Нұрболат Абдуллин: Менің клипіме “мықырайған” қыздар түспейді
Соңғы кездері Нұрболат Абдуллин шетелде клип түсіруді әдетке айналдырған. Мәселен, әншінің “Сағынған шығарсың” атты туындысы Түркияның әсем шаһары Стамбұлда түсірілген. Хитмен алдағы уақытта әртүрлі мемлекеттерге барып, шығармашылығын шыңдауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Той думан” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Биыл 10-нан аса ән жазылды, 6 клиптей түсірді. Биылдыққа Аллаға шүкір 15 қаланы араладық. Халықтың сұрауымен, барған жерімізге тағы да барғалы жатырмыз. Орал, Ақтөбе, Атырау қалаларына желтоқсан айында баратын шығармыз”, – дейді Абдуллин.
Нұрболаттың айтуынша, бейнебаян түсіру жұмысында ең маңыздысы – білікті режиссер табу. Хитмен жұмысының сапалы шығуы үшін ақшасын да аямайтын көрінеді.
“Қандай камераға түсірсең де, оны монтаждайтын, идея беретін режиссер дұрыс болу керек. Сондықтан мен мақтан тұтамын.
Қай мемлекетте түсіргіміз келеді, сол жаққа баруға тырысамыз. Мысалы, түрік елінде түсіруге жоспарладық, орындадық.
Бір бейнебаянға кететін қаражат 10 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Бұл жол мен басқасын қоспағанда. Ол жақта әртүрлі локация бар, оған рұқсат алу, киімің сенің. Көп нәрсе бар”, – дейді Абдуллин.
Бір қызығы, Нұрболат бейнебаянына түсетін қыздарға қатаң талап қоятын көрінеді.
“Бойы келу керек. Менің клипіме “мықырайған” қыз түскен емес. “Мықырайған” демей-ақ қояйыншы, бойы кішкентай қыздарға ұят болып қалар. Батысша сөйлеп кетіп жатырмын. Бойы қатты кішкентай қыз түспейді. Өзіммен шамалас, менің бойым 187 сантиметр. 175 сантиметрден сәл жоғарылау қыздар түседі”, – дейді Нұрболат.