Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Талант – таңдап қонатын бақ

Талант – таңдап қонатын бақ

Дүние тұрғанда талант туылмай тұрмайды. Мәселе – адамзат өз арасында артық туған асылын ардақтай алуында. Біз талантты танып, бағалап жүрміз бе?
«Баласынан даналық күтетұғын, әдеті ғой ежелден бар ананың» деп Мұхтар ағамыздың айтқанындай, бесікте жатқан сәбидің өзін сәл қылығын керемет көріп, жақсыға жорып, патша көңілімізбен бір ерекшелікті еншілетіп қоятынымыз жасырын емес.
Бүгінде балабақшадан бастап мектеп қабырғасында жалғасын табар өнер сайыстары, білім байқаулары жауқазын таланттарды тауып, болашақ бағын ашып жатса нұр үстіне нұр.


Талант – Тәңір сыйы. «Ерінбеген етікші болады» деген тәмсіл оған жүрмейді. Бірақ еңбектенбегеннің, талап етпегеннің бойында бар таланты бүршік жармай жергөгінде тұншығуы әбден мүмкін.
Қазақтың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Абылай ханның серіктерінің бірі Олжабай батыр жантәсілім етіп жатып Абылайға: «Жеті ұрпағым жалғыздықпен жалғасады. Жетінші ұрпағымда үзілетін болар» деп айтқаны келтірілген. Ақынның жетінші ұрпағы Олжас Сүлейменов. Ақынның азан шақырып қойған аты Олжабай. Бабасының құрметіне солай қойылған. Анасы Фатима еркелетіп «Олжас» деп атағанын ақын баспасөзге берген бір сұхбатында айтқан болатын. Осы ретте көптен бері тектілік тақырыбын зенттеумен айналысып келе жатқан тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев Жаратушыға қанша жалбарынғанымен мырза Құдай тілекті бермесе тектіліктен де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті екенін айтты. «Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі Һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Осы орайда пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз – әпсана бар екені еске түседі. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден ұрпақ қалудың оңай нәрсе емес» екенін айтады.
20-ғасырда адам генефондын қолдан тәжірибе жасау арқылы жақсартпаққа көп ұмтылыс болды. «Сингапур кереметінің сәулетшісі» Ли Куан Ю әр сала бойынша ең дарынды деген ұл-қызды бір лагерьге жинап, ұлттың генефондын жақсартуға талпынған әрекеті сынға ұшырады. Америкалық генетик – ғалым Роберт Грекхэм жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандырып он тоғыз жылда осындай тәсілмен 200 нәресте дүниеге келген. Бірақ олардың бойынан тектіліктің де, данышпандықтың да белгісі байқалмаған. Ісінің нәтиже бермегенінен көңілі қалған ғалым сұлулық пен тектілікті жасанды жолмен қалыптастыруға болмайды» деген байламға келген
Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан жұлдызы жанып, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті туралы тарихтан білеміз. «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген деген аталы сөз бақ жұлдызы жарқырай жанған осындай текті әулеттерге қатысты айтылған. Тегі асылдың ұрпағы да кемел. Бұған қазақ тарихындағы жеті атасынан құт үзілмеген Уәлихановтар, Шормановтар, Бабажановтар, Бөкейхановтар, Қаратаевтар, Сейдалиндер тәрізді тарихи әулеттер мысал бола алады.
Талантты бағалай білмеу де ұлттың қасіреті. Әріге бармай-ақ өз жерімізде өгей күй кешіп, өзге жұрттың қолдауымен ғана тасы өрге домалап жүрген кей қандастарымыздың жағдайы осы сөзіміздің дәлелі.
Әріге бармай-ақ, өзіміздің Димашты алайық. Жас әнші Дінмұхаммед Құдайбергеновтың осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан даусында» шырқаған әніне қазақ эстрада жұлдыздарынан құралған қазылар құрамы қандай баға беріп еді? Бәрінен сорақысы, мақтаулы ақынымыз Зайытов Ринаттың: «Шынымды айтсам, сен сияқты әншілерден қорқамын. Шыңғырып айту – өнер емес, негізінде. Даусыңды көрсеткің келіп тұр» деп келекелеуі өзге әріптестерінен де қолдау тапқаны. Осылайша жүзмыңдаған адамның біріне ғана бұйырар ғажап дауысты түсінбегенімізбен қоймай жас талапты жасытып тастағанымыз өкінішті болды. Көп өтпей Қытайда өткен «Ай эм Сингер» байқауы Димашты әлемге танымал етті.
«Ел іші – өнер кеніші». Талабымен тас жарған өнерпаздар ауылда да аз кездеспейді. Оларды елеп-екшеп таба білуде түрлі байқаулардың алатын орны зор. Бірақ оларды бағалауда бұра тартуға жол беруге болмайды. Өзім дегенге бүйрегіңіз бұрып, әділдіктен аттайтын болсаңыз ұрандап байқау ұйымдастырып, әлеуметті әуреге салудың қажеті жоқ.
Ауданымызда Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектебі бар. Талапкерлеріміз жиі өтіп жататын жыр мүшайраларына қатысып, шыңдалып, өз-өздерін танытып келеді. Бүгінде бағыт-бағдарын айқындап, ақын ретінде қалыптасып үлгірген Мадияр Оспанов, Ерсұлтан Мұстафаев, Ыдырыс Дәулетхан осы мектептің түлектері.
Қазір мәдениет саласында, әдебиет және көркемөнердің түрлі саласында ұйымдастырылып жүрген онлайн-байқаулар да талай талаптың бағын ашып, жанкүйерлердің намысын жануда. Әлеуметтік желіде жарияланатын сайыста жариялылық та, ашықтық та басым. Оған қойылатын сын-ескертпелерді шынайылықпен қабылдап өз-өзімізді қамшылай білсек ұтарымыз да көп.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 қазан 2020 ж. 389 0