№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бексұлтанның әні асқақтаған күн

Бексұлтанның әні асқақтаған күн

Сәрсенбі күні Манап Көкенов атындағы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әнші, композитор Бексұлтан Байкенжеевтің 75 жылдығына арналған «Сырдария» атты ІІ республикалық әншілер байқауы өтті. Байқауға Түркістан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қызылорда облысынан өнерпаздар қатысты.

Жинаолғандар алдымен Мәдениет үй­інің фойесіне қойылған кеш иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Шара шымылдығы Бексұлтан Байкенжеев туралы түсірілген деректі фильммен ашыл­ды. Одан әрі сахнаға көтерілген аудан әкі­мі орынбасары Бектас Балғабайұлы сөзін төмендегіше сабақтады:
– Қасиетті топырағында талай дарынды түлеткен туған жеріміздің перзенті Бексұл­тан Байкенжеевтің есімі көпке белгілі. Әндері еліміздің түкпір-түкпіріне танымал әншілердің орындауында күні бүгінге дейін шырқалып келеді. Аудан мәдениет саласында Манап Көкенов, Адырбек Сопыбековтермен бірге тізе қосып еңбек еткен, аяулы ағаны еске алып, соңында қалдырған мол мұра­сын ел жадында жаңғыртып отыру – біз­дің парызымыз, – дей келе, фестивальге қатысуға келген өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сахна төріне көтерілген талапкерлердің өнеріне кезек берілді. Сайыс шарты бойынша бірінші турда халық әндерінен өзінің репертуарындағы бір әнді орындаса, келесі кезекте Бексұлтанның әні шырқалуы тиіс. Сахнаға шығып өнер көрсеткендер қатарында Алматы облысы­нан Бибатыр Қалдыбек, “Түркістан триосы”, Түркістан облысынан Мұқасан Асқарұлы, Атырау облысынан Берік Амантай, Қостанай облысынан Жарқынбай Дербісалдин, Шымкент қаласынан Алмат Сәбитов, Қазалы ауданынан Мадияр Жеткербай, Қызылорда қаласынан Айбек Шүкіров және Жаңақорған ауданынан Исламхан Нағызхан өнер көрсетті.
Сайысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші композитор Дүйсенхан Сыздықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәбит Ұлықпанұлы, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Сауран Елеуов және ҚР Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаева қазылық етті.
Осы шараға қатысып отырған көрермен ән конкурсының бірінші бөлімінде асқақ диапозонда орындалатын қазақтың халық әндерін кең тыныста шырқаған әншілерге қошеметпен қол соқты. Осы талантты орындаушыларымыз екінші кезеңде, яғни Бексұлтанның әндерін орындауда көп көңілінен шықпаған олқылыққа жол беріп алды. Қазақстанның әр қиырынан келген әншілер Бексұлтанның әнін өз деңгейінле орындау үшін әннің нәзік иірімдерін, бояуын, тынысын бойға терең сіңіріп орындауға тиіс-ақ еді. Өкінішке қарай саз ырғақтарында, тіпті буынға екпін түсіруде бұрмалаушылық орын алды. Мұны кәсіби маман болмай-ақ, қатардағы көрермен жіті сезініп отырды. Неге десеңіз, Бексұлтанның әні қалың жұртшылықтың жүрегінде бар сырымен, сұлулығымен, тіпті ырғақ дірілімен сақталып тұрғандықтан қате тұстар зерек көңілге аңғарылмай қалмады. Бұл жөнінде шара қорытындысында жюри құрамы да ескертуін айтты.
«Қазақ елі кең,әр аумақтың өз қалыптасқан мектебі бар. Сондықтан да Бексұлтан аға ән шырқаған киелі сахнада өнер көрсетуге келген қырандарымыз алдағы уақытта осы жағына қатты мән береді деген сенімдеміз» деді қазылар алқасының төрағасы Дүйсен Сыздықов. Ол шараның өтуіне мұрындық болып отырған аудан әкімдігіне, аудан мәдениет бөліміне, бәрінен бұрын әкесінің көзіндей баянын қолынан тастамай, елдің көз алдында Бексұлтанды өлтірмей келе жатқан өнердегі ізбасары Әбсұлтанға үлкен алғысын білдірді. Келесі кезекте сөз алған Сауран Елеуов ағамыз сөзін былай сабақтады:
– Бексұлтан аға әндеріне арналған 1 республикалық фестиваль эстрадалық бағытта ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі фестиваль әнді жанды дауыста баянда орындау бойынша өтіп жатыр. Нағыз таланттарды іріктеуге мүмкіндік берген бұл өнер сайысы Бексұлтан әндерінің қайталанбас қырын одан әрі таразылап, ол кісіге деген құрметімізді одан әрі еселей түскеніне куә болып отырмыз, – деді.
Шарадан соң аз-кем уақыт тауып, Әбсұлтанды әңгімеге тарттық.
– Әкемді еске алып осындай үлкен деңгейде шара өткізуде қамқорлығын аямаған барлық азаматтарға алғысым шексіз. Бұл бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Көптеп-көмектеп ағайын-туғандар да өз үлестерін қосып жатыр. Кент әкімі Асқар Ысқақұлы келген қонақтарды күтіп алып, дастархан жайып мәрттік танытты. Мұның барлығын, айналып келгенде, әлеуметтің әкемнің рухына құрметі, қазақ өнеріне деген қамқорлығы деп түсінемін. Елдігін танытып, туған жер руханият саласының еңсесін бір көтеріп тастаған бұл азаматтарға шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді», – деп рахметін айтты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
16 қараша 2024 ж. 447 0