Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚЫМЫЗХАНАНЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕДІ

ҚЫМЫЗХАНАНЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕДІ

Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз.
Елімнің баяғыдай сүйген асы,
Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, – деп ақын Жамбыл Жабаев қазақтың қасиетті сусынын сүйсіне жырға қосқан.
  
Расында қазақтың төл сусыны саналатын қымыздың ағзаға пайдасы орасан. Әсіресе тағам құнсызданып, неше түлі жасанды нәрсіз тағамдар дендеген уақытта бойға қуат беретін саумал мен қымызды ас мәзіріне енгізу маңызды. Мұны жаңақорғандық жас Арайлым Өзбекбай да қолдайды. Кент орталығынан ақшаңқан киіз үй тігіп, қымызхана ашты. Біз орталыққа арнайы бас сұғып, талапты жастың қарекетін көрдік.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған негізгі идея – салт-дәстүр мен наным-сенімдерді жаңа заманға сай қайта жаңғырту. Жас кәсіпкер Арайдың қымызхана ашудағы тағы бір ойы осы. Ел арасынан ұмыт бола бастаған қымыз, саумал, ашытпалы қымыз сынды сусындар мен сірне, ет, бауырсақ, ши бауырсақ, қуырдақ, құрт, ірімшік сынды табиғи тағамдарды дайындап, халық сұранысына сай жұмысты үйлестіре білу. Анасы Жанардан дарыған бес аспап өнердің арқасында келушілерге өзі тағам дайындап, өзі даяршылық етіп жүрген кәсіпкердің қымызханасын кеңейтсем деген де арманы бар.
– Әкем шаруаның адамы. Төрт түлік ұстап, төл көбейтеді. Сондықтан бала кезден қымыз ішіп өстік. Ауру дегенді білмейміз, өйткені қымыз – қуат көзі. Қазір түрлі дәмдеуіш қоспалармен дайындалған газдалған сусындар денсаулыққа зиян. Мұндай сусындарды әсіресе жастар көп қолданады. Байыптап қарасаңыз, ұлттың келешегіне төндіретін қауіп. Осыны түсініп, денсаулыққа пайдалы қымыз өндірісін дамытуды ойладым. Әрине әзірше шағын кәсібімді келешекте ұлғайтып, арнайы құтыға дайындалған сертификатталған қымыз шығарсам деген мұратым бар. Өйткені халықтың табиғи құнарлы сусынға деген сұранысы зор. Жаңақорғандықтардан бұрын Алматы, Тараз қаласынан тұтынушылар көп, – дейді Арайлым Бағдатқызы. Біз Арайдан қымыз дайындаудың әдісін де сұрадық. Үлкендердің айтуымен құйрықпен және киік оты шөбімен қымызды ашытып жүрген кәсіпкер сұраныс туындаса заманауи етіп, өрік, мейізбен де ашытып беретінін жеткізді. Бүгінгі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отырған жалынды жас қымызханасы кеңейсе, кәсіби аспаздар алып, шаруасын ширатпақ.
«Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас», «Биенің сүті берекелі». Иә, байырғы бабалар сөз еткендей, қымыздың әсіресе саумалдың адам денсаулығы, тәннің қуаты үшін пайдасы орасан. Өкінішке орай, біз соны әлі де түсіне алмай жүрміз. Шетелдіктердің өзі қазақтың қымызына тамсанып, иемденіп жүрген қымыздың орнын зиянды сусындармен алмастырып әлекпіз. Епті жастың дәмі тіл үйіретін қуырдағынан ауыз тиіп, құтты қонақ болдық. Сөз соңында, креативті қазақ қызының жобасы «Жастар жылы» қолдау табатынына сенеміз.

Ханзада ДОШАН


13 тамыз 2019 ж. 1 631 0