PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (8306) 12

12 қараша 2019 ж.

№87 (8305) 9

09 қараша 2019 ж.

№86 (8304) 5

05 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ЖҰБЫ ЖАРАСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР

ЖҰБЫ ЖАРАСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР

  Шаңырақ ұғымы қашан да киелі. Бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан, өнерде де, өмірде де серік болып жүрген жұлдызды отбасы туралы әңгіме бөлек. Осы орайда өмірде де өнерде де жұптары жазылмай, бір-біріне қолдау көрсетіп тірек болып жүрген ауданымызға белгілі жұлдызды отбасы Сайран мен Кенже жайында сыр толғасақ ...


Қарақалпақстан еліне Нүкіс қаласына оқуға барған Сайран жары Кенжемен 1993 жылы танысады. Белгілі себептермен оқуын аяқтай алмаған ағамыз сол елде бір жылдай жүріп, ауылға кайтарда осы елдің бір қызын алып қайтайын деп осы Кенжені келін етіп алып келеді. Елге келген жас бозбала мен бойжеткен отау құрып, оқуын осында жалғастырады. Екеуі қазірде екі ұл, бір қыздың ата-анасы, Әнсұлтан мен Хасандай екі немеренің ата-әжесі, бақытты отбасы. Ұл-қыздары да өнерден кенде емес. Үлкен ұлы Айдарбек (суретте) жары Набатпен аудан көлемінде мерекелік кештерде, басқада іс-шараларда әндерін шырқап жүр. Қызы Набат та өнерден алыс емес екен, бірақ таңдауы шаштараз мамандығы болыпты. Ал кішкентай Бекжан болса әлі кішкентай. Небәрі 6 сынып оқушысы.
– Негізі өнерге бала кезден құмар болып өстім. Төртінші сыныпта оқыған кезімде-ақ сахнаға домбырамен ән айтып шығып жүрдім. Бүгінде өнерде жүргенімізге 25 жылға жуықтапты. Ең бірінші сахнаға дуэт болып 1995 жылы өзбек әнімен шыққанымыз әлі есімде. Ол кезде өзбек әндері қазіргі тілмен айтқанда «хит» болатын. Ал, жарым Кенже екеуміздің өнер жолында өзіндік орын қалыптастыруымызға ұстазымыз Талап Тотаев ағамның көмегі зор болды. Шүкір, осы күні бақытты отбасымыз деп өзімізді толығымен айта аламын. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ата-әже болып отырған жайымыз бар, – дейді Сайран.
Репертуарын жергілікті ақын-компо­зиторлардың әнімен толықтырған жұп Дүйсенхан Сыздықов, Жақсыгүл Бегманова, Бексұлтан Байкенжеев, Адырбек Сопыбеков, Нұрберген Тастаевтың сөзіне жазылған әндерді орындайды. Ең алғаш үлкен сахнаға 2011 жылы Алматыда жұлдызды жұптардың басқосуымен өтетін концертте Дүйсенхан Сыздықовтың дайындауымен арнайы «Қос жүректің лүпілі» әнін орындаған екен.
– Келін болып түскен уақытымда бір жылдай келіндік міндетімді орындадым. Бірде Сайран дайындыққа кетіп барамын дегенде мен де ән айтайыншы деп еріп мәдениет үйіне бірге келдім. Отбасылық досымызға айналған Нұржан дауысымды тыңдап, таң қалып, сахнадан бірақ шыққанмын. Міне, содан бері киелі сахнада өнерімізді көрсетіп келеміз. Ән таңдау барысында болмысымызға, сахнадағы жүріс-тұрысымызға сай келетін әнді таңдаймыз. Кез-келген әнді айта берсек өнерімізге сын болады. Сондықтан әнді електен өткізіп барып айтамыз, – деді Ділманов отбасының келіні.
Отбасы – ол адам үшін үлкен мектеп. Ал, сол мектепте бала тәрбиесімен айналысатын Кенже барынша ұл-қызына, келініне ақыл-кеңестерін айтып отырады. Отағасы Сайран бұл мәселені асыл жарына сеніп тапсырған. Кенже осы күнге енемнің арқасында жеткенмін, себебі, ол кісі болмағанда мен үйдің адамы болып қалушы едім. Таңертең кетеміз, кешке келеміз. Үлкен екі баламызды сол кісі бағып-өсірді. Аяғымыздан нық тұруға марқұм енемнің еңбегі көп болды деп сағынышпен еске алды.
Режиссерлық оқуды тәмамдаған Кенжесіз бүгінде ауданда бірде-бір іс-шара өтпейді. Жан-жақты мамандықты меңгерген кейіпкердің ән айтқанда дауысы басқа, жүргізушілік қасиеті тағы бар, ал сахнада сомнаған рөлдері, ол бөлек әңгіме. Бұл туралы өздері былай дейді:
– Сахна демекші, бір қызықты оқиғаны айтып берейік. Бірде «Ғасырда бір болатын шок» деген қойылымда өз рөлімді орындап болып, сахна сыртында тұрсам Мәдениет Тотаев ағам күліп келе жатыр. Аға, не болды деп сұрасам: - Екі сценалық қойылымды өткізіп жібердің, енді анда тұрғандар не айтарын білмей тұр, – деп бір састырғаны бар. Одан кейін мерекелік іс-шаралардың бірінде марапат тапсырып тұрғанымызда төбемде тұрған лампа атылып, көзім алақандай болған. Айта берсең көп мұндай оқиғалар, –дейді ағынан жарыла.
Әңгіме соңында, күні кеше «Мереке думан» əзіл-сықақ отауы республикалық көлемде жəне «Мереке» вокалды аспаптар ансамблінің отыз жылдық мерейтойы облыстық көлемде аталып өтіп, екі жанрдан да екінші орын иеленіп қайтқанын естідік. Жарайсыздар, жаңақорғандық өнерпаздар!
Жұбы жарасқан жұптан жеке шығармашылық кеш өткізу жайында сұрағанымда, жоспарда бар, көктемде болмаса да күзде беріп қалармыз деп құпияларымен бөлісті. Өздерін өнерден басқа еш салада елестете алмайтын жұптың, өмірге қайта келсек тағы да дәл осы жолды таңдар едік деген сөзін тыңдап сахна мәдениетін қадірлеп-қастерлейтін, қасиетін түсінетін жандар екеніне көзіміз жетті.
Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы да, екіншісі - отанасы. Яғни, үйдің ері мен әйелінің болмысы бүтін, отбасылық өмірінде имандылық, парасаттылық, әрі ісіне деген адалдық, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне деген бауырмалдығымен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиеттерді Сайран және Кенже Ділмановтар отбасынан көруге болады.

Лаура БИБАСАРОВА.
09 сәуір 2019 ж. 385 0