Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АҚЫННЫҢ АМАНАТЫ (эссе)

АҚЫННЫҢ АМАНАТЫ (эссе)

Әдеттегіше кеш жатып, ұйқыдан ерте оянатын күнделікті дағды бүгін де қайталанды. Таң сібірлеп атып келеді. Шығыс көкжиек құланиектеніп, күн мен түн өзара тартысқа түскендей, дүние көгілдір мұнарға оранып сәл тұрды да көп ұзамай жарық сәуле үстемдік ала бастады. Шәйға отырып, таңертеңгі астан ауыз тидім де қалың ойға беріліп кетіппін. Түнде түс көрген сияқты едім, Адырбек ағамның ажарлы бейнесі айқын алдыма келген. Көңілді көрінді, менің ауданға қайтып әкім болып келгенімді қолдағандай қопаңдап, қос қолдап амандасып жатыр. Күлімдеген жәудір көзі, балапан шаштары жауып тұратын сызатсыз аппақ маңдайы ап-анық, айна-қатесіз.
«Сізді өмірден өтті деген бекер екен ғой, кәне келсеңізші, тың жобаларды бірге жүзеге асырайық» деп демнің арасында әжік-гүжік бола кеттік. Сол сол-ақ екен, түс тым қысқа қайырылды да төсектен атып тұрдым. Маңдайымнан бүртік-бүртік тер білінді. Сана сан-саққа жүгіріп тұр. Дел-салмын. Дереу ес жиып, өткен-кеткен елес-түсті жорып, Адекеңнің екінші ғұмыры басталғанын ұқтым. «Жақсының аты, ақынның хаты өлмейді» деген бекер емес, ол ортамызда, артында өшпес өнегесін қалдырды, абыз ақсақал тұғырын төмен түсірмей, шығармашылықтың да, шынайы адами болмыстың да бекзат бейнесін бұқараға баян етті.
Жетпіс тоғыз жасқа жеткенше біреуді ғайбаттап, даттап, не жарға жығып, пендешілікке барғанын білген де емеспін, естіген де емеспін.
Балалар ақыны болуы үшін шығармашылық иесінің өзінің түбірі тұнық судай таза, лайланбауы керек. Ересектерге арналған шығарманың шырғалаңы, кедір-бұдыры кездеседі, ал, балалар шығармашылығына ондай олқы дүние жүрмейді, періште, көлеңке түспеген пәк көңілді шатпақ-шимаймен алдау кешірілмес күнә! Мұны Қадырдай ақынның сөзіне салып жеткізер болсақ, балалар үшін қалам тербеп шығарма жазу үшін ересектерге арнап жазғаннан да жақсы жаза білу шарт. Осы әдеби дәстүрді санада сақтап, жанында жаттап, тәнінде баптап, өмірінің өзегі еткен Адырбек ағаны тұла бойы тұнған табиғи талант, жүрегі нәзік, лириканың лағыл нәрін теріп, сезімнің сөлін сыйлаудың шебері деуге әбден болады.
Мен 2015 жылы Жаңақорған ауданына әкім болып тағайындалған соң сырт көз қашанда сыншы ғой, оның үстіне әдебиетке бір табан жақындық болар, жергілікті ақын-жазушыларды қолдауға бел будым. Өнер, шығармашылық адамы рухани бай болғанымен қатал өмірдің тұрмыстық тауқыметтерімен күресте ептілік таныта алмай қалатын тұстар кездесетіні де әу бастан белгілі. Бірде әдеттегідей мерзімді баспасөзді шолып отырғанымда дәл сол кезеңде қырық жылға жуық ұстаз болған жаңақорғандық ақын Тұрар Сүлейменов туралы профессор-ғалым, жазушы Құлбек Ергөбектің «Кітабы жоқ ақын» атты мақаласын көзім шалып қалды. Дереу өлеңдерін жинақтап, таңдамалы кітабын Алматыдағы баспадан басып шығаруды ұйымдастырдым. Сол сәттерде Тұрар ағаның жүрегі жарылардай, мерейі тасып, қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, Адырбек ақынның жылда бір кітабы жарыққа шығып тұрды. Мұнан басқа тағы бір жаңалық жасайын деп кенттің кең көшесіне алып билборд іліп, оған Адекеңнің гүлзар ішіндегі керемет фотосын салдық. Мұны естіді ме, әлде көрді ме, жан дүниесінің жауқазыны бүршік атқандай жадырап, жүрегінің басына бал тамғандай бір ләззатты күй кешті. Осыдан артық ақынға бақыт бар ма, жұдырықтай жүрек кең кеудеге сыймай кетті ғой.
