№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Жарқ етейінші, найзағай болып!»

«Жарқ етейінші, найзағай болып!»


Ән – перзент тағдырдан туады. Оның жарқын, жаймашуақ немесе күрсіністі болуы егесінің жан жүрегінде қордаланған мұң мен сырға байланысты.
Осындай туынды – «Найзағай көңілдің» сарынындағы саф тазалықты сезініп көрдіңіз бе?
Осы керемет төлтуманың авторларымен жақында өз топырағымызда жүздесудің сәті түсті.


Бүгінде кең таралған өзгеше сырлы «Найзағай көңілді» өнер саңлақтары – Досхан Жолжақсы­нов пен оның жары Қаракөз Сүлейменованың орындауында тыңдап келген екенбіз.
«Жүрегім сонша жалынсыз ба айнам?,
Тұнжырап келдің тағы үнсіз қайдан.
Жеңсең – бақыт, жеңілсең-қайғы,
Махаббат деген – қарусыз майдан» деп төгілдіргенде ән авторы осы екеуі ме деп те қалғандайсың. Не болғанда да екі мұңлықтың бір-біріне ақжарылған ғашықтық жыры, жүрек сырындай сезімді қозғайды. Сөйтсек, жарық өмірде одан да биік, одан да қастерлі, опасыз жалғанның омырауын идіріп, өзгеше туған өренінің өмірлік бойтұмарындай киесіне айналар бір тылсым рухтың бары ақиқат екен.
Баяны мен домбырасын қысқан құшағына күллі қазақ елін сыйдырып жіберуге құмбыл, жүрегі кең, жаны асыл мына қос саңлақ - Әл-Фараби мен Үкітаймен әңгімелесе отырып, менің бұған одан сайын көзім жетті.
Көрші Шиелі ауданының «Қызыл Ту» ауылында дүние есігін ашқан Әл Фараби бала кезінен шимай-шатпаққа құмар болғанын айтады. Оның мәнісі жоқ емес, анасы Рыскүл Жәлиқызы ақын болған. Бірақ өмірінің көбі ауруханада өткендіктен соны бір жарыққа шығара алмаған құсайды. Әкесі де өнерден құралақан емес, қара баянды қолынан тастамаған, өзі аудандық «Өскен өңір» газетінде фототілші болып қызмет атқарған екен. 2003 жылы ерлі-зайыпты екеуі бірдей көлік апатынан өмірден озып кете барады. Соңында бес перзент қалды.Төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұл Әл-Фараби ол кезде он төрт жас­та екен. Тоғызыншыдан кейін Қызылорда­да­ғы мұзыкалық колледжді тәмамдайды. Басты арманы – Алматыға кетіп, ұлттың қасиетті қарашаңырағы – КазГУ-де білім алу еді. Ауылға келіп, туған үйдің төрінде жатып ойланып қараса – оның реті әзір келмейтін сияқты. Алдында екі апасы, соңында екі қарындасы тұр, бәрін құтты орындарына қондырып, жат жұрттыққа жаратылған жәудіркөздерге тұғыр болар төркіні өзі ғана екен. Амалы құрып, пенде атаулыға ортақ тауқымет қамытын үн-түнсіз мойнына іліп, ұлы жіңгір тіршілік майданына мидай араласып кете барды.
Адамның басы – Алланың добы. Осылайша бір-бірінен аумайтын алашапқын күндер өте берді.
Белін буып үлгірмей беттен алған қатыгез тағдыр жанын жасытып, сырттай күліп жүргенмен іштей жалғыздық торына шырмалған жас кеуде қараңғы түндерде, қалтарыста, әйтеуір бір оңашада бұйығы отырғанында жылт етіп көрініп, жұдырықтай жүрегін атқақтатып кететін алапат бір ұшқынның ұштығын ұстағандай болды бір күні. Өң мен түстің ортасында көкірегіне жыр болып құйылып, көңілін көкке іліп әкеткен жұмбақ муза – өлең деген құдірет еді ол. Түн ортасында көңілі тасып, жүрегі қуанышқа толып оянды. «Неге жабырқай берем, найзағай отындай жарқылдайыншы бір» деген құштар тілек сананы тіліп өткендей өлең жолдары өз-өзінен құйыла берді.
«Сезімнің қуат, көшіне ердім,
Өмірдің сынақ ісіне көндім.
Аңсаумен талай шаршаулы едім,
Ақыры сені түсімде көрдім.

Жүруші ем, сені айнала қорып,
Алды-артымды да болжамай толық.
Қашанғы бұлттай жабырқай берем,
Жарқ етейінші найзағай болып!

