Абай – бүгін мен болашақтың алтын діңгегі
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың рухани асыл мұрасы 175 жыл бойы қазақ жұртына ғана емес, күллі ғаламға жарық сәуле, жол сілтеуші шамшырақ болып келеді. Сондықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұлықтаса айып болмас. Ақын мұрасына, шығармасына деген адалдық, жауһар жырларына деген ынтызарлық, қара сөздеріне деген құрметке Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде куә болдық.
«Ұлы даланың ұлы тұлғасына тағзым» деп аталған әдеби кеш әуелі сюжетті көріністен бастау алды. Абыралы ауылындағы қазақтың қара шаңырағы бейнеленіп, Абайдың ақиқатты бетке айтуы анық баяндалды. Одан соң, айналасындағы жұрттың әділетсіз, арсыз кейпіне ашуланып, булығып, қара сөзінің дүниеге келуі көркем суреттелді. Салтанатты шараның ашылуында сөз алған колледж директоры Жомарт Шауенов:
– Абай шығармалары мен тәмсіл ойлары исі қазақтың өмірлік бағдарына айналуы тиіс. Жастайынан Абай жырымен сусындап, мұрасын жаттап өскен жастардың болашағы да баянды болары хақ. Сондықтан, биыл 175 жылдық мерейтойы аталып жатқан Абайды ұлықтау – әрбіріміздің міндетіміз. Бұл турасында колледж педагогтарына арнайы тапсырмалар да бекітілді. Жоспарға сай Абай әлемінің сырлары ашылған көркем шаралардың куәсі бола берейік, – деді.
Иә, Абай – ұлылықтың шамшырағы, ізгілік пен тектіліктің бағдаршамы. Аталмыш кеште ұлы тұлғаның өлең-жырлары тереңнен насихатталып, «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін студенттер Лермонтов пен Гете кейпінде сомдады. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде аудармалар оқылып, «Абай мен Тоғжанның» ғашықтық образы ұяңдыққа баланған, шынайы кіршіксіз, мөлдір махаббаттың үзіндісі бейнеленді. Мінекей, осындай көркем де төл тарихтан теберік етілген таза махаббаттың да кеңірек баяндалуы бүгінгі жастар арасында аса қажет екеніне тағы да көзіміз жетті.
Ақынның мол мұрасы саналатын әуезді әндері шырқалып, «Май түні» күйі шертілді. Ал, бірінші курс студенттері табиғат лирикасына бас ұрып, қара сөздерден сыр шертті.
Расында біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үрдістерге қатысты көзқарасы бүгінгі ел Тәуелсіздігі үшін аса маңызды. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы деп білеміз.Біз мұны колледжде өткен «Ұлы даланың Ұлы тұлғасына тағзым» атты әдеби кештен түйдік.
Айта кетейік, рухани шараға аудандық мәслихат депутаты Талғат Мамуов, Арман Мажитов және ел ағалары Мажит Ашимов, Муслим Көрпебаев және аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі бас инспекторы Мира Жандарбекова арнайы қатысты.
Түйін.Ұлы ойшылдар «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деп өз ойларында айтқандай, оның асыл сөздерірасымен де біз үшін мәңгілік мирас бола бермек. Ал, осындай құндылықтарды тіршілікке арқау ету – әр қазақтың асыл міндеті болса игі...
Ханзада ДОШАН