Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әженің «айналайыны» бойға қуат береді

Әженің «айналайыны» бойға қуат береді

Қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәлімді тәрбие сіңіруде әжелер институтының орны зор еді. Өтпелі кезеңдерде ұлттық салт-дәстүрге сызат түсіп, құндылықтар әлсірей бастағаны анық. Дегенмен міндетін қалтқысыз атқарып, абыройы асқан апа-әжелеріміз арамызда жүр. Солардың бірі – келінтөбелік Әнтәй Төлтайқызы.
Ол жастайынан қиындықты аз көрмеді. Сонда да берілмеді. Қайсар мінез танытып, өмірден өз орнын табуға күш салды. Осы жолда жеті сыныптық мектепті тауысты. Одан кейін еңбек майданына араласып кетті.
Еңбекқор, ақылына көркі сай бойжеткенді айттырып келушілер көп болды. Оның таңдауы сол уақытта ауыл кәсіподақ ұйымын басқаратын Ертай көкемізге түскен-ді. Екеуі бас қосып, бүгінде төрт ұл, екі қызды аяқтандырып, олардан 27 немере, 29 шөбере сүйіп отырған жайы бар.
– Әр кезеңде өмірдің өз қиыншылығы болады. Егер соған төтеп беріп, жеңе білсең ғана қадір-қасиетің артады. Ертай көкеңмен шаңырақ көтерген уақыттан бастап, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұрпақ бойына сіңіруді әдетке айналдырдық. Әкелері жұмысбасты, көп уақыты бола бермейтін. Алайда бала тәрбиесіне келгенде бар жауапкершілікті арқаласамда саналы бала тәрбиелеуде аянып қалмадым. Өйткені өзімізді әке-шешеміз осылай тәрбиеледі, – дейді әжей.
Ерінің мәңгілік мекеніне аттанғанына он жылдан асса да артында қалған ұрпағын жетімсіретпей, әкенің жоқтығын білдіртпей, немере-шөберенің ортасында отырған Әнтәй әжей бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. Сәждеге әр маңдайы тиген сәтте елі мен ұрпағының амандығын тілейтін кейіпкеріміздің көңілі ақ, ниеті асыл.
Әңгімелесу барысында аузынан «айналайыны» түспейтінінен осы қасиетін аңғардық. Ал ананың айналайыны қашанда жаңға дәру, көңілге демеу, бойға күш-қуат сыйлайды. Осы сөзді естіп өскен өскелең ұрпақ бойында жылылық, жанашырлық, мейірімділік пен махаббатқа деген адалдық қалыптасатыны белгілі.
– Жақсылықтың бастауы – адал көңілден шыққан алғаусыз ыстық тілектерден. Егер адам жақындарына жылы лебіздерін көп білдіретін болса, соғұрлым жолы ашылып, игіліктерге кенеледі. Қазақтың жылы лебізіңді аяма, ол өзіңе оралады дегені шын сөз. Өмірік тәжірибемде осыны ойға түйдім, – дейді берекелі отбасының тірегіне айналған әжеміз.
Бейнетті көріп өскен әжей әке-шешеден бір ұл бір қыз екендіктерін айтты. Жалғыз бауыры Әнәпия Төлтайұлы да 1 ұл мен 4 қыздың әкесі.
Айта кететіні, өткен жылы үлкен ұлы Досымтай мен келіні Сәуленің қолдауымен қажылыққа барып, қасиетті Меккенің жерін аяқпен басып, қажылық парызын орындап қайтты.
Қажылықтан рухтанып, кемел­деніп келген әжеміздің әрбір сөзінен елдің амандығы мен тыныштығы үзілмесін деген ниетін аңғаруға болады.
– Қасиетті жерге табаным тигенінде өзімді ерекше асқақ сезіндім. Елім, ұрпағым үшін дұға-тілек жасадым, – дейді әзиз әже.
Иә, ұзақ жылдар бойы ойында жүрген арманының орындалуына сеп болған ұл-қыздарына риза ана күндіз-түні солардың тілеуін тілеп отыр. Үлкен ұлы Досымтай шаруашылық ісін дөңгелетіп, отбасылық табыс көзін қалыптастыра білді. Әрине мұндай жетістікте ананың ақылы мен тілегінің үлесі бары анық.
Мұны ұлы Досымтай да қуат­тап:
– Кез-келген шаруада еңбек пен төзімділік таныту арқылы жетістікке жетуге болады. Ал жақындарың демеп, қолдап отырса, істі сапалы атқаратының анық. Апамның «айналайын, ісің өркендей берсін!» дейтін тілегі бойға күш-қуат береді, – деді.
Расында жылы сөз жан семіртпей ме? Әнтәй әженің шаңырағынан осындай ыстық ықыласты көріп қайттым.

Лаура БИБАСАРОВА
08 қыркүйек 2020 ж. 648 0