Ақ жаулық
Жас жұбайлар бақытты ғұмыр сүріп жатқандай еді, бірақ арада көп күн өтпей жатып жаңа түскен келін оғаш мінез көрсетті. Оған күйеуінің шешесі, яғни өзінің енесі ұнамайды екен, «Мен сексенге келген сенің ауру шешеңді бала құсатып бағып отыра алмаймын. Оны күтіп-баптайтын үкіметтің арнайы орны бар емес пе, есі дұрыстар ондай ауру кәрі-құртаңдарды сонда апарып тастайды. Мен сенің мамаңның иіс сіңген киімін жуып, дәретін төгіп отыру үшін келгенім жоқ» деп күйеуінің миын жеп, ақыры оны өз дегеніне көндіріп тынды. Ана байғұс қайтсін, бір-ақ күнде «Қарттар үйінің» тұрғыны болып шыға келді. Бұл арада бәрі жақсы секілді көрінгенмен туған үйіндей қайдан болсын? Бірақ туған үйім дейтіндей үйі қалды ма, кең мекенді тар қылып, келіні күн көрсетпейді емес пе? Сөйтіп, "Қарттар үйіндегі" күндері өтіп жатты. Күйеуіне сөзін өткізіп, күшіне мінген жас келін енесінен қалған бүкіл затты, киім-кешектің көзін құртып, біраз шаруа тындырды. Үйге жөндеу жасатты, одан соң жаңа жиһаз, мүлік алдырып, бөлмелерді толтырды.Тек дәліздің есігі дұрыс жабылмайтын болғандықтан, оны жаңасымен ауыстырғанша деп өткенде енесінің қалып қойған жаулығын екі жақ тұтқасына байлай салған еді, жалғыз сол болмаса, бұл үйде қарт ананы еске түсірерліктей түйір зат қалмаған. Есік ашылып-жабылған сайын қажалып, түтіле түскен ақ жаулыққа тіл бітсе, мұңын шағар ма еді, алайда ондай ғажайыпқа жол қане?.. Бір күні, екі кештің ортасында аяқ астынан келіннің іші қатты бүріп ауырды. Жатын бөлмедегі жұмсақ диванға да жете алмай, ішін ұстап жерге бүктетіліп отырып қалған жас келіннің өңі бозарып, тынысы тарылып барады. Құдай айдап, тыстан күйеуі келе қалмасы бар ма? Бірақ ол не істерге білмеді. «Ішім, ойбай ішім...» деп екі бүйірін ұстап, бүктетілген келіншегін әреңдеп демеп, төсекке апарып салды. Сәл тынышталғандай болғанда күйеуі: «Жаным, жедел жәрдем шақырайын ба?» деп телефонды қолына алған, әйелі басын шайқап: «Жоқ. Керегі жоқ. Қазір басылар... Одан да ішімді байлайтын бірдеңе әкелші...» деді, қиналып. Күйеуі үйді он айналып, ештеңе таппады. Әйелінің басына орамал салмайтыны да есіне түсті. "Бұл үйде орамал жоқ. Шешемнің жаулықтары қайда кеткен?.." деген ой санасында сырғып өтті. Енді не істемек керек? Кенет көзі түсті, дәліздегі есік тұтқасында ағарған шүберек байлаулы тұр екен.Байлауын тарқатты. Тәтті иіс бұрқ ете түсті. Орамал. Тани кетті. Анасының ақ жаулығы.Үкі-түкісі шығып, сәл-пәл кір шалса да анасының көзіндей дүние жігіттің жүрегін елжіретіп жіберді. Тануына апарып, бір иіскеп алып, сонымен келіншегінің ішін таңды. Ал әйелінің ішін немен байлап жатқанына мән беріп жатуға да мұршасы жоқ, көзін тарс жұмып алған күйі бүк түсіп, сұлқ жатыр. Келін сол жатқаннан ұйықтап кетті. Түнде түс көрді. Ертеңіне ештеңе болмағандай ауруынан құлан-таза айығып шыға келді. Және өзі бұрынғыдай емес, өмірге қайта туғандай сынық өңінде біртүрлі ізгі ойдың табы аңғарылады. Күйеуі жұмысына жиналып жатқан: «Мамам қалай екен? Сен оған қашан бардың?» деп сұрады. Күйеуі өз құлағына өзі сенбей: «Не дедің, кімді айттың?» деді. «Мамамды айтам, оған «Қарттар үйінде» қиын болар, біз оны үйге алып келсек қайтеді, а? Өзім қараймын. Мен... мен...» деп иегі кемсеңдеп жылады-ай келіп... Жігіт ақылдан аңтарылып, әлі тұр. «Мамам дейді, бұлай айтпайтын еді ғой, үнемі "сенің мамаң", "сенің шешең" деп сөйлейтін еді, бүгін не болған, әлде ауырып тұр ма? Әйелінде өзгеріс бар...» Біраз егілген әйелі басын жастықтан көтеріп: «Түс көрдім. Менің ішімді бүріп, теуіп жатқан дүниеге келетін болашақ сәбиіміз екен. Ол: «Сен менің мамам емессің, себебі сен менің әжемді далаға тастадың, сен жамансың деп ішімді тістелеп, өкшесімен тепкілеп жатыр екен. Сонда мамам келді де басындағы ақ жаулығымен ішімді жапты, содан сәби тынышталды... Оянып кеттім. Белімді сипасам, жып-жылы, жұп-жұмсақ орамалға қолым тиді. Мамамның жаулығы екен ғой! Ішімді сонымен таңған екенсің. Айналайын, ақ мамам-ай!.. Сен тезірек барып, мамамды үйге алып келші... Сағындым... Мен оған шейін үйді жинап, бөлмесін әзірлеп, шоланға апарып тастаған оның заттарын кіргізіп қояйын...Дастархан жайып, тамақ әзірлейін... Неғып тұрсың? Барсаңшы енді...» деді. Күйеуінің де көзінен ыстық тамшы пытырадай ытқыды... "Иә, күнім, жаным, мен... мен қазір..."деп есікке қарай ұмтыла берді... Осы сәт Алланың да ақ жарығы, күннің сәулесі әйнектен сығалай, сыналай құлап, үйдің ішін самала нұрға бөлеген. Міне ак жаулыктың касиеті осында екен!
Мұнайдар Балмолда