоқталсақ, өмірлік жары Тәрбие апайымыз да өнер адамы. Музыка мектебінде дәріс берген. Қазірде зейнеттік демалыста. Ұлы Сағыныш әке жолын қуған даралығымен танылды. Баянда, домбырада, гитарада ойнайды. Оқушы кезінен байқауларға қатысып, топ жарып жүрді. Республикалық байқауда Бас жүлдені жеңіп «Дарын» сыйлығына ие болған жеткіншек қазірде Рауан, Саян, Махамбет атты үш ұлдың әкесі. Қазақ радиосында қызмет істейді.
Ақын ағаның жетістіктері, марапаттары жөнінде тоқталсақ. «Астананың 10 жылдық» мерекелік медалімен марапатталған. «Қазақстан Мәдениет қайраткері» атағына екі рет ұсынылғанымен орта жолда кері қайтты. Бірақ өзі бұған өкініп, аса қынжылған емес. Өйткені Аманбай ағамыз үшін ең үлкен атақ «Халық ақыны» екендігі. Ол одан қымбат, одан жоғары бағаны қажет етпей өткен азамат.
Әбекең кемелденген шағында Ас­тана жаққа қарай қоныс аударды. Негізі, әу баста мұндай жоспары жоқ-ты. Зейнеткерлікке шыққан жылы бюрократияның пәрмені мұның нәзік болмысына кереғар көңіл-күйді туын­датып, тағдырында толқын жүріп өткендей болды. Өнер адамының әлсіз тұсы да осы, әдейілеп сөйтейін демесе де сәл әдепсіздікке жан әлемі жараланып, беті қайтып, балаша жасып қалатыны. Көзге көрінбей жағаға жармасқан қия­натқа қылар қайраның да қалмайды екен. Бұдан әлсізді оң жаққа алып ұрып, таза жеңіске жететін баяғы қазақша күресінің тәсілі әлдеқайда әділ екен ғой.
Бірақ, бүгінде ойлап қараса, ел ордасы – Астанаға келгеннен кем түскен жері жоқ қайта өнер ордасына, әдеби, мәдени ортаға бір табан жақындай түсті. Астаналық ардагерлер ансамблінің белді мүшесі болды. Түрлі шаралармен, мәдени кештермен, концерттермен Ас­тананың оқу орындарында шәкірттер мен сту­денттер ортасында зиялы қауым арасында жарқылдап жүргені жанына медет болды. Жүрегі соғып тұрғанда өлең жазбауы, ән тудырмауы мүмкін емес екен. Өмір дегеніміздің өзі – тұнып тұрған ән ғой. Көзі жұмылғанша көңілден шыққан көрікті сөз, мәнерлі сазымен тәуелсіз елінің әрбір жетістігіне сүйініп, руханиятқа қызмет етіп өткен үлкен жүрек иесінің есімін халқы мәңгі ұмытпайды.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
28 ақпан 2022 ж. 592 0