Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рух бірлігі – жүректің нұры

Рух бірлігі – жүректің нұры

Көрер жарығы барға Тәңір өзі жар болады екен. Әйтпесе, анасы Әсемкүлдің айтуынша, қақаған қаңтардың аязында  жылуы кем киіз үйде  туылып, қас-қабағы тас болып көгеріп жататын  шарананы қолда ұстап қаларына  сенімі аз болыпты.  Біздің  бүгінгі кейіпкеріміз – Тұртанов Алшынбай ағаның жарық өмірге  көзін ашқанда  көрген тағдыр тартуы  осындай.
Ал  аталары  Нәлібайдың дәулетті кісі болып, сол малынан елдің әжетін шығарып отырғанына немересі  Алмас Омарұлының  бізге бір сұхбатында мына айтқаны дәлел.  СХИ-ды қызыл дипломға бітіріп келіп, елде  жұмыссыз біраз бос жүріп қалған мұны әкесі жетектеген күйі сол кездегі  ауданның бас агрономы  Сейтпенбетов Қалиланың үйіне  алып келіпті. Қиыншылық уақытта  өз әкесі  Сейтпенбетов Қалкөздің ағайынын аштықтан аман алып қалу үшін осы  кісілердің әкесі –  Нәлібайдың алдына барғанында қырық сауынды сиыр, он жер жыртатын өгізді алдына салып беріп, содан жұрты Жетікөлдің Айкөл арнасының ұлтанына егін салдырып, шығырмен су шығарып күнін көріп кеткенін жадына тоқып өскен зерек ұл «Бұл жалғанда Нәлібайдың қарызынан құтыла алмайсыңдар» деп айтып өткен әке аманатына адалдығын көрсетті. Әкелі-балалы  екеуінің басына  жалтыраған  ондатр бөрік кигізіп, жас талапты  қарамағына жұмысқа алыпты.
Қараша елге қамқор болған азаматтардың басына  қаралы күн тудырған Кеңес үкіметі қысымына шыдамаған Нәлібай әулеті отызыншы жылдары  Тәжікстанның Қорғантөбе деген жерін паналаған екен.
Аталарынан  он сегіз ағайынды болған. Он тоғызыншы етіп ойдан қаңғып келген орыстың үрпек бас сары балапанын бауырға басып, бала етіп алған ғой. ОҺо дерсің, кейін басқа күн туып, тоз-тоз болған заманда жақсылықты көргенде осы балалары Иваннан көрді.
Бөтен елде де үреймен күн кешіп, енді елмен бірге судан ары кешіп  Ауғанстан өтеміз деп жүргенде қызыләскерге кеткен баяғы Иванның осы жерде шекара бастығы екені белгілі болды.  Бұларға келіп есендесіп, «Қыңқ етпеңдер, ешкім тимейді» деді. Сонымен бүтін әулет жайбаршылық күн көруге көшті. Малына мал қосылды. Ұзынқұлақтан естіп елден іздеп келгендерді де жарылқап, жақсылықтарын аямапты. Өкініштісі, көре алмайтын күншіл біреудің арыз домалатуынан бір күнде НКВД  келіп ағайынды төрт жігіттің қолына кісен салды. Жұматтың ұлы Әлмаш атқа міне шауып Иванға хабар беріп жетемін дегенше тұтқындалғандарды пойызға салып әкетіп те қалып еді.
Сол итжеккенге айдалғандардан  елге  Жұмат әкелері  ғана аман-есен оралды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елге көш бастаған бұл әулет алдымен Өзбекстанның Жызақ деген жерінде аялдағанында дүниеге келген шақалаққа Жызақбай деп ат қойған екен, кейін Тұзақбай деп аталып кетіпті. Ал біздің кейіпкеріміз Алшынбай ағаның есімі де кіндік қаны тамған жердің атауымен байланысты қойылыпты.  Отбасы келер жылы бері қарай  «Алшынбай – Қарақай» деген жерге  жақындаған  ғой. Сол жерде дүниеге келген  сәбиге Алшынбай деп ат  қойыпты. Таршылықта жадау күй кешкен нәубет тарихы осындай еді.
