№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсыдан жарқын із қалар

Жақсыдан жарқын із қалар


Өмірден көрген-түйгені мол көнекөз қарияға сәлем бере барып, әр сұхбаттасқан  сайын көңіл көкжиегіміз кеңіп, рухани серпіліп қаларымыз бір басқа, ойды онға, сананы санға бөліп мазалап жүрген көп кілтипанды сұрақтың кілтін тапқандай бір жасап қалатынымыз шындық. Жасы тоқсан бестен асқан ауылымыздың ақсақалы мен үшін осындай асқақтық қадір-қасиетімен қымбат. Жүз жасағанның бәріне бірдей болмыс па, жоқ, бұл деңгейге жету үшін бұл кісінің жұмсаған қажыр-қайраты бір бөлек әңгіме.

Бұл кісі 1925 жылы 22 ақпан күні дүниеге келген екен. Өзі өмірге келген Бесарық ауылдық Кеңесіне қарасты 29 разъезд – Сатымсай елді мекені көкжазиралы, малға жай, көлінде балығы шоршыған, шаруасы белден шалқыған берекелі бір қоныс болған. Жон арқасынан тіліп өткен шойын жол елдің тыныс-тіршілігін мүлде тың арнаға бұрып, төңіректегі еркек кіндіктің қолына  қайла ұстатып, қара жұмысқа жегуі бақ па, сор ма белгісіз, бірақ саясаттың салғанынан кім қашып құтылар?
Бектұрсынның  әкесі Бекмырза 20-жылдардан бастап теміржол бойында қырық жыл стрелочник – жол қараушы болып жұмыс атқарған екен. Ауылда онжылдық мектеп болмағандықтан  ұлы Бектұрсынды Түркістан қаласындағы Ленин атындағы орта мектепке оқытуына тура келген. Оны 1942 жылы тәмамдаған ұлан ауылдағы №16 мектепке мұғалім  болып орналасады. Ал қырық үшінші жылдан қырық беске дейін Бесарық темір жол мектебінде мұғалім, әрі оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Соғыс аяқталған соң теміржол жұмысына мамандар қажет болып, үш жылдай теміржолда станция кезекшісі болыпты.
Жасынан білімге ынтық, қолға түскен кітап атаулыны оқып тауысып, таудай талабына тұрмыс тұсау болып,  тұншығып жүрген жас  кеуде жоғары оқу орнына түсуді мақсат етіп  1947 жылы КазГУ-ге құжат тапсырады. Бір жылдан соң Қызылорда педагогикалық институтына ауысады. Оқу бітіріп келген жас маманды Жаңақорған аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындайды. 1954 жылдан 1957 жылға дейін аудандық партия комитетінің жалпы білім беру бөлімінің меңгерушісі болып істейді.
1957 жылы тамыз айында облыстық партия комитеті бюросының шешімі бойынша  Алматы жоғарғы мектебінің тыңдаушысы, оны бітіріп келген соң  Жаңақорған аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеген.
1962 жылдың аяғында екі аудан біріктірілуіне байланысты Шиелі өндірістік басқармасының кадр жөніндегі инспекторы болып істейді. Осы жылдың аяғында Сырдария, Тереңөзек аудандары біріктірілгенде Бектұрсын аға
Сырдария ауданы партиялық мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы болып бекітілген. Бұл қызметті  1971 жылдың мамырына дейін  атқарса, одан әрі оған зор сенім артылып, Тереңөзек аудандық Советі атқару комитетінің секретары қызметіне сайланып, онда 1985 жылдың  қазан айына дейін абыройлы  еңбек жолдарынан өтті. Ол кездегі тәртіп бойынша алпыс жас –
зейнеттік кезеңнің   кемелденуіне екі жыл алдын  облыстық партия комитетінің 1 хатшысы Еркін Әуелбековке  өтініш жазып, өзін жауапты қызметтен босатуын, туған жерге ту тігіп, ендігі қалған ғұмырында өскен ел, өнген жердің бір кәдесіне жарасам деген ізгі арманы болыпты.

