№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тарихтан бір үзік сыр

Тарихтан бір үзік сыр

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың туылғанына 130 жыл толуына орай «Еңбектің Ері» тақырыбында лекция
Дайындаған: Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейі филиалының қор сақтаушысы Нұрдәулет Нақыпов
Ыбырай Жақаев! Қазақ халқының бұрынғы, қазіргі мемлекетіміздің тарихындағы ірі, іргелі тұлғалардың бірі. Еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі.
Ыбекең күріштен дүниежүзілік рекорд жасады. Ал көршілес Ақтөбе облысынан Шығанақ Берсиев тары дақылынан сондай әлемдік ірі көрсеткішке қол жеткізді. Қазақтың осы екі қара шалының, еңбектің пайғамбарларының дүниежүзілік рекорд жасауы кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Елдің, жердің, судың қасиеті ме, әлде ата-бабаның аруағының құдіреті ме. Бәрінің де қатысы бар сияқты мұнда. Оның үстіне күріш, тары керемет дақылдар ғой. Күріштен жағымды, жұғымды, жеңіл, денсаулыққа пайдалы әлденеше тағамдар дайындауға болады. Шығыс халықтарының дендерінің сау болып, көптеп өсіп-өнуінің салиқалы себебі осы күріште деген де пайым бар. Патшаның баласының: “Халық қарны ашса неге сыр күріш жемейді?” (сыр күріш – сүтке пісірілген күріш ботқа) дегені де тегін емес шығар.
Ал тары дақылының қасиеттері де ерекше. Одан сөк, талқан, жас балаға беретін жарма, көже, майсөк, жент жасайды. Майсөк қазақтың белгілі астарында құрметті қонағына ұсынатын қадірлі тағам.Ақтөбеліктер сөкті шайға салып ішеді. Оның қасиеті сол, ол адамның қарнын аштырмайды да, шөлдетпейді де. Сондықтан да ежелден оны үлкен кісілер ораза тұтқанда, таң сәріде сүтке, айранға салып, майға бұлғап жеп алады, күн батқанша былқ етпейді. Қызығы сол: үлкен кісілердің тісі бола бермейді ғой, оның үстіне ас дұрыс қорытылуы үшін оны 25 рет шайнау керек. Ал адамның туғаннан бастап жаралған кемшілігі – ешкімнің де оған шыдамы жете бермейді, сондықтан олар жеген кезде бір тояды, біраз уақыт өткен соң шала шайналған сөк, бөртіп, көлемін ұлғайтып екінші рет тойдырады, сөйтіп жүргенде кеш те болады.
Бірде Сталин Қазақстан басшылары Скворцов пен Шаяхметовтен: “Сіздерде бір стратегиялық маңызы бар дақыл өседі дейді”, — деп сұрапты. Екеуі: “Біз бірден жауап беруге дайын емеспіз, елге барып мән-жайын біліп баяндайық”, – дейді.
Алматыға келіп ғалымдармен, мамандармен, диқандармен ақылдасып ол дақылдың тары екендігін Сталинге баяндапты. Міне, сол күннен бастап бұл дақылдың бағы жанып, оны өсіруге мән беріліп, нәтижесінде Шығанақ Берсиев дүниежүзілік рекорд жасайды. Осының өзі біздің халқымыздың дәрежесін, мүмкіншілігін, қарым-қабілетінің артық болмаса, ешкімнен де кем еместігін көрсетіп тұрған жоқ па? Сондықтан да жақсылықты да, жаңалықты да өз елімізден, өз жерімізден, өз халқымыздан іздеуіміз керек.
Ыбекеңді айтқанда Шығанақ Берсиевті, Жазылбек Қуанышбаевты, Нұрмолда Алда-бергеновті бірге атағанымыз орынды ғой деп ойлаймын. Жақсы адамдар тірісінде қатарласып бірге жүргісі келеді, өлгенде де рухтарының бірге болғанын қалайды. Бұл төртеуі де еңбектің пайғамбарлары. Тағдырлас, замандас олар қазақтың беделі мен берекесін, абыройы мен атағын арттыру үшін жаралған жандар. Халқымызға, елімізге тарихтың, уақыттың, Алланың тартқан сыйы.
Ыбекең мен Жазекеңнің арасындағы түсіністік, тілектестік, ілтипат, сыйластық, достық бірге туғаннан да артық, елге өнеге, үлгі боларлық екі ұлы адамның шынайы, жарқын да жарасымды достығы еді. Кезінде Жазекең Ыбекеңе інілік жолмен сәлем беріп те, көңілін сұрап та келетін.
Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:
“Кездесті, міне, солай екі батыр,
Боп қалды қосылғандай екі ғасыр,
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр,” – деп шабыттана жырлайды.
Ыбекең, Шықаң, Жазекең, Нұрекең – “диқан ата”, “шопан ата”, “дала академигі” – ХХ ғасырдың нағыз еңбек тарландары. Еліміздің тарихында осы төрт шалдың алар орны ерекше. Бұл қариялар – өмірдің өзінен оқығандар, алдындағы көргенін, естігенін көкірегіне тоқығандар, осы мол мұраны кейінгілерге кемеңгерлікпен қалдырғандар. Бұл шалдар – өмірі асып-тасуды білмеген, елден асып өмір сүр¬меген, дүниенің бар кілті еңбекте ғана екенін өзінен бастап, өзгеге де ұқтырып кеткен ұлы жандар.
Еңбек майданының әйгілі майталманы, талдықорғандық айтулы азамат, ұлты поляк Николай Никитич Головацкий:
– Біз алты ағайындымыз, — деп марқаяды екен.