Мұраты 
бірдің  –
мұңы  
бір
Аман-есен елге жеткен текті ұрпақтың ең басты  мұраты – оқу болыпты. Содан туған жерге ат басын тіреген ағайынның бір-бір үмітін үкілеп Қызылорданың интернатына әкеп тапсырып, қамқор бола білген Рахимов Сауранбай көкелері екен. Солардың қатарында  Алшынбай ағамыз мектеп-интернатын жақсы бағаға бітіріп, ағасы Тұзақбай Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық инс­титутқа құжат тапсырса, өзі Орта Азия Политехникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түседі. Бұл кезде әкелері өмірден озып, оқу қиынға түссе де түнде қарауылдыққа жұмысқа тұрып сабақтан қол үзбейді. Бір курс жоғары архитектура факультетінде Жандарбек Мәлібеков оқып жүр екен. Жиі жарияланатын конкурстарға қатысатын жас талаптың  бәйгеде озып еншілейтін  ақшалай жүлделері жүдеп жүрген ауылдасты қаншама рет тұрмыстық тығырықтан құтқарып қалды. Бәрінен де бұрын араларынан қыл өтпейтін бауырмалдықтың тереңдігі қандай еді десеңізші! Бір сәт жастық шақ ойға оралғанда  сол қымбат кезеңдер көңіліне шуақ құйып, өмірінің бар мәнін сол кундерге сыйғызып жібергендей күй кешеді.
Жоғапы оқу орнын бітірген соң әскери борышын лейтенант шенінде  Байқоңырда космодромда жалғап, рота командирінің орынбасары болыпты. Одан әрі осындағы әскери құрылыс заводында инженер болып жұмыс атқарды. Төрт жылдан соң ғана  міндеттіліктен босап елге қайтқан. Келген соң жаңадан құрылысы басталған Өзгент кеңшарына прораб болып жіберіледі. Ол кезде ауылда он бес қана түтін болған екен. Үш жылдың ішінде күндіз-түні толас таппайтын қажырлы еңбектің арқасында 150 тұрғын үй, 1 клуб, медпункт, балабақша үйі қоныс теуіпті. Осы кездері жас маманға әкесіндей қамқор болған аға буынның басында Исатай Әбдікәрімовтың өзі тұр. Директордың тапсырмасымен обком хатшысының үйіне құжат апарып бергенінде жақын көріп танысып қалғаны бар. Кейін кеңшар құрылысының басына келгенінде мұның салып жатқан үйлерін көріп, ризалықпен «Дұрыс, осы үлгімен арасына бір үйлік орын тастап кете бер, сұрағандарға  жаңа үй түседі дерсің» деп тұрғындарға жағдай жасауға қолдау білдіріпті. «Не мәселе  болса да  қысылма, өзіме келе бер»  деп  кеңдік танытқан  обком басшысының демеуін бел тұтқан  білікті жас тығырыққа тірелгенде тіке қалаға тартып кететін болды. Өзгенттің жол құрылысын жиын-терімге дейін тездетіп бітіру үшін жаны мұрнына тіреліп, облыстан жиырма автокөлік сұрап барған өтінішін заматында шешіп берген ағасы қалалық  автоколонна басшысына телефон соғып мұны дайындап,  жас жігітті қолынан жетектеп әкеп өзінің қызметтік машинасына отырғызып жібергенде қос иығына қанат біткендей көңілі көкке  ұшып кете жаздаған. Обком кабинеттерінен сығалаған көп көздердің  алдында қарадай  мерейі асып, кейін қалағанының алдына емін-еркін кіре алатын болды. Әрбір басшы тұлға жұмыс істейтін адамның қолтығынан демей алса еңбек адамына одан асқан ешнәрсе болмайды екен. Сол сенімді ақтау жолында шаршадым, талдым деген кезі болмапты.
77 жылдан 85 – ке дейін аудандық мал бордақылау бірлестігінде, қазір Кейден деп аталады, бас прораб болып қызмет атқарды. Онда да алғашынды он сегіз ғана үй болатын. Көркейтіп, көрікті шаҺарға айналдырды. Одан соң аудандағы РАПО мекемесінің бас инженері болды. Онда жүргенінде Сібірдегі ағаш зауытымен келісім жасасып, он төрт жыл үздіксіз аудандағы барлық кеңшарды құрылыс материалдарымен қамтамасыз еткені өз алдына бір хиқая.
Алшынбай  ағаға табиғат – ана қайраткерлік қарым-қабілеттен бөлек  зияткерлік  болмысты  да аямай тарту етіпті. Зейнетке шыққан соң біржолата руханиятққа  ойысып, ел, жер тағдыры дегенде  жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасаған ол туған ұлтының тәуелсіздік  алуы жолында  басын бәйгеге тіккен алашшыл азаматтардың еңбегін зерттеп  – зерделей жүріп Хасан Оралтаймен бір жолығып, сұхбаттасудың орайын күткен. 1996 жылдары оның да сәті түсті. 
Германиядағы  «Азаттық» радиосы­ның директоры, «Елім – айлап өткен өмір» кітабының авторы, ғалым, аудармашы Хасан Оралтайды Қазақстанға бір жолы түскен сапарында құрметтеп өз отбасына қонаққа шақырды. Қадірлі қандасымыз шын пейілді шақыруды құп алып, жанында әйелі, туған бауыры мен келіні бар, Жаңақорған кентіндегі Алшынбай ағаның үйіне меймандыққа келді. Келесі күні Қаратаудың етегіндегі кең жазиралы алқапқа ақ қанат үй тігіліп, туған халқын аңсап жеткен арда азаматқа ұлттық құндылығымыздың бар асылын көрсетіп қалуға ұмтылған қызмет аясы ұлан-асыр тойдан кем болмады. Талантты әнші қызымыз Лора қара домбырасымен әуелетіп тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, халық әндерін бірінен соң бірін шырқаған.
