№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ән қанатында қалықтады

Ән қанатында қалықтады


Әуелеген әнімен қазақ халқының ғана емес, күллі Кеңес одағының жүрегін жаулаған, ел маңдайына біткен біртуар қазақ қызы Бибігүл Төлегенованың туған күні біздің өңірде де аталып өтті.


Иә, қазақ қыздарының бойынан көргің келетін барша сұлулық пен батылдықты тал бойына сыйдыра білген, сыбызғыдай сызылған үнімен халқының жүрегін жаулаған, ән әлемінің бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова Қазақстанның және КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері. Оның еңбек жолы мен жеткен жетістіктерін қай тұрғыдан насихаттасақ та артық етпейтіні рас. Әншінің 95 жасқа толуына орай ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Сүттіқұдық ауылында «Бұлбұл» атты облыстық әншілер байқауы өтті.
Салтанатты шараны ауыл әкімі Икрам Әбуов ашып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
– Өнер – өшпейтін мұра. Қай мемлекеттің болмасын әлемге әйгілі ететін осы қасиетті өнері мен спорт екені белгілі. Ауылымызда өтіп жатқан осы шара майдан даласында жауған оқтың астында жүріп ән шырқап, жауынгерлерге әнімен күш беріп, рух сыйлаған қазақтың батыл жүректі бұлбұл әншісі Бибігүл Ахметқызына деген құрметтің көрінісі.
Бүгін қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдызы 95 жасқа толуда. Біз осындай асыл азаматтарымызды құрметтеуді қашанда да өзімізге парыз санаймыз. Осы орайда облыстың түпкір-түкпірінен ат терлетіп жетіп, әнші апаларына деген жүрек сүйіспеншілігін бөліскелі отырған сайыскерлерімізге сәттілік серік болсын, - деді ауыл әкімі.
Сайыста әр ауданнан келген 35-50 аралығындағы кыз-келіншектер бақ сынап, өнерлерін ортаға салды. Ереже бойынша Бибігүл Ахметқызының әндерінен бір ән, одан кейін еркін тақырыпта ән шырқаған нәзікжандылар бойындағы өнерлерін ортаға салып, Бибігүл апамыздың ізбасарлары арамызда жүргенін көпшілікке мойындатқандай күй кештік.
Ән қанатында қалықтаған әншілер сайыстың екі кезеңінде де озық өнермен танысып, бағы мен бабы қатар шапқан жезтаңдай талантымен қуантты. Үшінші орынды қазалылық Құралай Қосуақ пен қармақшылық Индира Өмірзақова місе тұтса, екінші орынды шиелілік Фарида Оспанова мен сүттіқұдықтық Сара Төлеу иемденді. Ал, бірінші орынды шалқиялық Ақнұр Сматова алса, бас жүлдені Қызылордадан келген Мақпал Қалданова қанжығасына байлады.
Айта кетейік, сайыскерлердің арасында кәсіби әншілер де, бала тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздар да бар. Бұл кей қатысушылардың бастапқы баспалдағы, олардың алар асулары әлі алда екені анық.
Шара соңында қазылар алқасының төрайымы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы Жадыра Белгібаева сөз алып, қатысушылардың өнеріне кәсіби бағасын берді.
– Бүгінгі сайыстың өзіндік ерекшелігі жас аралығында болды. 35-50 жас арасындағы сайыстар бола бермейді. Бұл бастама өте орынды. Байқап отырсам, қатысушылардың арасында кәсіби әнші де, әуесқой әнші де бар. Олардың әрқайсысы әр салада жұмыс жасайтын нәзікжандылар. Соған қарамастан әнді өте жоғары деңгейде орындап шықты. Міне, осы сайыс арқылы көрінбей, бұғып жатқан таланттар қайта жаңғырды. Сондықтан, 35 жастан асқан азаматтар арасында жарыстар ұйымдастырып отыру өте орынды. Мәселен, сайыстардың басым бөлігі, тіпті халықаралық сайыстар да 35 жаспен шектеледі. Ал, біздің арамызда 35-тен асқан қаншама дарын иеслері жүр. Осынай жарысты ұйымдастырған жаңақорғандық әріптестерім мен Сүттіқұдық клуб үйінің ұйымдастырушыларна алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарыңыз жалғасын табатынына сенімдімін, - деді Жадыра Ибрагимқызы.
Нәзікжандылардың өнерін ұлықтаған Бибігүл апамыздың 95 жасына арналған салтанатты кеште барлығымыз өшпес өнердің куәсі болдық. Ән қанатында қалықтаған әншілердің әуезді әні көпшілікті әсем әлемге ендірді.

Айсұлу Алданазар
01 қазан 2024 ж. 971 0