№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кісіні сөзінен таны

Кісіні сөзінен таны



Жасыратыны жоқ, сөздің қадірін кетіріп, қалай болса солай сөйлеп солай жазуға етіміз үйреніп барады. Сөзге тоқтаған ұлттың сөйлеу мәдениетінен алыстап бара жатуы көңілге кірбің ұялатады.

Жалпы лингвистиканы сөйлетсек, халық арасында жаргонның мынандай түрлерін кездестіруге болады: әскери жаргон, журналистік жаргон, компьютерлік сленг, ойын жаргоны, сауда (сетевой) жаргоны, жастар сленгі, қылмыстық жаргон және т.б.
Қазіргі таңда жаргон сөздерді қоғамдық орындарда, ауызекі сөйлесу барысында жиі естуге болады. Әсіресе, соңғы кездері олар бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидар бағдарламаларында да кездесіп отыр. Мәсе­лен, белгілі «Алдараспан» әзіл-сықақ бағдарламасы­ның жүргізушісі Нұржан Төлендиев әйгілі «Ойпырмай, сол қызды-ай!» атты әнін орындауда: «О, қарындас! Фигураңыз ат екен!» деген тіркесті ретсіз қолданғанымен жастар арасында кең таралып үлгерді. Жастар сленгінің кеңінен таралуы, ең алдымен БАҚ арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішінде орыс тілінің және орыс тілі арқылы енген кірме құрылымдары жиі кездеседі. Жастар жаргоны лексикасы мен фразеологиясының ерекшелігі тілдің үнемдеу заңдылығына қарай бейімділігінде емес, оның жаңашылдығы мен әдеттегіден тыс болуымен сипатталады.
Жастардың күнделікті қолданып жүрген сленгтерін­де орыс сөздернің көптеген компоненттері кездеседі. Мысалы: «тормозы ұстап қалды» деп әзілдеп жатады. Осы іспетті бір жағдайдан шешім таба алмай қалғанда, осыған синоним ретінде «Зависать етіп қалды» деген тіркес бар, «Типаж болу», «блатной болу» менменсу дегенді білдірсе, «Құлаққа лапша ілу» – өтірік айту, «маяк тастау», «гудок тастау» – қысқа ғана қоңырау шалуды меңзейді. Міне, жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпарат­тар тасқыны ағылып, жастардың көзін тұмандандырып, санасын улап барады. Осыларға төтеп беретін қазақы тіл, ұлттық салт-дәстүр. Бүгінгі жастардың арасында тіл байлығының жұтаңдығынан әйтеуір бір сүреңсіз, нәрсіз сөздер өршіп тұр. Оған өздерінше «жаргон» деп, айдар тағып әлдеқандай болатынын қайтерсің.
Енді сол жаргон сөздеріне мысал келтіре кетейін, «дүкенге барсаң тіскебасар немесе тамақ ала келші» деудің орнына «магазиннен сущняк, хавчик ала салшы», «кешкісін қолың бос болса үйге қонақ болып кет» деу­дің орнына «кешке если че маған қарай тартыл», «ата-анаң білмей ме?» – деп сұрар болса, «мамка-батялар курста ма?» деген нешетүрлі жаға ұстатар сөздер бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16983 сөзді қолданды. Ал, Шекспир мен Байронның бүкіл лексиконы 15 000 сөзді құрайды. Бұл қазақ тілінің әлемдегі ең бай тілдердің қатарында екендігінің дәлелі.
Тәрбие, тәртіп болмаған жерде білім билік құра алмайды. Ал тәрбие, тәртіп отбасынан бастау алады. Баланы – жастан дегендей, ата-ана жастайынан оқуға, дұрыс сөйлеуге баулуы керек. Қазақ тілге деген, ана тілге деген сүйіспеншілікті арттыра түскенде ғана, тіліміздегі жаргон сынды паразит сөздердің жойылуы хақ. Осы ойымызды қуаттаған №125 мектебінің 8-сынып оқушы­сы Қуаныш Нұрмағанбетұлы: «Қазіргі жастар арасын­да, шыны керек, сөйлеу мәдениеті жақсы дамымаған. Көшеде жүрген көкөрімдердің айтқан сөзі шынымен таң қалдырады. Өз тіліне өзге тілді қосарлауды мәртебе көреді. Иә, қазіргі таңда қанша тіл білсеңіз де артық емес, дегенмен, әр нәрсені өз орнымен қолдансақ жақсы болар еді» – дейді.
Ал «Аманат» партиясының аудандық филиалының қызметкері, Айнұр Бектаева құрбымыз: «Қазақ халқы ерте заманнан сөз құдіретіне, сөйлеу мәдениетіне ерекше мән берген. Дегенмен де, қазіргі таңда, «ә» дегеннен тіл әдебін бұзбай, кесек, шебер, шешен сөйлейтін жастар сиреп бара жатқандай көрінеді. Керісінше қойыртпақ тілмен сөйлейтін жастардың көбеюі көңіл құлазытады. «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деген аталы сөздердің түп-төркініне бойлап қарасақ, бүгінгі жастардың сөз сөйлеу мәдениеті қандай дәрежеде екен деген ойға қаламын. Жайшылықта қазақ тілінің байлығын айтқанда алдына қара салмай, аңқылдай жөнелетін ұлтымыздың бүгінгі жастарына сауал қоя қалсаңыз екі сөздің басын құрай алмай, ойын жеткізуге қиналып жатады. Десек те, ең бастысы, ана тілінде таза сөйлеп, ел болашағын көтеруге өз үлестерін қосуы қажет» – дейді.
Қорыта келсек, «Ақыл қайда болса, ұлылық сонда болады, білім қайда болса, сол білікті болады» – дегендей, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең басты шарты – көркем әдебиетті оқу. Сол арқылы тіл байлығын дамытып, шешен сөйлеуге үйрену керек екендігін естен шығармағанымыз жөн.
16 желтоқсан 2024 ж. 33 0