«Қаратаудың басынан көш келеді-ай,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ай.
Қарындастан айырылған жаман екен-ай,
Екі  көзден мөлтілдеп жас келеді-ай, елім-ай» – деп баяулап барып ән тоқтағанда қос жанарына жас толған аға: «Қарындастан айырылған емес, ел-жұртынан айырылған жаман екен-ай, екі көзге мөлтілдеп жас келеді», деп әннің сөзіне түзету жасап отырды.
Алшынбай аға дүниеге келген немересіне Хасан деп ат қойған еді. Осы жолы сәби атасының ақ батасын алды.
Ел ағасының үйінде қонақта болып, елдігімізге көңіл тойдырған туған­дарымыз енді бұл жақтағыларды қиы­лып отырып қонаққа шақырып кетті. Сол жолғы шырайлы жүздесудің соңы айнымас достыққа, бірге туған ағайыннан бетер ыстық қарым-қатынасқа жалғасып, біздің Алшынбай ағамыз он бес жылдан бері   Түркия   мен  Жаңақорғанның арасын жол қылып жалғап келеді. Бұл жәй сапар, қарапайым барыс-келіс емес, бұл қатігез тағдыр бөліп тастап, шекараның екі жағында шерменде қалған мұңлы жүректерді жалғастырып тұрған үлкен рухани көпір десек жарасар. 
***
2016 жылдың күзі. Сол кездегі аудан басшысы, руханият  жанашыры ретінде қадір-қасиетін өзі биік бағалап жүрген марқасқа азамат Руслан Рүстемұлымен жүздесіп, ойда жүрген үлкен арманы – тұңғыш рет қазақтың Тәуелсіздігін «Азаттық» радиосында жариялаған ұлт жоқшысы – Хасан Оралтайды есте қалдыру шаралары жөнінде кеңесіп еді. Әкім баласы бұл ұсынысты қуана құп алды. Сөйтіп, сол жылы биік деңгейлі меценат болуымен қатар қазақ зиялыларының шынайы тілекшісі, ауданның құрметті азаматы Алшынбай Тұртановтың тікелей демеушілігмен Жаңақорған төрінде Республикалық деңгейде Хасан Оралтай атындағы ғылыми конференция ұйымдастырылып, марқұмның рухын желбіретті.
Тағылымдық – мәдени шараға арнайы келіп қатысқан Германияның Мюньхен қаласында тұратын Хасан Оралтайдың  ұлы мен күйеубаласы, ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Әбдуақап Қара, Смағұл Елубай бастаған ақын-жазушылар, олардың атқосшысы бар, бас-аяғы отызға жуық қадірлі меймандарды Алшынбай аға ақ дастарханында күтіп, салтанаты келіспен сый-сияпатын жасап, алақандай ауданның мерейін бір көтеріп тастады. Содан бері өз туғаны қойып, ауданның іс басындағы азаматтары, Жаңақорған халқы бұл азаматты пір тұтып, арқамызды тауға тірегендей,  амандығына шын жүректен тілекші болып келеміз.
Біздің бүгінгі кейіпкерімізге тән осындай елжандылықтың түп-төркіні неде деген бір сұрақ көсе-көлденеңдейді. Осы жерде мына тәмсілді келтіре кетейік. Бұрнағы жылы Қазақстанға келген сапарында Хасан Оралтайдан сұхбат алған тележурналист микрофонын ұсынып: «Сіз тәуелсіздікке үлес қостым деп ойлайсыз ба? Соңғы кезде бірнеше рет елге келіп кеттіңіз, ұлт зиалылары сізді бағалап жүр ме? – деп сұрақты төпелетті. Жан-дүниесі заңғар, тәубасы одан да терең кемел тұлға: Әр пенде Жаратқанға парыз болғандықтан ғибадат етеді. Өзі жаралған ұлтына да қызмет ету – міндет. Мен ұлтыма қызметімді біреу бағаласын деп талап етпеймін. Міндетсінбеймін де. Туған халқыма қызмет етсем оны шын сүйгендігімнен, – деп жауап беріп еді. Нақ осы болмысты Жаңақорған топырағында түлеген Алшынбай Тұртановтың табиғатынан тани аласыз. Оның біз жоғарыда баяндаған бүкіл еңбегінің мәні елін шын сүйгендігінің дәлелі.
Баян ҮСЕЙІНОВА
18 қазан 2020 ж. 1 209 0