№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАН-ДҮНИЕМІЗ ЖАҢАРМАЙ ҚОҒАМ ЖАҢАРМАЙДЫ

ЖАН-ДҮНИЕМІЗ ЖАҢАРМАЙ ҚОҒАМ ЖАҢАРМАЙДЫ

Бүгінде еліміздің экономикасы жаһандық сипаттағы дағдарыстарға қарамастан алға ілгерілеп келе жатқаны шындық. Мемлекетіміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Алайда, өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жүйелі жолға қою қазынадан бөлінетін қаржы көздіктерінің қарқынымен де шешілмейді. Бұл жолда білекті түре іске кіріскен білікті кадрлардың ортақ іске деген жауапкершілігі ауадай қымбат. Осы орайда мысалды арыдан іздемей-ақ, өз өңіріміздегі мемлекеттің қаржысымен қолға алынған тәуекелді талаптардың тынысына талдау жасап көрейік.
Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі бұған дейін де Елбасы Жолдауларынан түскен емес. Туған жерімізде осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында кезең-кезеңімен қаржы бөлінуден кенде қалған жеріміз жоқ. Бір әттеген-айы, жер асты су құбырлары құрылысы бітіп, әні-міне игілігін көреміз бе деген кезде бір шикіліктің төбесі қылтиып шыға келетінінен ығыры шыққан жұртшылық осы соңғы, әрі шешуші деп нық сеніммен күткен төртінші кезеңнің жұмысына жарқын үміт артқан еді. 2017 жылдан бері жұмысқа кіріскен «Темір-строй сервис КО» мердігер компаниясы кенттің 193 шақырымына су құбырын жүргізіп 3050-ден аса құдық орнатты. Жұмыс ақырына таянды. Нәтиже қалай?
Бұл жөнінде таяуда аудан әкімі акт залында өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Жаңақорған кенті әкімінің міндетін атқарушы Жарас Мырзалиев кент орталығында жүргізіліп жатқан ауыз су құбырларының сапасы және іске қосылу мерзімі жайлы есеп берді. Оның айтуынша, кенттегі 133 көшенің комитет төрағалары және кент тұрғындары өкілдерінен жұмысшы тобы құрылғанын, комиссия құрамында кезінде жұмыстың басы-қасында жүрген, жағдайға жетік жанашыр тұлғалар Қалмахан Тәжіғұловтың, саланың білгір маманы, ел ағасы Алшынбай Тұртановтың болуы да байлаулы тірліктің басын ашып алудың бір амалы болса керек. Комиссия құрамы әрбір көшеге су келу деңгейін, құрылыстан кейінгі жолдардың қайта қалыпқа келтірілу жағдайын сарапқа салып, халықтың мүлкін қабылдап алуға сақадай-сай отыр. Бірақ, басты мәселе – ауыл тұрғындары ауыз сумен толық қамтыла ма?
Төрт жарым млрд-қа жуық теңгенің ауқымды жұмысын жауапкершілікке алып, бітуге таянған мердігер мекеме межелі суды тұрғындар тұтынуына толық жеткізіп береміз деп отыр. Тек үй іргелерінен қоныс теуіп, кемеріне дейін су толатын құдықтардан көше бойына да, жеке тұрғын үйлерге де арна тарту талабы жоба сметасында қарастырылмаған. Ауыз судың қазіргі жағдайы сән-салтанаты сыңғырлап бітіп тұрған, бірақ шығар есігі салынбай кеткен жаңа үйдің сықпытын көз алдымызға әкеледі. Яғни, аз күнде су келеді, ауыз суға жарып, душ-ваннамызды алып, қарық боламыз деп үміттенген әлеуметті дағдартып тұрған жай осы.
Бұған кім кінәлі? Кенттің ауыз су мәселесін түбрімен шешу бағытында мұның алдында да есепсіз бөлінген қанша қаражат құмға сіңді. Әрқайсысы өзінше тірлік жасаған мердігер компаниялардың жұмыс нәтижесі бірімен-бірі қабыспай қайран еңбек қор болды. Бұл жолы басы бар, ортасы бар, аяғы тиянақталмаған таудай тірлік келте жіп күрмеуге келмей, кемер бейнеттің көзі бітеліп, демі тұншығып, тағдырын тас қапқалы тұр. Қоғамдық кеңесте осы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Тегінде, елдік міндеттерді шешуде тезден өткен, өмір көрген, белсенді қоғам өкілдерін ортақ іске тартудың тиімділігі ынтымақтаса жұмыс істеу аясын кеңейтіп отыр. Осы бағытта бұл саланы бес саусақтай білетін құрылыс маманы Алшынбай Тұртановтың: «Уақтылы су айдалып тұрмаған жағдайда судағы микро­элементтер шөп-шаламға айналып, қабырғаларды тұтып, жер астындағы су құбырларының жарамсыздануына жол беріп аламыз» деп ескертуі, оны шешудің амалдарын қарастыруға әлеуметтің назарын бұрды.
