№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жетім көрсең жебей жүр

Жетім көрсең жебей жүр

Жетімдік – жаза емес, жер бетіндегілердің бір-біріне мейірім шапағатын таразылау үшін тағдырдың жаратқан сынағы.
«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» делінген хадисте. Ендеше, Жаратқан Ие оларды өзі қорғауына алады. Жетім-жесірге жәрдем жасаған адамдарға да Құдырет есе-есе сауап жазады.
Жетімін жылатпаған ата-баба­мыздың дәстүрімен өмірден ерте кеткен қарындастың баласын қанатының астынан шығармай, бас-көз болып келе жатқан ізгі жүректі жандарды өз айналамыздан да аз кездестірмейміз. Әрине, қилы тағдырды бір қолға қиюластырып, ешбірін бөле-жармай, қабағына көлеңке түсіріп алмай, жетілдірудің жүгі оңай емес. Қамкөңілдің наласы деген тағы бар. Оны балаңдай көріп, бағып-қақсаң да, жаза басқан жағдайда жарға тақап жұлқылап алуға қолың тағы бармайды. Жетімнің көңілі жаралы. Жанарынан үзіліп түскен бір тамшы жас тура жүрегіңді тіліп өтеді. Қамкөңілдің қахысына келгенде олар¬ды қамқорлыққа алған жанға қылдай қиянатқа баруға болмайды. «Жетімнің малын жеген ішін отпен толтырғандай болады» делінген хадисте.
Отыз жыл бұрынғы мына бір оқиға ойға оралып отыр. Анам екеуміз «Сарыағаш» санаториінде едік. Ташкенттің Абай ауданына қарасты бір ауылға келін боп түскен бауырының қызын көріп қайтпаққа бекінген анамның қалауымен екеуміз әлгі үйді тауып бардық. Түс қайтып қалған кез еді. Есік алдындағы сәкіде шүпірлеп бірнеше бала отыр. Әлгі ұзатылған мұғалім қызымыз – осы үйдің жас келіні сыртта от жағып, ошақ басында жүр. Абысыны бізді қарсы алып, сәкі үстіне көрпе төсеп, бәйек болып қалды. Отағасы шаруашылықта механизатор екен, бүгін бір күн сұранып, балаларының жаңа оқу жылына керек киім-кешек, оқу құралдарын әкелгелі орталыққа кетіпті.
Шай ішіп, әңгімелесіп отырып, біраз жай-жағдайларына қанықтық. Кеш қарая арқаланып жеткен отағасын бала-шағасы қаумалап қарсы алды. Алдымен келіп, бізбен амандасқан жылы жүзді жігіт ағасы жайғасып бола бере көзімен іздеп, аналардай емес, тұнжырап аяқта тосылған тақырбасты қасына шақырып, тізесіне қонжитты. Бірер жыл бұрын әкесі дүниеден озған, ал анасы өзге оттың шырағын маздатып, шын жетім қалған туған бауырының баласын өздері қамқорлыққа алып отырған жағдайынан хабардар едік. Жүрегіміз аударылып түсті.
Әкелгендерін қапшықтан бір-бірлеп шығара бастаған отағасы үлкенінен бастап үлестіруге кіріскен. Жалақыға ғана иек артқан заманның жадауырақ шағы, қарапайым шаруа адамының шайлығынан артылмас жарытымсыз табысы бірде жетсе, бірде жетпейтіні тұрмыстарынан-ақ аңғарылып тұр. Бұған қанағат қылып үйренген балалары да қолына тигенін құшағына қыса мәз болып, жымың-жымың тарап жатыр.
Бір кезде солардың бәрінен де ең әдемі сөмкені алып, алдындағы баланың қолына ұстатты. Мына қараңыз, елден ерек бұған көйлекті де, шалбарды да, топлиды да біреу емес, екеуден сатып алыпты. Дәптер-қаламы да қомақтырақ көрінді. Жүзі бал-бұл жайнап қуанған көкөрімнің мерейі бір сәт аспандап шыға келген. Осы бір тірлігіне өз-өзіне дән риза болған үй иесінің сол кездегі керемет қуанышты кейпі...  әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Жетімді қуантқаннан асқан ізгі іс, ұлы амал бар ма екен мына жердің бетінде?
Ол отбасынан одан бері бір хабарым жоқ. Ол балалар да ендігі өсіп-жетілген шығар. Әлгі аға егер тірі болса сол балапандарының шарапатына кенеліп, аяғын әр-әр жерден басып, шалқып ғұмыр сүріп жатқан шығар-ау деп түйемін. Өйткені қамкөңілге қамқор болып, ерекше мейірім танытқанға Алла да мейірімді.
Жетімнің жағдайын басынан өткерген тереңірек сезінеді. Осы ретте «Перзент» қорғансыз балалар үйінің иесі Әмина қажы Әжібайқызының амал-әрекеті көпке үлгі.
