№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды...

Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды...

Күні кеше алдымызда асқар тау­дай болып жүрген әкеміз Сейітхан Исабайұлының өмірден өткенініне бір жыл өтіпті. Алайда Алланың құдіретіне бас иген адамзатқа, өмірден өткен кісілердің аруағына құран сүрелерін бағыштап, олардың жақсылығын артындағы ұрпағына паш етуден басқа амал бар ма?
Исабай атамның (әкемнің әкесі) ұрпағына аманат етіп айтқан: «Өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық жасама» деген сөзін, әкеміз ол кісінің зиратының басына қойған көк тасқа жаздырып,барған сайын құран бағыштап, алақанымен осы алты сөзден құралған бір қатар сөйлемнің бетіндегі шаңды сүртіп, ата өсиетініңұғымын санамызғаұялатқандай болатын.
Басқа түскен аурымен арпа­лысып жүріп, түбінде оны жеңе алмайтындығын сезген болар, жылдар бойы жазған кішігірім қолтаңбалары мен ой-пікірлерін жинақтап, ұрпағының шежіресі түйінделген «Атадан қалған іздер бар» атты кітапшасы басылып шыққандағы әкемнің қуанышы әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кітаптарды өзінің дос-тамырларына, туған-туыстарына, ұл-қыздарына, неме­реле­ріне және көңілін сұрап келген жора-жолдастарына аса құрметпен тапсырған кездерінде, әкемнің өмірге деген сүйіспеншілігі мен ұрпағына артатын сенімінің мол екендігін көрдім. 
Әкем өмірден өткеннен кейін, оның жазған дүниелерін қайта оқып шығып, кішкентай бір кітапқа қаншама үлкен томдарға жазылатын ойлардың сыйып кеткендігін байқадым. Ол, адамның адамгершілігімен айналасына жасаған жақсылғына, әріптестерінің кәсиби біліктілігіне, туыстың бауырмалдылығына, өмірлік жарының ақ ниеті мен адалдығына, балалары мен немерелерінің білімді қару етіп бақытты өмір сүрулерімен ұштасқан болашағына ерекше көңіл бөліп, туған өлкеміздің зиялы қауым өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен сыйласып-сырласып, өмірлік көзқарасымен бөлісіп, ойын ашық жеткізе алатын қасиеттерімен рухани азықтанған азамат болғандығына көзім жетті.
Сол себептен болар, әкемнің «Жақсылардан көрген жақсылықты бағалай білу, бәрімізді абырой биігіне жетелейтін қасиет деп білемін» – деген сөздерінен, үнемі риясыз игі жақсылық жасауды және өзгенің жақсылығын ұмытпауды ұрпағына аманат еткендігі деп сезінемін.
Бірде Жаңақорған ауданынының белгілі қаламгері Құдайберген Ертасов әкемнің алдына арнайы барып, сұхбат беруді сұраған жағдайда, журналистке жеке басын дәріптемей өзі тер төккен сала, оның өткені мен келешегі, адамгершілік төңірегінде толғаған екен («Жаңақорған тынысы» аудандық газеті ақпан айы 2007 жыл).
Осы тұрғыда, менде әкемнің бойын­дағы жас әкелерге үлгі болатын қасиет­терді еске алуды жөн көрдім.
Жеміс ағашын немесе үй жағдайында гүл өсірсең де оған лайықты көңіл бөлу керек болар. Сол сияқты, жас кезімде әкем жұмыстан уақытылы үйге қайтып, жол-жөнекей кітапханаға соғып, ертегі кітаптарын сатып алыпмаған ұсынып отыратын. Есейе келе махаббат туралы кітаптарды әкеліп, оны алдымен өзі оқып, кітаптар тұратын сөреге қоятын. Әрине, ол кітаптарды мен әкемнен тығылып оқығандай болатынмын. Бірақ кейіннен сездім, ол кітаптарды бірінші өзі оқып, мені сол кітаптарды оқуға еліктіргендігін.
Сонымен қатар, жұмыстан келіп бізге өзі ойдан құрастырып алған ертегілерін айтып беретін, үш аяқты мотоцикліне мінгізіп алып, жолшыбай дүкеннен азғантай азық-түлік алып, ауыл сыртындағы табиғатпен қауыштыратын. Далалық жерге кішігірім дастархан жайып, үйде жемейтін консервіленген балықтарды да таза ауада тәбетіміз ашылып жейтінбіз. Демалыс күндері інім Нұржан екеуімізді Шұқырай көліне балық аулауға немесе барлығымызды (қарындастарымды да)Сырдарияның жағасына суға түсіруге алып баратын. Бір қызықты жағдай: мен сәл есейіп қалған болуым керек, ал інім кішкентай. Кезекті балық аулауға барғанда әкем ініме көрсетпей, өзінің қармағына балықшылардың ұстаған бір балығын іліп, қармағын суға қайта тастайды. Содан кейін інімді шақырып, қармағын ұстатады да, ол қармаққа алдын-ала ілінген балықты судан шығарған кездегі балалық қуаныштың әсерін тамашалайтын және бізге көтеріңкі көңіл мен қуаныш сыйлайтын. Кейіннен немерелерін ауылдың сыртына шығарып, оларға шынайы мылтық атқызғандағы алған әсерлерді сөзбен жеткізу қиын болар...
Сондай-ақ, әкеміз бізді жас­тайымыздан еңбекке үйретіп, ауылдағы үйіміздің ірге-тасын қалап, қора-қопсығын көтеруге, кішігірім мал байлап, үндік-тауық асырауға баулыды. Бұның барлығы баланы өмірге әкелу ғана емес, яғни біздің өмір сүруге дегенқабілетімізді арт­тырып, мейірімділікке баулып және жауапкершілікті бойымызға сіңірумен ұштастырғандығын есейе келе түсінудеміз.
Алайда, қазіргі жаһандану заманын­да біздің замандастарымыздың бала тәрбиелеуге қатысты осы құнды­лықтарды жалғастыруға уақыт таппай жатқандығымыз қынжылтады. Жұмыс басты болып, ақша табу үшін таңның атысынан, түн жамылғанша қызметте болып немесе суда-саттықпен айна­лысып, балаларымызды әлеуметтік желі­дегі ақпараттар тәрбиелеуде...
«Әкенің жақсылығы баласына қырық жылға азық болады» – дейді дана халқымыз. Лайым, өмір белестерінде алдарыңыздан(өзіңіздің шығар биіктеріңіз),арттарыңыз(шәкірттеріңіз, ұл-қыздарыңыз)биік болсын демекпін!
Елімізде ғана емес, дүние жүзінде орын алып жатқан «коронавирус» індетінің таралуына байланысты, әкеміздің жылын көпшіліктің алдында өткізуді кейінге қалдырып, отбасында құран бағыштап, еске алумен шектелудеміз.
Әкеміздің топырағы торқа, жатқан жері жаннат болсын! Сіздің нұрлы бейнеңізді, пәк жан-дүниеңізді ұрпағыңыздың бойынан көруге жазсын!
Бекежан Сейітханұлы
25 тамыз 2020 ж. 516 0