Жан айқайымдай – жаңғырған әнім,
Бойымда барда алғыр талабым,
Бұғаулы қолмен бұзып шығармын,
Шойын қақпалы тағдыр қамалын» деген жолдарды жедел Астанада Өнер Академиясында, қазіргі Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқып жатқан жан досы Үкітайға жолдауға асықты.
Әке-шешесі бірдей тіреп тұр дегені болмаса тірек болуға шама кем, халықтың әлеуметтік жағынан аяғын тең басып кете алмай тұрған ауырлау кезең ғой. Мына өлең Үкітайдың да қиналыңқырап жүрген жағдайымен дөп түсіп ақын жанымен үндесе өрілген әуен өз-өзінен құйыла берген. Әл-Фарабиге хабарласып «Өлеңнің келесі қатарын жалғап, жаза түс, батыр. Тамаша ән туып келеді» деп сүйіншіледі досын. Екеуі Қызылордала бір группада оқыған еді. Досының хал-күйін, жан-дүниесін бес саусақтай біледі. Міне, сондықтан да болса керек, екеуінің жүрегін жарып шыққан төл тумасы бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып, бір бүтін шедевр шығармаға айналды.
Екі жағы тең құбыла «Найзағай көңіл» әнінің туу тарихы осындай екен.
Ал енді осы қасиетті, тағдыр сыйындай киелі сезімді аяқасты етіп әннің сөзін өзгертіп айтып жүргендер оның қайырмасына келгенде өздерінше бұра тартып:
«Түймедей баққа таңырқай берме,
Инедей мұңды найзадай көріп.
Жауатын бұлттай жабырқай берме,
Жарқ ете қалшы найзағай болып» деп ұйқастырғанда не ұтты? Нендей мағынаны түсіндіре алды десеңші.
Ауылымызда қызықшылық тойға асаба ре­тінде шақырылған Үкітаймен де бір сәт уақыт тауып аз-кем тілдесіп үлгердік. Ол 1986 жылы Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келіпті. .Орта мектептен соң Қызылордадағы музыкалық колледжде оқығанын айтты. Одан әрі Астана қаласында Өнер Академиясының домбыра факультетеіне оқуға түскен. Өлеңді де осы кезден жаза бастапты.
Әл-Фараби екеуінің шығармашылық байланысының тереңдігі олардың туындыларынан да жарқырап көрініп тұрады екен. Қазіргі заманның жастары ұшқалақтау, жеңіл әуенге әуес, талантты деген жастардың өзінде сезім тербейтін салмақты дүниелер жоқтың қасы деп сынауға бейім тұратындар бұл екі саңлақтың ойлы туындыларын жүректен өткізгенде еріксіз талант қуатына бас иері кәміл. Бұл қайнардың көзін іздер болсаңыз сонау батырлар жырынан бастау алар тұнық сарында, одан беріде ақырып теңдік сұрап, ақ қарда алаңға намысты ту етіп атойлап шыққан ағалар мен апалардың аппақ арында жатқандай.
Ар-ожданын биік қояр асқақтық – алдымен ата-ананың қалтқысыз тағылымының жемісі. Анадан адал сүт емген ұрпақ алдымен соларға қарыздар.
Менің әкем бір-ақ сөйлер ер еді,
Рухы биік жігіт еді себебі,
Менің әкем алдамаған достарын,
Көтермеген бай-манаптың шашбауын.

Жұрт әкемнен тұрушы еді сескеніп,
Адал жүріп тұратынын ескеріп.
Бізді әкелер қаталдықпен сүйетін,
Сыйласқанға алтын басын иетін.

Тарылған жоқ қалпын жасап сараңның
Махаббатын бағалады анамның.
Мен әкемнің әр сөзінен, ісінен,
Тәлімі мен тәрбиесін түсінгем.

Азық болып жақсы ат қалды артында,
Мен әкемдей ер боламын нар тұлға!»
Бұл Әл-Фарабидің өлеңі. Үкітай ше? Үкітай да бала жасынан мұңлылау өскенін айтады.
Төлепберген Тоғжанов ұстазы айтады екен: «Ата-анасы бардың басында алтын тәжі бар». «Бар нәрседе ысырап бар, тек ата-анаға жасайтын қызметте ғана ысырап жоқ». Бұл бағытта «Ана туралы жырымен» туған анасына әннен ескерткіш орнатқан Шәмші Қалдаяқов ағасынан бір де кем түспеген Үкітайдың «Бозторғай-ана» әні бүгінде заты анадан жараған жұмыр басты пенденің қолқа-жүрегін суырып алардай қуатымен кең даланы шарлап жүр.
«Тоғыз ай, он күн толғайды,
Өмірге мені жолдайды.
Алты қат аспан астында,
Анаңдай адал болмайды.

Жалғызым жаным, жан апам,
Мақтадан мамық алақан.
Анаңның жаны – бозторғай,
Баланың жаны балапан,

Адамды Алла көп сынар,
Әкенің сөзі оқ шығар.
Анаңдай сұлу адамзат,
Жұмақ жақта да жоқ шығар.

Періштем болып қорғайды,
Пейіштей болып орнайды.
Жеті қат жердің үстінде
Анаңдай жылу болмайды.
Анаңдай сұлу болмайды.

Қартайса анаң сол қайғы,
Ақ жүзін әжім торлайды.
Жүрексіз адам болса да,
Баласыз ана болмайды.
Анасыз бала болмайды».
Жақында Қызылорда қаласында Үкітайдың «Әуенім» атты ән кеші өтті. Елордада ән кешін өткізуге аттанып, Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылы көрермендерін хош етті.
Үкітай төртінші ұлының есімін өзі «Әуен» деп қойыпты. Әрине, алғашқылары атасы мен әжесінікі. Тұңғышын олар «Нұрдан» атандырған. Нұрдан жаратылғандай жаны мөлдір болып ер жетсін деген ниет қой. Осы ұлдың есімімен аттас сазгердің «Нұрдан» деген әндер жинағы жарық көріпті. Екінші ұлын Текті деп атапты. Үшінші ұлының есімін Ақжол Түменбай деген ақын досы «Өнеріңді алып қалатын мұрагерің болсын» деген ниетпен «Мұрагер» деген есімді еншілетіпті. Төртінші ұлының тұсауын кешегі Астанада өткен кеште өзі қиыпты.
Қарапайым қалпымен, сән қуып, әдептен озбаған салтымен жүректі қозғайтын әндер жазып, қалың қазаққа танымал болған бұл қос талант туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 1 098 0