Аудан орталығының көшелеріне асфальт төсеуге мүмкіндік туып, қаржысы қаралды. Қай көшеден жұмысты бастау жағын ойластырдық. «Алдымен Адырбек ақын тұратын көшеден бастаймыз. Ақынын аяламаған деген аудан үшін жақсы атақ емес» дедім әріптестеріме.
Шынтуатына келсек, Адекең атақ-даңқ үшін алақан жаймайтын, дүниеқоңыздыққа салынып, әрдеңеге әуестенетін жан емес, тәңір жаратқан тұлғасы сондай, ақыл-парасатын аудан өміріне жұмсап, еліне жалаугер болған жайсаңдығы үнемі жоғары тұрады. Ол ауыл адамы, дүниеге шаруаның көзімен қарайды, нәрестесіне ақ төсінен нәр берген абзал анадай алпыс екі тамырын өлеңге, өнерге идірген ақындық арымен, шынайы шығармашылығымен шоқтығы биік болатын.
Ұлт даналығының «Елу шылбырдан алды, алпыс тізгіннен алды, жетпіс өре салды, тоқсан торта салды» дегені бар, әрине алпыстағы шалдың отыздағы жігіттей бола алмайтыны әлмисақтан бері белгілі. Жасы таянған сайын көңіл жықпас, көйлек жыртылмас әрі-сәрі күйге түсіп ала ма, көңілжықпас ниетін көпшілік керегіне жарататын. Ауданда Адекеңнің арнау өлеңі жазылмаған белгілі адам кемде-кем шығар. Қазір қаламгер қолтаңбасы әрбір үйдің құнды қазынасындай сақтаулы деп ойлаймын. Ара-тұра әкімдіктің жігіттері де желімдей жабысып, жолын бөгейді, аудан тарихына қатысты мол деректі сол кісіден сұратады. Қазір сол мәліметтер аудан үшін алтыннан артық азық болып тұр.
Әрине, аға болған соң алдымызға салып жүреміз, оның үстіне көне тарихтың көзі, өтініш айтсаң бала секілді томпаңдай кетеді, сылтау іздеп, бұлтаққа да салмайды. Тіпті ренжу деген өкпе-наздан ада, кіршіксіз көңілінде күдік пен күмән атаулының ауылы алшақ, өз алдына одырайып оқшау жүретін әдеті бар. Әсіресе, шығармашылыққа шындап кіріскен кезінде ойы осындай саяқ, бала-шағасынан басқа тірі пендемен сөйлеспей, кісі киік болып кетеді.
Бірде оған: «Аға, Жаңақорған жері әулие әз бабаларға бесік болған, ескі шаһарлардың киелі мекені, тасы да, топырағы да тектіліктің тамырына байланған өңір ғой. Осыны бейнетаспаға түсірсек қалай қарайсыз?» дегенмін. Ол келісе кетті. Шаң басқан шежірелерді шығарды, құпиясы мол құжаттарды тірілтті. Киноэкспедицияны «Туған жерге тағзым» деп атадық. Сценарийдің толық нұсқасын қағазға өзі түсірді. Таспаға түсіруді деректі фильм жасаудың майталманы, режиссер Халила Омаровтай мойнына алды. Тау мен құм ішін кезіп, талай тұлғалар мен қалалардың тағдыры толық таспаға түсті, ұрпақ үшін ұмытылмас мұра қалдырдық. Сол сапарда жүріп, жасамыс ағамыз ләм-мим артық әңгіме айтпады, шаршадым деген жоқ, қайта қайраттанып, қанатының астына алып, қолдап отырды. Мұндай марқасқа кісіні маңайдан тауып көр, енді опырылған орнын сипап қалдық. Бағамдай білсем, ауданның әрбір табысына тері төгіліп, үлкенді-кішілі шараларында мол үлесі бар екен.
Иә, қазақ әдебиетінде қаламы қасиетті бір тұлға болса оған Адырбек Сопыбековты қосар едім. Жаңақорған ауданында жүріп-ақ ұлттың басты әдеби ортасы саналған Алматыдағы ақындардан бір мысқал кем түспеген көрнекті ақынды көпшілік төбесіне қояды. Балалар әдебиетіне бет бұру екінің бірінің қолынан келмейтіні, бала қиялына берік қонуға дәрменсіздік танытып қалатын немесе шабыты үйлеспей жататын шақтар да талай қаламгерге таныс жағдай ғой. Көрнекті қаламгер Нұртөре Жүсіп Парламент төрінен дабыл қағып, балалар әдебиетін дамытуды қолдап, талантты ақын-жазушыларды мемлекет тарапынан қамқорлыққа алуды тектен текке тілге тиек еткен жоқ. Біздің баянды болашағымыз үшін өте өзекті мәселенің бірі осы болып тұр. Бұл ретте Адекеңнің шығармашылық шоқтығын бренд етуге әбден болады. Басқасын былай қойғанда, оның «Менің әліппем» деген бір ғана өлеңін алайықшы:
Қолға кітап тигеннен,
Таудай болып үйге енгем.
