» » » Үлгілі отбасы - ел мерейі

Үлгілі отбасы - ел мерейі

Жұма күні Кейден ауылдық округінде «Үлгілі отбасы-ел мерейі» атты мерейлі отбасымен кездесу шарасы өтті. Ежелденақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Оның себебі, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Ал, осы орайда сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Сондай ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен көпке үлгілі болған, отбасы құндылықтарын сақтай отырып, қазақи менталитетімізге сай ибалылық, кішіпейілділік қонақжайлылық, мейірімділікті, жақсыға құштарлықты бойға сіңіре білген, шаттығы тасыған отбасылар – Боранбаевтар мен Жолановтар әулеті сахна төріне шығып, әдемі әңгіме өрбітті.
Шара барысында, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», Әзия Қыстаубаева сөз алып, отбасы құндылығы хақында сыр шертті.
– Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі саналады. Халқымызда «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» деген дана сөзді бекер айтпаса керек. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашанда көпке үлгі болуға тиіс. Бүгінгі мына өткізіліп отырған шара осындай отбасылар мерейін асқақтатуды көздейді, – деді Әзия Қыстаубаева ерекше тоқталды.

Шараның басты кейіпкерлері Боранбаевтар отбасына тоқталайық. Тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген атаана балаларын қатарынан қалдырмай, барлығын да жоғарғы оқу орнында оқытқан. Қазіргі таңда балаларының барлығы өмірден өз орнын тауып, әр салада абыройлы қызмет істеуде. Екінші Жолановтар отбасы да көп балалы. Үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздар әулеті. Ұлағатты әке мен ардақты анадан тараған перзенттері сан салада табысты еңбек етуде.

Сондай-ақ, шара ұйымдастырушысы Кейден ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Шәмшат Әлжанова сөз алып, керемет кештің мазмұнын аша түсті.
– Ауылымызға сыйлы отбасыларды жұртшылыққа таныстыруды құп көрдік. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған шаттығы тасыған әулет. Міне, осы отбасы егелерінің өнегелі әңгімелерін естігенді жөн санадық. Өйткені, отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдетғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы ғой. Ауылдың жастары мен жас отбасыларына осы үлкендердің өнегесін көрсетіп, мағыналы әңгімелерінен мазмұнды ой түйсе деген ниет біздікі, – деп көңіліндегісін көпшілікке жеткізді.

Расында, отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Ал оның түп тамырында осындай ізгі өнеге жатыр.

Әсел Рзаева

23 қазан 2023 ж. 516 0