Димашты қазақ қашан мойындайды?
Қазір елдің аузында да, әлеуметтік желіде де Димаш Құдайбергеннің жақтастары мен шынайы өнерді бағалайтындар жарып тұр. Қытайдағы Singer-2017 марафондық байқауында екінші орын алғанымен Аспан асты елінің жастарының миллиондаған фанаттары АҚШ-та ән салғаннан кейін, арифметикалық жылдамдықпен миллиардтаған адамға бір ақ көтерілді. Тамыр-таныс арқылы көтерілді деуге келмейтін ерекше дарын иесін әлемнің жарық жұлдыздары мойындап үлгерді. Ерекше дарын иесіне талантсыздар мен бір күндігін ойлаған ет пен сүйектің арасындағы желігін баса алмай, той әншілері деңгейінен көтерілмей, фонограммамен тәулік бойы ән салып әулекілердің айрықша қамқорлығынан басы айналған той жұлдыздарымыз аяғанынан шалып, алда да ерекше көп кедергі келтіретіндігін тарих растайды.
Қытайдан зор қошеметке бөленіп, айрықша қанаттанып келген Димаш Құдайбергеннің Астана Аренадағы концерттік бағдарламасына қатысып, ішім удай ашыды. Димаштың мыңдаған қытайлық фанаттары алдын-ала билет алып, концерт кезінде аяқтарынан тік тұрып, екі сағат бойы, қиқулап, жылап -еңіреп тыңдады. Ал, суыққанды астаналықтар қол шапалақтамақ түгілі, «мені көрдіңіз бе?» дегендей, бала-шағасымен келіп, олар «Попкорн» жеп, «Кока –Кола» ішіп, алаңсыз әке-шешесімен қосылып, «сельфи» жасаумен отырып, шынайы көрермендердің қытығына тиді.
Қалың Қытай болмағанда, ендігі тағы бір дара дарын иесінен көз алдымызда айырылып қалар ма едік. Бұған дейін қазақстандық эстрада жұлдыздары эфирге жарамсыз етіп шығарып, Витасқа еліктеуші шыңғыра шырылдаған шегіртке сынды көрді. Олардың ішінде шыңғырып ән айтушыларды еркекшораның қатарына апарып жатқызғандары да болды. Қарапайым әншілердің бар дауысы төрт октавалық деңгейде болса, Димаштың бес октавалық еркін үзіліссіз жоғары көтеріліп басылатын үні қытайлықтарды дірілдетіп-қалшылдатып, есеңгіретіп жіберді. Сол кезде Қазақстан Мұсылмандары қауымдастығының төрағасы Мұрат Телібеков әлеуметтік желіде өз пікірін еркін білдірді.
Мұрат Телібеков: «Димаш Құдайбергеннің табысы – әншілер, режиссерлар, суретшілер, ғалымдар мен бизнесмендерге қай бағытта жұмыс жасау керектігін ұқтырған оқиға болды. Қытай оны өз дәрежесіне сай дәріптеп, болашақ жобаларын жүзеге асыруға жолын ашып берді. Міне, Қытайдың даму, өсіп-өркендеу себебі осында жатыр. Қытайдың ешқайсысы Димаштан кімнің туысысың деген жоқ, қанша ақшасы барлығын, қай руға жататындығын, қай кланда екендігін, беделді достары бары-жоғын да сұрамады. Оларға бұл маңызды емес. Қазақстандық байқаудағы қазылар алқасының ойы- Димашты барынша батпаққа батырып, қайтып бас көтермейтіндей етіп, таптап тастау еді.Қытай болмағанда, ол міндетті түрде орындалатын еді»,-деп күйініп жазса, Берлин Иришев одан да асырып жіберді: «Үлкен ерлікке барабар марафондық байқау аяқталған соң, талантының қыры жан-жақты ашылған Димаштың шынайы бейнесін көргеннен кейін, өзіміздің сарапшылардың пікірлерін құлақ салсақ, олардың ел-жұрт алдында «Жас баланы сабау» көрінісіне куә болдық. Өнер алаңы талантты түбірімен жою үшін, қолында балтасы бар эшафотқа айналды. Белгілі бір өңірге ғана белгілі «сарапшылар» өздерінің сценасында, өздерімен бірге жарық жұлдыздың болғанын қаламады. Димаштың еркіндігі, таланты, қажыр-қуаты оны басқа сценаға алып шықты. Басқалардың шығарған шешімі жасыра алмайтындай таң қалыстарын туғызды. Тағдыры біздің сарапшыларымызға қарап қалғандардың жолы қандай ауыр. Таланттар берілмеңіздер, оларды айналып өтіп, батыл түрде алға баса беріңіздер!»,-деп жазды.
Байқау соңында «Adagio» әнін орындаған Димаш Құдайбергеннің талантына шексіз ризашылығын білдірген Лара Фабиан Фейсбук парақшасында: «Adagio» әні құрлықтарға саяхаттап кетті... «I Am a Singer» телебайқауында шырқаған Димаш Құдайбергенді құттықтаймын!», - деп ақ тілегін ақтарыла жеткізді.
Ал, талай кедергілер мен қиындықтарды жеңіп шыққан 1976 жылы «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алып, Мәскеуде 1980 жылғы Олимпиаданы С. Бәйтерековтің «Әлия» әнімен ашқан Роза Рымбаева «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында Димаштың болашағын болжады: «Бір өкініштісі, Димаштың халықтың сүйкімдісіне айналу мүмкіндігі аз. Себебі, біздің барлық тележобаларымыз тойларда ән айтатын әншілерді ғана насихаттайды. Біз алдымен «Тойдуман», «Тойбазар», «Тойбастар» секілді мағынасыз бағдарламалардан құтылып алуымыз керек. Содан кейін барып қана Димаш сынды таланттарды жастарымызға үлгі етіп ұсына аламыз»,-деп бар шындықты жайып салды. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, қаны жерге тамбай, әлемді ашса – алақанында, жұмса-жұдырығында ұстап тұрған кемелденген Кеңес дәуірінің тұсында, жарқырай көрініп Алла Пугачеваны мойындатқан, Мәскеу Олимпиадасының шымылдығын ашқан, қазақ эстрадасының отымен кіріп, күлімен шығып, талай тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Роза Қуанышқызынан артып ешкім шынайы көріністі осылай батып айта алмас еді.
Неге біз осындаймыз? Әлде, келмеске кеткен Кеңес дәуірі ұлтымыздың зиялылары мен таланттыларын жалмап, зияндылары мен дарынсыздары, дарынсыз болғандықтан жағымпаздары, жарамсақтары ғана қалды ма? Барды бар, жоқты жоқ деп айта алмайтындай сорлы күйге қайтіп жеттік...
Ұлы Қытай, Америка құрлығы, енді Ресей дүрлігіп, Димашты аспанға көтеріп жатқанда, біздің үнсіз, тым-тырыс отыруымыз қалай? Жоғарыға жалтақтап, лауазымды тұлғалар қабылдау өткізген соң ғана «Димаши» деп дуылдата жөнелгіміз келіп, дайындалып отырмыз ба?
Ескендір ЕРТАЙ.