Білімнің жеңісі баянды
Абай ұлтқа ортақ, ойы адамзатқа ортақ. Оның айтқан шығармасы, жазып кеткенінің бәрі адамзаттың кемелденуіне арналған. Абайды әлемдік деңгейге көтеру керек, ол үшін алдымен өзіміз тереңдеп тануымыз керек. Міне, осы мақсатта жер-жерде Абайды ұлықтайтын, оның шығармашалығын тануға бағытталған шаралар өтуде. «Абай жаққан бір сәуле» атты І республикалық Абай қара сөзіндегі афоризмдерді талдау олимпиадасы және ақындар мүшайрасын сондай мазмұнды шараға жатқызуға болады.
«MANGILIK EL JASTARY» қоғамдық қоры және қоғам және өнер қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Бақыт Беделхан, Омар Жалелдің ұйымдастыруымен өткен білім, өнер бәсекесіне біздің ауданнан №3 мектеп-интернатының шәкірттері қатасып, табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, Абай қара сөзіндегі афоризмдерді талдау бойынша Қасиет Бақытжан мен Ақжүніс Санақ бірінші, екінші орындарды иемденсе, ақындар мүшәйрасында Сымбат Сабырханова мен Жасмина Әдбіжамал екінші және үшінші орынды өзара бөлісті.
Білім сынға түскен сайыста талаптарды бәйгеге қосып қайтқан жетекшілері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мөлдір Баймаханова былай деп тұжырымдады:
– Білімділер сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 254 оқушы жас қатысты. Бұл байқау оқушылар үшін шынайы бәсеке болғаны анық. Сайыс өз деңгейінде әділ өтті. «Білімнен басқамен озамын деудің бәрі бекер» деп ағартушы атамыз айтқандай, қатысушылар кіл мықты білімпаздар. Шәкірттерім де сыннан сүрінбей өтіп үмітімді ақтады.
Республикалық олимпиаданың жеңімпазы Жасмина Әбдіжамалдың да айтары бар.
– Онлайн байқауларға қатысып жүргеніммен мұндай ірі додаға алғаш түсуім. Алғашында толқумен қорқыныш сезімі болғанын жасырмаймын. Алайда ұстазымның берген білімі мен өз бойымдағы дарынымды біріктіре білгенімнің арқасында көп ішінен дараландым деп ойлаймын. Аянбай алға жетелеген ұстаздарыма алғаусыз ризашылығымды білдіремін, – дейді ол балғын жүрекпен.
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Абай шығармашылығына үңілген әр жан өзіне өшпес мұра, өнеге, ғибраты мол білім алары хақ. Ұлы ойшыл өзінің саналы ғұмырынан ізгілік пен адалдық, адамгершілік ұлы қасиетті бүгінгі ұрпаққа мұра етті.
«Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» ойшылдың тағылымға толы мұрасы ел жүрегінде мәңгі сақталады.
Майра ҒАНИЕВА