Анасы 41 жасында қайтыс болған екен. Соңынан ерген екі сәбиді естияр болып қалған бұған арқалап жетілдіруге тура келіпті. 95-жылдар базарда ала дорба арқалаған кезең болған жоқ па? Сауданың жұмысымен жүріп, табысынан жетімдер үйіне ұсынбақ болып, Алматыдағы №2 балалар үйіне ат басын бұрады. Бесіктегі сәбиден бес жасқа дейін бүлдіршіндерді қабылдайтын мекемеде 85 пайыз қаракөздер жаутаң күй кешуде екен. Етегіне жабысып «мама, мама» дегенге ет жүрегі елжіреді. Соларды ойлап, үш күн жылады. «Жетім балаларды қамқорыма алайын" деген ой осы кезде көкірегіне берік орныққан еді. Алғашында он бес бала болатын. Теледидардан көріп, тағы басқа жерден құлақтанып түрлі ұлттың балалары келе бастады. Жастары он алтыдан асқан балалар үйінен шыққан жастар да келіп, апаның бауырын паналады. Әзиз жан ешқайсысына қарсылық етпеді, Алла өзі есебін табады деп сенді. Бірақ бұл жерге келгенде, талап біреу. Ол оны балаларға былай деп түсіндіреді: Бір өзенің екі арнасы бар. Бір жағы – иман, екінші жағы – еркін өмір, қайсысын таңдайсың?
Көше кезіп, қаңғыбас күйге үйренген екі-үшеуі бұл талапқа көнбеді, ұзамай түрмеден бір-ақ шықты. Ал мойынсұнғандары қажы ананың қалауымен намазға тұрды. Өзіне де, ортасына да бір пайдалы азамат болуға ұмтылған күн тәртібіне көшті. Әдеп әліппесін үйренді. Бір-біріне қамқор, жанашыр болуға талпынды.
Алғашында асхана ашып, табысын содан құраған кәсіпкер ханым балалар үйінің қосалқы шаруашылығын құрып, мал ұстауға талап қылды. Егін салып, қажетті азық-түліктерін қамдап алуға бет бұрды. Үйлерін үлкейтіп салып, енді спорт кешенін бастандыруды қолға алды. Осы жұмыстың барлығында ол іске жарап, ержетіп қалған қарауындағы балаларын қолқанат етті. Осы тірліктің барлығында біреуге қол жайып, сұрау дегенді ар санаған намысқой жан қорғансыз баланы бағу дегеніміз – ішіп-жемін тауып беріп, күнкөрісін қамтамасыз етумен шектелмейтінін жақсы түсінді. Келешекте жақсы адам болып қалыптасуы үшін сәби жүректерге алдымен имандылық шарттарын егуді, екінші еңбекке тәрбиелеуді, белгілі кәсіпке баулуды мұрат тұтты.
– Әкем маскүнем болды. Арақ ішіп, анамды әр сабағанда мен қашып кетіп, трубаның ішіне тығылып қалатынмын. Анам өмірден өтіп кетті. Мен Әмина апаны паналадым. Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймын. Сабақты жақсы оқып жүрмін. Дәрігер болам. Ол кісі қартайғанда өзім емдеймін, – дейді Әмина апаның тәрбиеленушісінің бірі, он екі жастағы жасөспірім.
Жақында ғана қақпа алдына аппақ қардың үстіне тастап кеткен үш күндік сәбиді қамқорлыққа алды. «Қоғам не боп кетті? – деп күйінеді ана. – Бұл кішкентай балақандардың не жазығы бар? Тағдыр айырса амал жоқ, өз қағынан жеріп, өз құлынын тірі жетім атандыру, адам түгілі жануар да мұндай қатыгездікке бармайды ғой».
Әмина Әжібайқызына тұл жетімі бар, тірі жетімі бар, қорғансыз сәбилерді асырап алуда құжат рәсімдеудің қияметі көп екен. Туу туралы куәлік жасату, ата-анасының жоқтығын растау, мұның барлығы балаға Үкіметтен бөлінетін жәрдемақы үшін қажет. Панасыз балалардың жеке есебіне Үкіметтен ай сайын аударылатын қаржыны олардың болашағына жинақтауды мұрат тұтқан абзал жан кәмелетке толып, өз жолын таңдаған ұлы мен қызының қалтасына осы қаржысын салып беріп, үлкен өмірге ұлы тілекпен шығарып салады екен.
Әділеттік дегеніміз осы. Түрлі ұлтты былай қойғанда қырық рудан құралған 47 ұланды бір шаңырақ астында айрандай ұйытып, тату-тәтті тірлікке жұмылдырған береке-бірліктің астарында осындай ғажайып сыр жатыр.
Әділеттіліктің алдында әлсіз де, күшті де бірдей бас ұрып, иесін шексіз нығметке бөлейтініне осы бір әз-ананың бойындағы орасан қуат, сарқылмас шуақ дәлел. Олай болса, қорғансызды қамқорлыққа алып, шапағат етудің хиқметі өз алдына, жетімнің құқына қылдай қиянат қылмай, тура жолдан адаспағандар ғана қайырға қауышатынын ұмытпайық.
Баян ҮСЕЙІНОВА
19 мамыр 2020 ж. 813 0