№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сағынтып кеткен бір бейне

Сағынтып кеткен бір бейне


М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтетін Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әнші, композитор Бексұлтан Байкенжеевтің «Сырдария» атты республикалық әншілер конкурсына шақырту алдым. Бұл ардақты тұлға, асыл азамат, менің өмірімдегі өзіндік бітім-болмысымен асқақ тұр.


Ұмытпасам, 1972 жылдың күз айы болуы керек. «Түркістан» кеңшарының «Қалғансыр» бөлімшесінің Сырдария жағасында үлкен семинар өтті. Сол семинарға мектептің жоғары сынып оқушылары қатыстық. Жиын соңында Жаңақорған ауданындағы көркемөнерпаздардың концертін тамашаладық.
Менің де баян аспабымен ән салатыным бар еді.
Артық ағай келді де «Сауран, жүр, біз ана тұрған үлкен киіз үйге барамыз» – деп құлағыма сыбырлады. Дастархан жайылған ақ боз үйдің керегесі ән-жырға көмкерілген, кезегімді күтіп мен де тұрмын. Бір кезде ағайым мені жетелеп алып кірді де, «мына бала мектептің көркемөнерпаздарына қатысады, тыңдап көрсеңіздер» деді.
Мен Әсет Бейсеуовтің «Алтыным» әнін орындадым. Одан соң қырғыздың әні «18 жас» әнін шырқадым. Алғаш рет сол жерде Бексұлтан Байкенжеев, Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаевтарды көрдім. Мектепті бітіріп, сол жылы Қараған­ды қаласындағы университетінің тарих факультетіне құжат тапсырдым. Төртінші емтиханнан құлап қайта елге оралдым.
Әкем Еркінбек мектеп директорымен сөйлесіп тәрбиеші және үйірме жетекшісі етіп жұмысқа орналастырды. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін жүргізе отырып өзімнің әнге деген құмарлығымды одан сайын шыңдай түстім. Сол кеште Бексұлтан аға орындаған әндері еш ойымнан шықпай қойды. Сол ағалар сияқты әнші, ақын, композитор болсам деп армандадым. Келесі жылы мектепке Шымкент қаласынан Әль-Фараби атындағы Мәдениет институтынан бір жолдама келген екен, сол жолдаманы сол кездегі мектеп директоры Есенкүл апайымыз маған алып берді.
Сол жылы Шымкент қаласындағы мәдениет институтына оқуға түстім. 1979 жылы жолдамамен аудандағы Мәдениет бөліміне аға методисі болып жұмысқа орналастым. Міне осыдан бастап Бексұлтан ағамен концерттік шараларда қоян-қолтық бірге жүрдім. Ол кісі сазгерлік жағынан ұстазым болды. 1979 жылы тамыз айының ортасында мұғалімдердің Оқу әдістемелік жиыны өтті. Сол жиында мен композитор Жақсыгелді Сейловтың «Жез киік», Әсет Бейсеуовтың «Маралдым» әндерін шырқадым.
Бексұлтан аға Әлшекей атындағы музыка мектебін басқаратын. Мені ұжымына арнайы шақырып, өнер адамдарымен таныстырды.
Ұстазым Бексұлтан ағамен 16 жыл бірге қызметтес болдым. Ол кісі өмірден озғанша қанатының астына алып, қамқорлығын аямады. Ұстазым Бексұлтан ағамен өнер жолында бірге жүргендіктен біраз қырына қанық болдым. Бексұлтан аға әнші- композитор ғана емес, тамаша актер, керемет суретші, бір жағынан қабілетті ұйымдастырушы да еді.
Аудандық халық театрында көптеген рөлдерді сомдап Алматыда өткен халық театрлар байқауында талай рет бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанған.
Драматург Қалаубек Тұрсынқұловтың «Кәпірзада оқи­ғасы» пьесасындағы «Ахат» ролін ойнаған. Сонымен қатар С.Суханбердиннің «Айгүл», Б.Майлиннің «Талтанбайдың тәртібі», Т.Нұрмағанбетовтың «Кімге тартқан», О.Бодықовтың «Арман азабы» пьесаларындағы басты кейіпкерлердің бейнесін де өте сәтті шығарды.
Керемет суретші дейтінім, үйінде анасының суретін салып жатқанын көргенмін. Айнытпай бедерлеген. Музыка мектебінің барлық көрнекіліктері өзінің қаламынан туды. Плакат жазулары да кәсіби суретшіден артық еді. Бекең сонымен қатар өте сезімтал, жаңалықтарды алдын-ала біліп отыратын. Жұмыста да, концертте де ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді.
1990-1991 жылдары Жаңақорған мәдениетінің нағыз кемелденген кезі екен-ау деп ойлаймын.
Бірде Бексұлтан ұстазым «жақында аудандық мәдениет бөлімінде бір жаңалық болады, Жаңақорған өнерпаздары республика бойынша насихатталатын бір жоспар жасап жатырмын, сол жоспардың басы-қасында өзің боласын» – деді.
Қазір ойлаймын, сол жоспар орындалғанда көптеген өнерпаздар республика көлемінде танылатыны сөзсіз еді.
Сол кездері Бекең таныстырған азаматтардың маған біраз көмектері тиіп жүр. Бекең әр уақытта да қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеп, қанатын кең жайып еркін өсуіне қажетті жайларды үнемі алдын ала болжап отыратын-ды.
Осындан біраз жыл бұрын Қазақстан халық ақыны Манап Көкенов: «Композиторлар Сыдық Мухамеджанов, Садық Кәрімбаевтардың кереметтігі сол әндері мүлдем бөлек-бөлек, бір-бірінен тіптен басқаша сипатта болып келеді. Ал Бексұлтанның әндері бір-бірінен туып, өрбіп отырады, деп еді. Соның айғағы ретінде мажорный дыбыста жазған «Ақбаян», «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Асыл жар», «Ақ жеңешем», «Сырдарья», «Ұйқың жаным қанды ма» әндерін айтуға болады.
«Жыл құсы», «Дос ғасыр», «Сағынып жүрші» секілді әндерінің барлығы да, осындай ашық дыбыста жазылған әндер. Менің көкейімде мынандай ой бар. Жазылған ән шығарма­сын түгел тыңдамай-ақ композитордың стилін, оның әнін, үнін, жүрек лүпілін, ән жазу иірімдері мен саздылығын бәрі бір біліп қоясың. Міне, Бекеңнің әндерінің бір- бірінен туып өрбіп отырғаны сондықтан.
Бұрынғы әндерін былай қойғанда ұлттық салт-дәстүрге айтылған «Құда болып жүрейік» әні бір төбе деп жазған болатын. Міне осы әнін алғаш рет қазақ радиосына өзім бастырып, Қазақстанға танылуына септігін тигіздім. Түркістан университетіне барған соң, Түркі тілдес халықтарды аралап концерт қою сапары басталды. Сол сапарда Түркия, Кипр, Греция елдерінің Анкара, Стамбул, Афион, Қайсері, Леф Коша тағы басқа қалаларындағы концерттерде осы Бекеңнің әнін орындап шет елге таныттым. Міне әннің құдіреті деген осы шығар.

Сауранбек Елеуов,
Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-композитор

12 қараша 2024 ж. 484 0