» » » Ел қамын жеген Едіге

Ел қамын жеген Едіге

Қазақылықтың қаймағы саналатын қасиетті аймағымызда осы болмысы өзіне бірде бақ болып байырқаласа, ағайындық бұра тартулар сынды ұнамсыз көріністер сор болып жабысатын да сәттер аз емес. Осындай өңірге қолы да, ары да таза, принципшіл азамат Еркін Нұржанұлының басшы болып келуі біраз құндылықтарды қалыптастырып кеткенін айту керек.
Ол басшылыққа келген күннен бастап мемлекеттік қызметтегі ішкі жағдайды бір жүйеге келтіру үшін қатаң шараға көшті. Салмақты талапты өз қарақан басынан бастағандай. Облыстың бұрынғы басшылары кең үйлерде, жағасы жайлау тыныштықты ұнататын. Ал бұл кісі елдің бірі болып көп қабатты үйде тұрды. Қызмет орнына арнайы бекітілген көлігімен емес, жаяу баратын. Үй-іші егелеріне дүкендер мен базарға қызметтік көлікті жекпейтіні туралы сөз елге жетіп жатты. Ол тәртіпті қызметкерлердің киімінен бастады. Құндыз, бөрік, ондатр шапка киген басшының қарапайым киініп, халықтың арасына жақын сіңісуін қалады.
Өйткені қымбат киімге малынғанға жалақыдан басқа табыс төгіліп тұрғаны қарадай көрініп тұрады. Ол қарапайым елдің ашу-ызасын тудырады. Сосын ортақ мүддеде қалай ауызбіршілік болады?
Осы тәртіп жергілікті жердегі бас­шылардың да бәрінің есін жиғызды. Үй айна­ласындағы биік қоғандарын бұзып тастап, ағаш шарбақпен қоршатып, өмір тіршіліктері елге ап-анық көрініп тұрды. Мемлекет қаржысына титімдей қол сұғушылық сыбағасыз қалмады. Бұл кісі бұрын өзі басқарған Торғай, Көкшетау жақтан сенімінен шыққан іскер де, адал кадрларды жанына алып, өңір өміріне жаңаша мазмұн дарытты.
Келгеніне әлі де айға тола қоймаған кез еді. Бірінші хатшы алғашқы елмен танысу жұмысын Жаңақорғаннан бастады. Оңтүстіктен бері қарай ел жағдайын көзбен көруді ойлаған болу керек. Бұрынғы тәртіп бойынша басшылардың жүріп өтетін жолдары алдын-ала белгіленіп, сол бағыт бойынша жоспар құрылатын. Сөйлейтін адамдардың тізіміне дейін сақадай-сай тұратын. Мен ол кезде Жайылма ауылындағы сегізжылдық мектебінде директор едім. Алғаш басшылыққа келгенімде ұрмадан асарлатып со­ғылған төрт бөлмесі ғана бар жұпыны ғимаратты кеңейту мақсатында халқы көшіп, қаңырап қалған Бөртескендегі мектепті бұзып, ағашы мен кесегін тасып алуға әрекеттеніп, ауданның 1 хатшысы Сәмит Далдабаевтың алдына кірген едім. Рұқсатын алып совхоз директорына бардым. Кенжебаев Жо­ламан деген кісі еді. Шаруашылықтың есебінен автобазадан қанша көлік алсаң еркің, шығынын көтереміз, – деп қолдау білдірді. Тас түсіріп, бес сынып бөлмесінің іргетасы құйылды. Алып келген қам кесектермен қабырғасын қалатып, төбесін жаптық. Кем-кетігін сатып алуға тура келді. Біз осылайша жазғы оқушылар демалысында көптің көмегімен бес сынып бөлмесін қосып, оқу жайымызды үлкейтіп алдық. Бұрындары сегізжылдық мектептің оқушылары төрт сынып бөлмесіне екі кезекке сыймай жүретінбіз. Енді тоғыз сынып бөлмесіне еркін сыйып түстен кейін қосымша сабақтар өте бастады. Тынбай жан-жақты жұмыс жүргізгеннің арқасында мектептің оқу тәрбие жұмысы жақсарып, аудандық, пәндік олимпиадалар мен жарыстарға қатысып, біздің мектептің аты үлгілі жағынан көріне бастады.
