№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Саумал ішсең, сауығасың

Саумал ішсең, сауығасың


Дүниежүзіне қауіп төндірген коронавирус күн өткен сайын дендеп барады. Елімізде бүгінде ауру саны – 9584-ке жетті. Індет әсіресе иммунитеті төмен, әлсіз адамдарға өте қауіпті. Сондықтан халық жаппай көптеген дәрінің баламасына айналған ұлттық сусынға бет бұрды. Әсіресе саумалды ем ретінде ішетіндердің саны артқан. Мыңдаған аурудың емі болып табылатын бие сүті індет жайлаған уақытта сұранысқа ие болып отырғаны рас. Емдік сусынды пайдаланудың да өз ережесі барын ескерген жөн.


Саумал ішіп емделу барысында оның емдік және аурудың алдын алудағы қасиеті жоғары болғандықтан күнделікті пайдалану тәртібін сақтаған абзал. Әдетте таңғы астан жарты сағат бұрын, түскі асқа дейін және кешкі астан бұрын саумалдың бір кесесін ішудің өзі ағзаға өте пайдалы. Бұл жөнінде ұлттық сусынды табыс көзіне айналдырған Жанар Әшімқызы: «Жаңа сауылған жас саумал қырықтан аса биологиялық дәруменнен тұрады. Күн сайын ішілген бір литр сусын адам ағзасын керекті ақуыздармен, сіңімді майлар мен көмірсу, кальций, магний, фосфор секілді минералды заттармен, «А», «В1», «В2», «В6», «В12» секілді дәрумендермен байытады. Өмір бойы ішсең де еш зияны жоқ. Алайда саумалмен емделудің де өзіндік тәртібі бар. Мәселен, оны жаңа сауылған кезде жылы күйінде ішсең емдік нәтижесін байқауға болады. Ал ең бастысы сауу барысында санитарлық-гигиеналық жағдайға аса мән беру маңызды», – дейді.
Оның сөзінше, пандемия басталғалы үйдегі биелердің өніміне сұраныс артқан. Жылқыларды суғарып, жем-шөбін беру қызы Ажар екеуінің мойнында. Таңғы 7-ден басталған қауырт жұмыс кеш батқанша жалғасын табады. Күніне 5 сауыннан 3 биеден 15 литрден аса саумал алады. Литрі 700 теңгеден. Өзгелер індет жайлағанын пайдаланып, бағаны шарықтатып отырғанда, Жанар апай халықтың қалтасына салмақ салуды өзіне ар санайды. Бұған дейін қымызды көптеп сұрайтын халықтан коронавирус басталғалы қымыз ашытуға сүт қалмайтынын, тек саумал күйінде өтіп жатқанын жеткізді.
Жанар апаймен әңгіме барысында қазақ үшін қасиетті саналатын жылқы малының сүтіне кезектің көп екенін де байқадық. Бір жұма бұрын арнайы тапсырыс беріп қойғандар барын да айтты. Әр сауынға 3 адамнан алатын кейіпкеріміз кезекке тұрғандар литрлеп алып кететіндерін және бір рет қана келмей кем дегенде 10 күн қатарынан саумал ішетіндер саны күн санап артып келе жатқанын да жасырмады.
Иә, бие сүтінің адам денсаулығына ем екені талай айтылып жүр. Саумал ішіп сауыққан, ауруынан айыққан адамдар да жоқ емес. Соның бірі бие сүтін ішіп, дертіне дауа тапқан Сәлім атай ауруынан құлан таза жазылғанын тілге тиек етті.
– Бүкіл әлем тұрғындарын әуре-сарсаңға салған бұл індет мені де айналып өтпеді. Әуелі Алла, екінші ақ халатты абзал жандардың еңбегінің арқасында екінші тынысым ашылғандай. Емдік шаралары уақытылы тағайындалып, үздіксіз бақылау нәтижесінде қалпыма келдім. Қазақы емнен де бас тартпадым. Дәрігерлердің кеңесімен саумал ішуді бастап кеттім. Қатарынан 13-14 күн үзбей 3 мезгіл ішкенімде кеуде тұсымдағы шаншу секілді нарсе басылып, әл жинадым. Биені сауған бойда жылы күйінде ішіп аламын.Көмегі болды. Химиялық қоспасы көп дәріханадағы дәріні ішкенше, табиғи өнім өзіміздің ұлттық сусын саумалдың пайдасы әлдеқайда жақсы, – дейді.
Ал бұған мамандар не дейді? Аудандық емхананың дәрігер-невропатолог маманы Дана Зұлпыхар: «Саумал көп ауру түріне шипа. Ал оны ішіп, ем қабылдау барысында байбаламға салынбау қажет. Ондай кезде ұйқы бұзылып, уайымға салынасыз. Ұйқы бұзылса, иммуни­тет те түседі. Ал мынадай вирус өршіп тұрған уақытта түрлі жеміс -жидек қабылдаған жөн. Толыққанды тамақтанып, сорпаны көптеп ішіп, шәйға лимон, бал қосып ішсе де болады. Бұл да иммунитетті көтерудің бірден- бір жолы. Мүмкіндік болып жатса жасы егде тартқан кісілеріміз саумал ішкені жөн. Ол ағзаның бір қалыпта жұмыс жасап, көптеген аурудың алдын алуға көмектеседі. Мәселен, асқазан, өкпе, жүрек ауруы мен қан айналым, ішек жұмысын жақсартады. Егер бір жыл бие сүтін ішсеңіз туберкулез ауруынан айығуға толықтай мүмкіндік бар. Ал жалпы профилактикалық тұрғыда ішем десеңіз 15 күн жүйелі түрде ішу маңызды», – деп пікірін білдірді.
Дәл қазіргі уақытта саумалға деген сұраныс тек біздің елде ғана емес, шет мемлекеттерде де артып келеді. Өйткені емдік қасиеті зор. Көптеген елдің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелері де бие сүтінің адам ағзасына шипа екенін дәлелдеген. Сонымен қатар сусын ағзадағы зат алмасу барысын жақсартып, онкологиялық аурулардың жазылуына ықпал етіп, ерте қартаюдың алдын алады. Сондай-ақ бауыр сырқатын емдеуден кейінгі кезеңдерде саумалдың оң әсері барын мамандар растап отыр. Ең маңыздысы, бұл сусын зақымданған ағзалар мен жасушалардың қалпына келуіне жәрдемдеседі.

Лаура БИБАСАРОВА
08 тамыз 2020 ж. 462 0