№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » БАС ТАРТУ ЖОРАЛҒЫСЫ

БАС ТАРТУ ЖОРАЛҒЫСЫ


Дана қазақ табақ тартуға айрықша мән берген. Әрбір қонақтың табағына салынатын кәделі мүшесі бар. Оған қоса, қариялар қауымы ас ішіп, қарын тойдырып қана қоймай, оны тәрбиелік тағылыммен ұштастыра білген. Яғни, қарапайым ғана бас тарту жоралғысының тәлімі мол. Десе де, бүгінде осы бас тарту салтқа сай ұсынылуда ма немесе кім ұстайды? Осы төңіректе тақырыпты тарқатып көрсек.

Қазірде байқап жүргеніміздей жасы бар, жасамысы бар алдына бас ұсынылса одан бас тартпайды. «Онда тұрған не бар» деп, мүжуден қымсынбайды. Сөзге шешендері «аталар әдейі «әкесі бар балдар бас ұстамайды» деп өздері тәтті тұсының бәрін жеп қояды» деген сынды саяз сөз айтады. Кейде атақ абыройына не шеніне қарап қарттарды елемей кететін кездері тағы бар. Ақиқатында біздің білетініміз, қонақ күткенде не құдайы ас бергенде үй иесі құрметтеп басты әулеттің үлкеніне не атасақалды ақсақалға береді. Бас ұстаған қария өзі ғана дәм татпай, қасында отырған адамдарға ауыз тигізу арқылы олардың орнын айқындап береді. Алғашқы кезекте құйқасын кесіп, алдымен өзі ауыз тиіп, кейін табақтастыран құйқаны үлестіреді. Бастың құлағын алып; «Құлағың жақсылыққа үйір болсын, үлкендердің айтқан ақылын, өнегелі сөзін қағып алатын бол» деп үйдің кішкентайына ұстатады. Көзін көзімдей бол деп жақын тартқан адамына, таңдайын сөзге шебер бол не жезтаңдай әнші бол деген ниетте жасына береді. Қысқасы, қайырлы тілек тілеп, жақсылыққа үндейді. Мұны тарқатып айтып отырғандағы мақсат–қырықтан асып, елуді еңсерсе де, алпыстың ауылы жақын қалса да бас мүжуді білмейтіндер бар. Тақырыпқа тұздық болсын. Тыңдап көріңіз.
Бірде ауданның бас имамы Сәйділлә ұстазбен сыр беттегі ауылға құдайы асқа бардым. Үйге кірсек жиылған қауым арқа-жарқа әңгіме құруда екен. Аман-саулық сұрасып болғаннан кейін шәй ішілді. Алдымызға ас-ауқат келген кезде ауыл қариясы «молдеке негізі басты бірінші кім ұстайды» деп сауалды төтесінен қойды. Негізі ол кісілердің меңзегені сол ауылдың имамы жас бала еді. Осы тұста айта кететіні, Сайділла имамның бір қасиеті бар. Қандайда сұрақ болмасын, оған жеңіл түрдегі тәмсілмен жауап қайтарады. «Бірде заманында даңқы дүркіреген патша қайтыс болыпты» деп имам әңгімесін бастады.
–Елдің патшасы дүниеден өткенін естіген жау жағадан алыпты. Қысыл-таяң уақытқа қалған  халық: «Енді не істейміз? Марқұм патшаның баласы болса жап-жас. Жауға қарсы қол бастамақ түгілі, найза көтеруге әлі жоқ» деп имамға шағымданыпты. Не керек, ақылдаса келе, тақ мұрагері алдына имамды жіберетін болып келісіледі.  Содан шапан сәлдесін оранып, ордаға барады. Бұқара халықтың атынан келген бұйымтайын айтқанда уәзірлері орындарынан түрегеле имамның ел басқаруына қарсы шығады. Сабырды ұстаным еткен имам: «Ей, ағайын, мені алдарыңызға шығарып, имам қылып, ақіреттік намаздарыңызды бересіздер. Енді келіп, бұл дүниеде қалатын тақтарыңды қимай отырсыңдар ма» деп орынды уәж айтқан молданың сөзіне барлығы мойынсұнған екен–деп Сәйділла имам әңгімесін аяқтады.
Мұнан кейін тартымды тәмсілді өзіне бұрған Сәйділлә имам: «Енді маған бастарыңды қимай отырсыңдар ма» деді. Қасындағы қауға сақалды қария:«Иа, Алла! сөз тапқанға қолқа жоқ. Алыңыз молдеке» деп алдына қойдың басын қойды. Имам әлгі қариға қарап: «Қасиетті Құранда береке–үлкендеріңде»деген аят бар. Сондықтанда қария сіз алыңыз мына басты» деп, қойдың басын қарияға кері қайтарды. Имамның түсіндіргені бұл кішкентай бас арқылы үлкен сауап табуға болатынын және үлкендерге құрмет көрсету–Исламның құндылығының бірі екенін жеткізді. Бұл ғибратты жүздесуде алар мағына мол.
Иә, «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей сапар шекпес» демекші, артыңнан ерген ұрпақ ұлылық ұлағатына, аталық тағылымға зәру. Тек өскелең жастарға үйретер алдыңғы аға буынның айтары таусылмасын.
Әбдісамат ӘБДІШ
06 сәуір 2018 ж. 1 621 0