Өршіл рух өнерден қуат алады
Жаңақорған топырағы таланттан кенде емес. Бекзат өнердің болмысын бойға сіңіріп, соңына өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған мәдениет майталмандарының ізін алып келе жатқан талап иелері тұғыр төрінен түспей аға ұрпақ аманатын адалдықпен жалғап келеді.
Қажырлы қызметін халқына арнаған аудан мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби әлеуетіне төл мерекелерінде тағы бір көз жетіп, көңіл сүйсінді.
«Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» деп аталатын мерекелік шараның құрметіне көрме жасақталып, келушілер кешегі тарих пен бүгінгі күн жетістіктерінің жарқын сәттерінен көп мағлұматқа қанықты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Шәріпбеков сөз алып сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Осы күні 75 жасқа толып отырған мәдениет жанашыры, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Ізатілла Нәрзілдаевқа Жаңақорған ауданының Құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты. Жарты ғасырдан астам өнерден қол үзбей өлке руханиятына қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді.
Ауданның мәдениет саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбегі ескерілген Зағипа Абжалелованың, Гүлнар Байтөрееваның ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласынының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы да көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты. Сол сияқты руханият саласында отыз жылдан астам еңбек өтілі бар Жадыра Сәдібекқызы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлінің Құрмет грамотасымен марапатталса, салалық мәдениет және спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының "Еңбек даңқы" төсбелгісін Әсемкүл Манапқызы, Ажар Жанаева және Шәкизат Тастанбекқызы иеленді. Облыс әкімінің Алғыс хатымен Түгіскен ауылдық кітапханасының кітапханашысы Асхат Көшербаев, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Нұржан Ержігітов, Жаңақорған халық театырның режиссері Тоқтар Әжімұратов марапатталды. Сол сияқты еңбегімен үздік танылып келе жатқан елді мекендердегі клуб және кітапхана қызметкерлері облыстық мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хатымен және салалық мәдениет спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің, аудан әкімінің және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, «Аманат» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиынның екінші бөлігінде аудан өнерпаздары сахна төрінде өздерінің кәсіби біліктіліктерін танытатын түрлі жанрда жасындай жарқылдап көрермен жүрегіне асқақ рух, арынды қуат сыйлады. Қай заманда болсын ұлт мәдениетінің мәйегі саналар өнер өкілдеріне құрмет жоғары. Олар бүгін де биік тұғырдан көрінді.
Баян ҮСЕЙІНОВА