Жұмыс жобасын жүйелеп алмай, тәуекелге барудың түбі іс басындағыларды осындай тығырыққа тіреп отыр. Түйткіл ұшын іздеп, сұраққа алып жатқанды су күтіп тұрмайды. Бастысы, тығырықтан шығар тетіктің көзін табу. Таудай істі тыңғылықты аяқтау үшін су құбырлары әрбір үйдің ішіне орнатылып біту керек. Былайша айтқанда, иек астына келіп, иірімін таппай дағдарған иен байлығымызды игілігімізге бұруға тиіспіз. Есептеп қарасақ, бұған да қосымша тағы қомақты қаржы қажет сыңайлы. Осы қаржының жолына жан сала кіріскенімізбен қаралып қойған жобаны қаржыландыруға бірер күнде қол жеткізу мүмкін бе? Сонда қайтпекпіз? Енапат еңбекпен іргемізге құйылған қымбат дәулетімізді құмға сорғызып, қарап отырамыз ба? Мұндайда өнебойы үкіметке иек артып міндет қылуды ар көретін, тіпті өзінің әлеуетімен алға басуымыздың бір қанатын көтерісіп көпке көлеңкесі түсіп жүрген тұлғалар өз игілігіне өз күшімен қол жеткізу қарекетіне ойланбастан кірісері анық.
Қолы ұзын адамға жеке басына қазірден қам қылып, құтханасына ауыз су құбырын орнатып алу айтарлықтай ауыр емес. Ұққанымыз, күн суытып, жерге тоң қатпай тұрып, жағдайын жеделтете жасап алуға ұмтылған жан ұтады. Мұны қай-қайсымыз да ескергеніміз жөн. Бұл бір жағынан өз табиғи қажеттілігіміз, екінші жағынан ортақ істің орайын табуының оңтайлы тәсілі де осы болып тұр.
«Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс. Экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі халыққа арнаған Жолдауында ең бірінші кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Мемлекет 2020 жылға дейін осы мақсаттарға сәйкес 240 млрд. теңгеден астам қаражат бөлетінін айтты.
«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы – несиеге үй алуға жеңілдік ретінде қаралған бағдарлама. Несие жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі. Алғашқы жарна көлемі 10 пайыз. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көп балалы, әл-ауқаты төмен, мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда әкімшілік тарапынан 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар.
Алайда олар баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін атқарушы органнан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырады. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаған жағдайда банктен дербес шот ашуға құқы бар.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойын­ша Жаңақорған ауданында бүгінге дейін 15 отбасы иелері өтінім беріп, оның 13-і қанағаттандырылған. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ағаділ Оразбекұлы осы бағытта жүйелі жұмыс жалғала беретінін айтты.
Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуде. Кешелі-бүгінді өздері несие алған банк тарапынан 300 мың теңгеге дейін қарыз алушының берешегінің өтеліп, мойнындағы жүктен жеңілдеген біраз жұртшылықтың жүзінде қуаныш, жанарында жас. «Тоқаевқа ризашылығымыз шексіз» деп толқи жауап береді қай-қайсысына кезіге қалсаңыз да. Тапқаны күнкөрісінен артылмаса да тамағынан жырып пайызы жоғары несиенің әлегімен сарсаңға түскен талайға бұл кәдімгідей дем берген, келешекке жігерлендірген қамқорлық болды.
Ең басты тірек, сарқылмайтын, өмір бойы жолдас болар сенімді серік – ол өз еңбегің. Қазіргі күннің биігінен көз салсақ, әлемдегі алға озып кеткен отыз елдің қай-қайсысы да еңбекті басты орынға қойған. Әлемдік бәсекелестік жағдайында экономика мен әлеуметтік саланың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін әрбір жан еңбек ету қабілетін арттыруы, кәсіпкерлікті шыңдауы қажет. Ұрпақ санасына да бірінші кезекте еңбек ету қағидасын сіңіру маңызды. Әлеуметтік жаңғыруымыздың кілтін жан-дүниеміздің жаңаруынан іздейік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 қыркүйек 2019 ж. 473 0