Өмірлік тәжірибесі мол, нешебір қиын-қыспақсынақтарда өзін көрсете білген, ісіне шын берілген, халыққа жаны ашитын адал, принципшіл тұлғаның іскерлігін жоғары бағалаған басшылық партия мектебінде ысылған, өзіне де, өзгеге де зор талап қоя білетін Бекеңді өз ауылы – Бес-
арық ауылдық Кеңесі атқару комитетіне төраға етіп жібереді. Осы жерде абыройлы қызметін
жалғаған ол туған жердің көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық жағынан жүйелі бағыт алып, бағдар түзуінеөмірлік тәжірибесін сарқа білді. Оның қоғамда тазалық пен тәртіптің орнығуына
тегеурінді ықпал  етеалатын органдар құрамына жүйелі сайланып отыруы еңбек адамының халық мүддесі жолында айнымас қағидаларынан қайтпайтын қайсар портретін бекіте түскендей. Бірнеше рет  халықтың қалауымен   депутаттық мандатты атқаруы, барлық кезеңде партия комитетінің Пленум және бюро мүшесі болып сайлануы елге болсын деген қоғамның адал жауынгерінің жұмысына мол серпін берді.
Ағаның өткен кезеңдегі қызметтік жолы бір басқа, ортамызға келіп бас болып, бағын асыруы, баршамызға үлгі-өнегесін танытып, жанына мол шуақ шаша білуі,  ол бір бөлек әңгіме. Бір ғасыр жасаған ғұмырында жан тазалығынан танбай, тәкаппар  мінезіне  қылау жуытпаған  қарапайым болмысына  қызығуменжүрген біздер ол кісі дүниеден озған кешегі күні  арқа сүйер тіреуімізден айрылғандай  күй кешкеніміз аян. Жаныңа жарық төгіп жүрер жақсы адам қай кезде де керек екен.
Ол кісінің қадірін біз ғана емес, өзімен қызметтес болған талай жақсы мен жайсаң мойындап, ізгі жүрекке сақтап келеді екен. Бұл кісі өмірден өткен екі-үш ай көлемінде үй ішіне көңіл айтып  ниетін бөліскен әріптестері қатарында  Бекеңмен талай жыл  қызметтес болған, кезінде Тереңөзек аудандық білім бөлімін басқарған,  Қармақшы аудандық партия комитеті 2 хатшысы, одан әрі облыстық партия комитетінде басшылық қызмет атқарған Отызбаев Сәбит ағамыз бұл кісі туралы ағынан жарыла былай дейді: «Бектұрсын ағамыз өте қарапайым, әңгімесі жоқ, сыпайы, қолы да, ары да таза адам болатын. Өзі көп жылдар халықтық бақылау комитеті төрағасы болып жұмыс жасады. Сондықтан ба, ол кісі келе жатыр дегеннен ел қызметінде жүргендер етек-жеңін қымтап, кем-кетігін түгендеуге кірісетін. Мұның өзі оның ымыраға көнбейтін, туралықты сүйетін және өзгелерден де соны талап ететін әділдігінен болса керек. Ол кісімен қатар Терең-
өзекте қызмет атқарған жылдары  аудан басшылары Елеу Көшербаевтың, Қонысбек Қазантаевтың мектебінен бірдей өттік. Еш уақытта бірнәрсені бүлдіріп сын арқалаған кезіміз болмапты.   
Бекең пенсияға екі жыл қалғанында туған жерге оралсам деген тілегін жоғары орынға қойып Жаңақорғанға қайтты. Мұның өзі оның мансап қуып, мәртебе арттырғаннан гөрі саналы ғұмырының мағынасын көбірек күйттеп, сол жолға көп алаңдаған ойлы жүрегінің ақиқатын аңдатса керек».
Әріптестің бұл алғаусыз әңгімесі аға  қадір-қасиетін анық бағалаған шынайы көзқарасымыз-
