№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ақмоншақ


Сағат 8-ден асып қалыпты. Жұмысқа жеткенімше 20-30 минут керек. Сөмкеме моншақты қорабымен сала салдым...
Кабинетке кірген соң моншақты сөмкеден шығарып, мойныма салып көрдім. Салтанаттың сыйлығы жарасатын сияқты. Мойнымда лық-лық етіп қозғалса тербеле ме қалай өзі?! Асау моншақтарды бір-біріне еріксіз бұғаулап, жіпке тізіп бас білдергенге ұқсайды. Қозғалған сайын бұлқынады, аунап-аунап түседі, биіктен төмен қараған тәкәппар бойжеткендей әр қимылымен сылаң қағады, мені көрдің бе дегендей сыңай танытады. Жібінің бір шеті үзіліп кетсе болғаны еркіндік іздеген ерке моншақтар омыраудан домалап жан-жаққа жайылып кетуге әзір.


Туасы мен киім кигенді жақсы көргенмен аксессуарларға мән бермеймін. Анда-санда той-томалаққа барғанда білінер-білінбес бояумен әрленсем құтты гримденген артистерге ұқсап кетем. Сондықтан бояуды жаға бермеймін. Моншаққа көз тігіп ойланып отырмын. Маржан моншақтың талай түрін әуестеніп кезінде тағып, талайы үзіліп шашылып төгілді ғой. Мына моншақ өзі жұп- жұмыр ерекше аппақ екен. Моншақ Салтанаттың өзінен аумайды-ау, аумайды. Моншақтың келу тарихы қызық, өзі бір ойламаған жерден болды.
Осыдан екі жыл бұрын бұғанамдағы, білегімдегі құрсаулап қойған темір шегелерді алдырып тастауға ауру­ханада жатқан болатынмын. Сөйтсем, сол жерде Күлиямен бір палатада Салтанат жатыр екен. Операциядан шыққаныма бір ақ күн болған. Таңертең ерте сағат сегіз болмай жатып Салтанат жетіп келіпті. Өзім таң қалдым, Күлиядан естідім деп жаным, жаным деп іші-бауырыма кіріп, жағдай сұрап жатыр. Туасы Салтанат ақкөңіл, ашық, жайдарлы адам. Топ-толық, жұп-жұмыр денесі өзіне жарасады, шапшаң қимылдайды, үнемі сөйлеп, күліп жүреді. Қып-қызыл етіп ернін бояп алады, еріндері тұп-тура роза гүлін елестетеді. Ернін тістерімен ауық-ауық тістелегенде, ерні дымқыл тартып, қып-қызыл бутонға енді ғана су бүркіп кеткенге ұқсап онсыз да әдемі реңі ажарлана түседі. Ешкімге ұқсамайтын әдемі келіншек.
Мен үшінші қабаттамын, мың жаса­ғыр Мұқанның арқасында бір палатада жалғыз өзім жатамын. Көрсеткен құрметіне рахмет. Мұқанды біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Ол өзінің қадірін, бағасын біледі. Ауруханадағы темірдей тәртіп, мұнтаздай тазалық, дәрігерлердің ауруларға жасап жатқан ем-домын айтпағанда, қабырғалардағы ерекше дизайнмен салынған өнер туындыларының әрқайсысы орны-орнымен ілініп тұруы Мұқанның талғамының биіктігін көрсетеді. Мұқан одан бөлек жаңалыққа жаны құмар. Жаңа медициналық қондырғылар алынып, дәрігерлер білімін жоғары­латуға өзге елдерге барып тәжірибеден өтті. Басына түспесе ешкім білмейді.
2016 жылы 17 желтоқсанында ұшақ­пен Ақеркемнің денесін алып келгеніміз әлі есімде. Аэропортта жедел жәрдеммен бізді Мұқан күтіп алды. Қалай ғана ұмытарсың? Ол бізді зар жылатып мәңгілік мекеніне кетті. Алдамшы дүние-ай!
Кеш болғанына қарамастан, қой, ұятты қос келіншектің жағдайын білмесем болмас деп төртінші қабатқа көтерілдім. Күлия да Салтанат екпе дәрі-дәрмегін алып жатты. Салтанат көпшіл адам. Аралас-құраластары көп. Бір кезде: «...сіздерді Жеңіс Ысқақоваға байланыстырып, таныстырайын ба?» деді.
Айтқанындай, Жеңіске телефон соқты. Таныстық. Тілдестік. Сосын көмейіне бұлбұл қонған әнші телефонның арғы жағынан шырқап қоя берді.
– Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр Сұлу,
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу .
Аңсатса Сыр өңірі,
Ән тербер жүрегімде,
Қайран сол Сыр сұлуы
Қайдасың? – деп қайырмасын бітіргенде, Жеңістің көмейінен шыққан ән толқын-толқын болып ақкөбіктеніп шалқақтап барып айналаға мап-майда ақ тамшыдай тарап бара жатты. Шәмшінің «Сыр сұлуын» шырқағанда аспанда қалықтаған әнмен бірге Жеңіс те биікке самғап барып, ән біткен кезде баяу орнына қонатындай көрінді. Жеңіс әннің қайырмасына келгенде қанатын серпіп-серпіп еркін самғаған құс патшасындай әуеде қалқып бара жатқандай, ән біткен кезде бұлттардың арасына кіріп кеткендей әсер қалдырады. «Сыр сұлуы» орындаушы иесін тапқан ән. Ән айтқанда Жеңістің көмейі көрінеді, онысы өзін одан сайын тартымды етіп жібереді
Жеңістің туған жерге деген махаббаты Шәмші әнінің құдіретімен астасып, үндесіп тіл табысқанын ішкі дүнием сезіп, керемет күй кештім.
Нағашы әжемнің қолында еркелеп өскен балалық шағым көз алдымда тізбектеле жөнелді. Иә, Жаңақорған кентіндегі жастық шағым есіме түсті. Ондағы жаны жайдарлы адамдардың қамқорлығы, ыстық ықыласы, қолдау-демеуі ойымда жаңғыра бастады.
Әуелеп барып ән бітті. Бір сәт ойланып кетіппін...
...Әсем әуен бойға күш берді. Енді дәрі-дәрмектен кейін тәтті шай ішкен қандай жақсы! Шай қойылды. Дастархан жайылды. Бір кезде Салтанат пен Күлия бағалы заттарын көрсетті.
– Мынау қалай? – деп маржан тізілген моншақты көрсетті. Не деймін? «Жақсы екен» дегенім сол еді, ендеше «Бұл сізге» дегені...
Ыңғайсыз екен.
– ...жоқ керек емес, – деп қашқақтағаныма қарамастан мойныма тағуымды өтінді.
Күлия моншақтың ілгішін таба алмай біраз әлектенген соң кейін тағам дедім де, моншақты Салтанат жатқан кереуеттің тумбасының үстіне қоя салдым. Ондағы ойым байқатпай қалдырып кетпекшімін. Отырып шәй ішіп болған соң кетуге бет алғаным сол еді, Салтанат шығарып салам деп ілесе шығып, моншақты қолыма ұстатты. Енді қарсыласқанымның артық екенін түсіндім.
“Ізетке найза бойламайды” деген осы да. Бәрібір бекер алдым ба деген ой біраз уақыт мазалап жүрді. Тақпасаң тағы да ыңғайсыз.
Міне, бүгін реті түсіп ақмоншақты тағып, мәжіліс залында отырмын. Күлия да келді, сол жолғы сатып алған маржан тасты сырғасы мен сақинасын тағып алыпты. Жарасып тұр. Тура бір уәделесіп алған сияқтымыз. Моншақты көріп ауруханадағы болған жәйт есіне түскен шығар. Моншаққа көзім түскен сайын ойыма Салтанат орала берді, орала берді. Өмір осындай тосын сыйларымен қызық-ау. Мойнымдағы моншаққа тағы да көзім түсіп кетті. Қазағымның мәрттігі-ай. Ақмоншаққа қарап Салтанатты көріп тұрғандаймын.
...Салтанатты Ақмоншаққа, Ақмон­шақты Салтанатқа ұқсатып, далаға шығып, терең тыныстап дем алдым.
«Аңсатса Сыр өңірі,
Ән тербер жүрегімді» деген Жеңістің күміс даусы құлағымнан кетер емес. Құлағымдағы әуен менің де көмейіме құйылып толқындап шығып жатыр. Барша қазаққа ән салдырған неткен құдірет. Толқынға құмарлықтың сырын енді ұққандаймын.
Қазақтың дархан мінезі-ай! Бір-біріне деген мейірім, мезіреттің арқасында асау толқындардан өтіп, Ұлы Дала елінде берекелі өмір сүру­деміз. Мұндай жаймашуақ өмірде қазақтың қыздарының үлесі қомақты...

Калыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары

15 шілде 2020 ж. 591 0