«Анашым» деп жазуды,
Әліппеден үйренгем.
Әріптің біліп қанығын,
Өмрдің көрдім анығын.
«Әке» деп те жазуды,
Әліппеден таныдым.
Әскерде жүр өз ағам,
Арнап жақсы сөз оған.
Әліппеден үйрендім,
Хатты өзім жаза алам.
Орындалып тілегім,
Әліппеден түледім.
Қызық-қызық енді мен,
Ертегі айта білемін.
Шеше аламын жұмбақты,
Ажыратам жан-жақты.
Білім беріп әліппем,
Жүрегіме шам жақты.
Қолымнан мен тастаман,
Артық көрем басқадан.
Барар жолды білімге,
Әліппеден бастағам.
Қандай керемет десеңізші!
Өте қарапайым тіл, ұтымды ұйқас, мағынасы мәнді. Бала түгілі үлкеннің өзі үздіге оқиды.
Иә, ұмытылмас талай тарихтың тұнбасы жадымызда жаттаулы. Адам жарық дүниеге келгенде пәниге перзенттік парызын қосуды пешенеге жазатын көрінеді. Ол қандай үлес, оны қарым-қабілетіне қарай, шама-шарқына шақтап бұйырады. Келе-келе шыңдалып, кемел ой кемері толғанда үлкен белесті бағындыруға байлам жасайтын ой-өрістің өлшемі уақытпен үндескенде жетістікке жетудің жолы ашылады. Міне, адамның парасатты пайымы осылай жетіледі.
Жалпы Адекеңді қазақ әдебиетінің тарландары мойындады, құрмет көрсетті. Біз, аудан халқы, бүкіл Сыр елі онымен мақтанады, шығармашылық шеберлігіне шаттанады. Жуырда аудандық кітапханадан ақынға арнайы бұрыш ашуды тапсырдым. Оған қаламгер замандастарының лебіз-тілегін, кітаптарын, өлеңдерін қойып, оқырман ақ қағазға өршіге өрнек салатын қара сияның қасиетін сезініп, ақын рухына бас иіп, құнарлы дүниелерін дәріптеуге мүмкіндік алады.
Адекеңдей арқалы ақын туралы көзден көшпейтін, жүректен өшпейтін есті естеліктер әлі де өріле береді. Айтары бар ата, әсері көп әкенің көзі кетсе де құтты шаңырағында бақандай тіреу болып, еланасы Шәрипа жеңгеміз бес бала, он алты немере, үш шөберенің үмітін жағып отыр. Орнында бар оңалар деген, бүгінде бір немересі атасы секілді ақын болғысы келеді. Періштенің талабы таудай болсын!
Айтпақшы, Адырбек Сопыбековтың «Жаңақорған жауһарлары» деген атаумен аудандағы өнер, әдебиет, мәдениет өкілдерінің антологиясын шығару жөніндегі ақындық аманаты жадымда жатталып, бір сәт ұмытуға мұрша бермес парызым болды. Сырдария ауданына әкім болған бір жыл ішінде сол аманаттың сыбағасы ретінде «Арнасын жыр кернеген Сырдария» деген атаумен ән-жыр мұраларының аудио-видео антологиясын белгілі ақын Нұрмат Мансұровтың редакторлық қолдауымен жарыққа шығардық. Енді биыл Жаңақорған ауданына екінші рет әкім болып келгенде баяғы Адекеңнің арманын жүзеге асыруды уақыт ұттырмай қолға алсам деймін. Қазір Қазақ радиосының, телевизиясының алтын қорында сақтаулы өнер-мәдениет, әдебиет тарландарының даусы, шығармашылығы жайлы, сондай-ақ аудио-видео түсірілім нұсқаларын жинақтап, жұп-жұмыр дүние құрастырсақ деген ойым бар.
Әрине, аманатқа қиянат жүрмейді, оның үстіне Адырбек аға секілді ақынның аманаты маған бұлтартпас борышқа айналды.
18 қазан 2020 ж. 560 0