ды одан әрі бекітіп, құрметімізді еселей түскендей. Жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Бірақ ол туралы жалпының көкірегінде жылы бір пікір тілек орнығып, жамандыққа қимайтыны  осы бір  азаматтың асқақ өмір ұстанымының тұрақтылығынан туындаса керек.
Менің ойымша, бұл кісінің өміріне қасиет дарытып, көптің қалтқысыз пейіліне қауыштырып тұрған күш-қарапайымдылығы дер едім. Пәлен қызметкер болғанмын деп шіренбей   жасқа да, кәріге де еңбекке құл болуды қарақан басының қағидасымен дәлелдеп, зейнетке шыққаннан кешеге дейін қолынан күрегі түспей, бейнет қылған қарияның соңында  ұрпақтың ұрпағына жетер қалың бау-бақшасы қалды. Оны  «Бектұрсын бауы» деп атаса болады.
Жазық даланы жайқалған баққа көмкерген бұл еңбек  өз үрім-бұтағына ғана емес, айнала қауым, қалың елге  жемісі түгесілмейтін ырзық-несібе, бір сөзбен айтқанда еңбекпен өрілген ескерткіш сынды.
Мұндай азаматтың отбасындағы орны да, тәлім-тәрбиесі де өзгеден оқшау тұр. Жан серігі Маңғаз апамыз екеуінен өрген  жеті перзенті де ата-ана өнегесіне адал, шетінен ибалы, тәрбиелі болып ер жетіп, жоғары білім алып,  халық ызметінің сан саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Қарашаңырақтағы ұлы мен келіні – Абайхан мен Баян қос қарияны алақандарына салып, аялап, ақ батасын алып қалған жандар. Бұл шаңырақтағы ерекше  ахуал, айрықша қамқорлық, әке мен бала арасындағы аяулы қарым-қатынас жөнінде келіні Баянның айтқаны біздің де көңілімізді толқытты: «Бұл кісілер маған туған ата-анам-нан артық қамқор болып жүрек жылуын аямаған жандар. Өмір  сүру деген жеңілдің үстімен жан қинамай жүріп өту ғана емес, көшке ілесіп, лайықты ғұмыр жалғауда  жүйрік уақыттың жалына жармасып жігеріңді жанып отырмасаң тағдыр сыбағасынан сырт қалуың мүмкін. Бұл ретте атамыздың біздің бойымызға еккен тәртіптілік қағидалары  айнымас өмір ережемізге  айналған. Ол кісі әрбір күнге жоспар түзіп қойып, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмауға дағдыландырып тәрбиеледі. Мұның шарапатын біз де, біздің балаларымыз да көріп отырмыз деп сеніммен айта аламын» дейді.
Ия, бұл кісі қай жағынан болсын отбасына ғана емес, жалпы ауыл халқына үлгі, туған жердің бір тұғырлы азаматы еді. Тоқсан бес жастан асқан шағындабұл өмірден озып кете барған абыз ақсақалдың соңында көрікті бау-
бақшаға  айналған көнермес көзі ғана емес, ел есінде қалар сөзі де қалды. Өмір бойы көкірекке жинап, көңілде зерделеген қазақтың асыл  мақам, дана нақылдарынан түзген «Сөз құдіреті» деп аталатын кітабын қалың оқырман игілігіне қалдырып кетті. Бұл жинақты асыл жанды азаматтың оқшау болмысын жарқыратып тұрар бір жәдігер деп санадық. Ұзақ ғұмыр иесінің  ұлағатыБесарықтың жұртшылығы ғана емес барша қазақ еліне өнеге мектебі деуімізге әбден болады.

Смағұл САДЫҚҰЛЫ,
Талап ауылы
09 желтоқсан 2020 ж. 407 0