– Бауырларыңызды атаңызшы?, — деген сауалға:
– Олар: Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Николай Кузнецов және мен. Өйткені, біздердің бәріміз¬де алды үш, арты екі мәртеден Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауымызға Алтын жұлдыздарды жарқырата таққанбыз, – дейді. Міне, мақтануды мүлде білмейтін, артық сөзге әсте жоқ, тек ілкімді істің ғана адамының жүрекжарды ілтипаты бұл. Расында, оның айтып тұрғаны айдай ақиқат. Қасиетті қазақ жерінің осынау алыптарын өшпес даңққа бөлеген, оларды табыстырған, туыс еткен – жоғары мәртебелі құдіретті, киелі – Еңбек!
Ыбекең күрішшілік кәсіпке жасы елуден асқанда барып кіріскендігін көңілге бір түйіп қоялық. Жақсылықтың ерте, кеші жоқ деген осы да.
Ыбырай Жақаев – дән патшасы, ақ күріштің атасы, ол өзінің өшпес тарихын кетпенмен, термен жазған, бірнеше ғасырда дүниеге бір-ақ келетін адам.
Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан Ыбекең әлем жұртшылығының еріксіз таңдайын қаққызды. 1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады.Қазақтың қара шалының далалық дана ақыл ойымен, бойындағы Алланың аманаты мен сыйы – жойқын күш жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен қара жерді қарс айырып жасаған бұл рекорды бүкіл әлемді таңдандырды, таңғалдырды. Бұл рекорд өркениетке, озық технологияға, білімге, ғылымға бізден әлдеқайда бұрын жеткен жапондықтардың жағасын ұстатты, кәрістерді қайран қалдырды.
1957 жылы 65 жастағы Ыбырай Жақаевты колхозшылар сыртынан құжат толтырып, жоғары жақпен келісіп, зорлап колхозға төраға етіп сайлайды. Ыбекең барынша қарсылық білдіреді, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Ақырында Алматыға дейін барып, бастықтықтан әрең құтылады.Жазмыштан озмыш жоқ, озудың да тіптен қажеті жоқ…. Ыбекең сом денелі, әр саусағы қамшының сабындай, қорғасыннан құйылғандай өте қарулы кісі болатын. Жастау кезінде күрестерге қатысып, белдескенін жыққан, жауырыны жерге тимеген кісі. “Ыбырай жүгіргенде жер дүрсілдейді”, – дейді екен әкесі.
Ыбекең сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мәмленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға-тын. Сөздің емес, істің адамы болатын. Өзінің бір басынан асып-төгіліп жатқан атақ-даңқты жеке басына пайдаланған жан емес, қарапайым ел қатарлы өмір сүрді. Ол кісінің қарапайымдылығы мен кең пейілділігін замандастары былай сипаттайтын еді. Халықта: “Пейілі тар адамның ішіне қыл симайды деген сөз бар. Ал біздің Ыбекеңнің кеңпейілділігі сонша, ішінен ат ер-тұрманымен айналады”, дейтін. Ыбекең ерте көктемде егіс басына көшіп барып, күзде күрішін жиып-теріп, елге бір-ақ қайтатын.
Егістік маңайынан шықпайтын. Күріштік Ыбекең үшін бұл дүниенің пейіші-тін. Жерді өзі таңдайды, арық, атыздарын өзі белгілейді, өзі қаздырады, өзі соқтырады. Өзі мұрап, өзі агроном, бәрін біледі, оқымай тоқыған. Жердің тұздылығын тілімен анықтайды. Бір өзі – бір лаборатория. Күрішті қолмен сеуіп, су жіберер кезде бірер қап дәнді құлақтардың сағасына тастайды, атыздағы күрішпен бірге ол да бөртіп, өсіп жатады. Кейін оны күріш көшкен, сирек шыққан жерлерге, атыз жиектеріне қолдап себетін.
Күріш су бетіне шыққан кезде жиі өскен жердің өскінін сирек тұсқа көшеттейтін. Сөйтіп ол кісінің күріш атыздарында алақандай жер де бос болмайтын. Төбеден қарасаң жер көрінбейді, жанынан қарасаң ине өтпейді.
Адам қаншалықты күшті, құдіретті болғанымен ол өз шыңына шығу үшін оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер, кеңесшілер, тілектестер, бапкерлер керек. Ыбекеңе тағдыр осының бәрін оңынан кездестірді. Әсіресе, диқанның өмірлік бригадирі Қойшыбай Оразымбетов пен білгір, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтің еңбегі ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде, агротехниканы қалыптастыруда Ыбекеңнің, Әнекеңнің, Қойшыкеңнің бірігіп атқарған жұмыстары бір ғылыми-зерттеу институтының қызметіне пара-пар.
Ыбекеңнің шәкірттері көп. Олар ақ күріштен еңбегі жанып, бақытын тапқан жандар. Қарт диқанның құтты жолымен, ақ батасымен облыстағы 91 Социалистік Еңбек Ерінің, 35-і Шиелі ауданынан тәрбиеленіп шықты.
Ыбекеңді бетке ұстай отырып, Жазекеңді, Нұрекеңді, Шығанақ Берсиевті жазып, қазақтың қасиетті де қадірлі төрт шалының, еңбектің төрт пайғамбарының рухын қосайын дедім. Осындай күрделі заманда елімізді, халқымызды осы төрт әулиенің, төрт әмбиенің рухы қолдап-қолтықтап, желеп-жебей берсін.
14 шілде 2021 ж. 1 145 0