Әуелбековтің ауданға сапары «Қызыл Жұлдыз» кеңшарынан баста­латыны белгілі болды. «Жайылма» осы шаруашылықтың қарамағында. Осы кезеңдері совхоздың он мың қойға арналған бордақылау алаңы осы Жайылмада салынып жатқан. Аудан басшысы облыс басшысына осы орынды көрсетуді лайық деп тауыпты. Бұл кезде кеңшардың бұрынғы басшысы Кенжебаев Жоламан ауысып, оның орнына осы ауылдың тумасы Бөкеев Сансызбай деген азамат келген болатын. Бұған дейін ферма басқарушылығын атқарған ол кісі ауыл мектебіне бас сұғуға уақыт таппаған еді. Енді алдына кіріп, өтініш жасауыма тура келді. Басты базынам облыс басшысына біздің мектептің жай-жағдайын көрсетіп, жаңа мектеп салуға қолдау тапсам деймін. Шаруасының жайын уайымдап, дегбірі қашып тұрған ол мектеп-сектеп деп басын ауыртып тұрған маған алдымен жақсылап кейіп алды. «Обком жүз балалық кішкентай мектебіңді қайтсін, көрсете алсақ ана комплексті көрсетеміз деп отырмыз, соның басында бүкіл аудан болып кем-кетігін түзеп қыл үстінде тұрғанда жанымызды алмай жұмысыңды істе», – деп қуғандай кері қайтарды.
Облыс басшысын үлкен жолдың бойынан күтіп алғандар біткен бөлігіне үш мың қойды бағып бордақылауға қойған комплексті көрсетпекке рұқсат сұрапты. Сонда Еркін Әуелбековтің әуелгі сөзі былай өріліпті: «Маған алдымен сол малды бағатын адамның балалары оқитын мектепті көрсетіңдер», – депті. Ал ауыл шетіндегі жарбиған мектептің көрінісі де қораш, асар әдісімен қырық-елу жыл бұрын салынған қарапайым тамның төбесіне қолың тиіп тұр, қуықтай залы бар, сынып бөлмелері тар, оның үстіне балшықты күнде былғанып жатса ұят болды-ау деп жерге кірердей болса да көлік басын бұрмасқа лаж жоқ. Сөйтіп мектептің алдына тоқтаған оншақты автокөлікті бастаған қара «Волгадан» ұзын бойлы қыр мұрынды кісі түсіп келе жатты. Мектепке соғарын сезгендей барлық жағдайды тәртіпке келтіріп, таң азаннан табанынан тік тұрған мен алдынан шығып едім, «Мен Әуелбековпын» деп қолын созды «Мен мектеп директоры Әбілқайыровпын» дедім. «Ал директор, баста не көрсетесің?» – деді. Мектеп жанында 20 балалық шопандардың балаларына арналған интернат бола­тын, содан бастадым. Бес бөлмедегі төсек орындардың бәрін ашып көріп, тамақтануға ас-ауқатының жағдайына көңіл қойды. Одан әрі сыныптарды аралап көрді. Содан соң мұғалімдер бөлмесіне кірдік. Мені «өз орныңа отыр» деп жоғары оздырып, жанындағы орындыққа жайғасты. Мен мектептегі 120 баланың жағдайын тәптіштеп, ең басты қажеттілік – жаңа мектепке қол жеткізу ауыл халқының арманы, мұғалімдерге үй керек екенін, өзімнің ауыл дүкенінің бір жағын паналап отырғанымды да жасырмадым. Ауылда қанша үй, қанша жан бар екеніне де көңіл бөлді. Бөгелмей жауап беруге тырыстым. Біреуге ұнап, біреуге ұнамай қалсам да елдің баласының нақты жағдайын жеткізуге мүмкіндік туғанына өлердей қуандым.
Сонымен аттай қырық бес минутын мектепке арнаған облыс басшысы маған қарап, ал бала жақсы, жұмысыңа табыс тілеймін, деп ары қарай шаруашылықтарға бірге қозғалдық. Ал көмекшісі қағазына жазып алған түйткілді мәселелер бірсін-бірсін ше­шімін таба бастады. Ол кісінің жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз. Егін жинау жұмысына мектеп оқушылар жегуді тоқтатты. Егін жиналып біткенше еріні жарылып, масақ орған бейнеттен балаларымыз құтылды. Облыс халқының жалақысына үстеме қосуды ережеге ендірді.
Зияудин қажы ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
Жаңақорған ауданының
«Құрметті азаматы»
26 желтоқсан 2021 ж. 595 0