№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сағындырған әндер-ай

Сағындырған әндер-ай


Өзінің сұлу сазды өміршең әндерімен есімі көпке танымал болған, әйгілі «Ақ баян» әнінің авторы Бексұлтан Байкенжеев ағамыздың дүниеден озғанына аттай отыз жыл болады екен. Осынау уақыт бедерінде оның жүрегінен туған әндері көнеріп, көмескіленудің орнына жыл өткен сайын Бекеңді сағынған қалың елдің санасында қайта жаңғырып, ән авторы албырт аппақ арманға оранған періште қалпында туған жер аспанында алыстан қол бұлғайды. Шын талант иесінің құдіреті осында. Әйтпесе бүгінде ән аз ба, жанынан ырғақ тудырып, онысын ең соңғы заманауи құрылғының қуатымен жаңғыртып, жаһанға жайғысы келіп жүретін жандар аз ба? Бірақ соның өзінде санаулы ай, апта, күннен соң ұмытылып. Ізім-қайым жоғалар нәрсіз-сөлсіз туындыларды күшпен ұстап тұрар мүмкіндікке таза өнерде орын жоқ. Жаңақорған секілді әлемнің бір кішкене кіндігінде өмірге келсе де жұдырықтай жүрегінен туған әдемі әндері жаһанды әлдилеп жүрген өміршең өнер иесінің мұрасы бізді осындай ойға итермеледі.


Дүйсенбі күні аудандық Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында өткен «Сағындырған әндер-ай» кешіне жиналғандар алдымен фойеге қойылған «Әуелеп ұшқан ән-ғұмыр» атты көрмені тамащалады. Көрмені жасақтаған Адырбек Сопыбеков атындағы кітапхана қызметкерлері әнші-сазгердің өмірінен кең мағлұмат беретін деректерге сай көп ізденгендіктері байқалды. Талант иесінің көзі тірісінде баспасөзде шыққан материалдары мен ол туралы жазылған кітаптар тізбегін көзімізден өткізіп, өнер иесінің еңбек жолын дәріптейтін әдебиеттердің түгел қамтылғанын білдік. Әншінің тірлігінде ұстап тұтынған бұйымдары да келушілердің назарын бұрып, өнер иесіне шынайы құрметті арттыра түскендей.
Мәдени шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов сөз басында биылғы жылы Жаңақорған аудынының құрылғанына 95 жыл, Манап Көкеновтың туғанына 95 жыл, төл газетіміз – «Жаңақорған тынысының» – 90 жылдығына орай аудан көлемінде 95 мәдени іс шара өткізу жоспарланып отырғанын, соның аясында мерекеленіп отырған бүгінгі атаулы күнге құрметтің ерекше екеніне тоқталды. Ол одан әрі Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, 150-ден аса әннің авторы, әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеевтің өмір жолы туралы баяндады.
Бексұлтан Байкенжеев 1949 жылы 7 қарашада Жаңақорған ауданы Қосүйеңкі елді мекенінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №51 орта мектебін тәмамдап, сол кездегі Гоголь атындағы пединституттың музыка факультетінде білім алған. Оның ең бірінші әні мектеп қабырғасында жазылған «Күлімдеші, Күнсұлу» деп аталатын ән екенін екінің бірі білмеуі мүмкін. Міне, содан бастап ән жазуға бейімделген сазгердің қаламынан туған жер, ана, Отан, достық, махаббат, жастық сезімді жырлаған әндері көптің көңілінен ерекше лорын алды.
Еңбек жолын аудан орталығындағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде бастаған жас талант осы өнер орталығының директоры болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Музыка мектебін қажетті құрал жабдықтармен жасақтап, кадр тапшылығын жоюда ізденісті жұмыстар атқарған, жаңадан пәндік сыныптар ашып, дарынды шәкірттер тәрбиелеп шығаруға ерекше ден қойды.
Таспаға жазылып қалған өткен күн суреттерін көз алдымызда тірілткен аудандық мәдениет ұжымының ізденісті талабы осы күні бейнеэкранда кеш иесі Бексұлтанның және онымен қатарла­са ел мәдениетіне еңбегі сіңген ау­дан руханиятының қаймақтары – Манап Көкенов, Адырбек Сопыбеков, Мәдина Ералиева, Әмір Мәжитовтердің жар­қын бейнесін көз алдымызға әкеліп, жанарларға жас алғызды. Бексұлтанның Манап Көкеновке арнаған «Ардақты аға» әнін Сауран Елеуовтің орындауында тыңдап, көл-көсір әсер алдық.
Бексұлтан Байкенжеев бар болға­ны 44 жас ғұмырында қазақ өнеріне телегей-теңіз үлес қосып кеткен тұлға. Ол осы жарық ғұмырында Сыр өңірінде қазығын тіккен «Сыр Сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамблінің белді мүшесі ретінде Мәскеу, Кмшинев, Болгария, Нүкіс қалаларында концерт қойған, Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанған. Ол осы сапарларында өзінің әндерін де қоса орындап, танымал болған. Оған бұл жөнінде сүйсінісін жасыра алмаған әріптесі Шәмші Қал­даяқовтың «Бексұлтан, сен қандай бақыттысың. Қара баяныңды керемет созылтып, өз әніңді өзің насихаттайсың. Маған осы өнер қонбапты» деп өкінішін айтқанын да осы кеште естіп білдік. Бексұлтанның әндері жөнінде Мыңжа­сар Маңғытай, Еркеғали Рахмадиев, Алтынбек Қоразбаев сынды шынайы өнер иелерерінің берген бағасын эк­ран арқылы тамашалауымыз сазгер шығармашылығының әлі де ғылыми зерттеулерге обьект болар әлеуетіне көзімізді жеткізді. Композитор туралы сол кез баспасөзінде де көп материалдар жазылған. Теледидарда оның әндерін елімізге белгілі әншілер Суат Әбусейітов, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова, Люция Төлешова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиевалардың орындауы сазгердің профессионалдық өре-өрісінің көкжиегін айғақтаса керек.

«СЫРДАРИЯНЫ» ҚАЙТА ТІРІЛТКЕН САЗГЕР

Жыр жампозы Әбділда Тәжібаевтың өзі туған ыстық мекенін мейірлене сүюден туған «Сырдария» өлеңінде:
«Білем сені, сүйем сені, Сырда туған қарт анам,
Сенде туып, сенде ержеткен ақын ұлың мен балаң.
Сүйсе Гейне анам десе сүйген сұлу Рейнесін,
Қуан ана, сүйген ол да өз ақынын Гейнесін» деп жырламап па еді. Енді осы жырына ән шығарып, Сырдарияны қайта тудырған Бексұлтанға қарап: «Сен ұмытылған, көнерген Сырдарияны қайта тудырдың, мен оның анасы болсам, сен әкесі болдың» деп шын қуанып, талантты ұлдың арқасынан қаққан екен. Біз бұл хиқаят туралы көзкөргендердің естелігінен бүгінгі кеште естіп білдік.
Мерейлі кешке арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, ХҚТУ-дің аға оқытушысы Хазретәлі Тұрсұнов сахнаға шығып, өзінің есте­ліктерімен бөлісті. Перзентті ата-ана, ал тұлғаны заман өмірге әкеледі. Бексұлтан өмірге келген елуінші жылдардың басы отызыншы жылдардан кейінгі аштықтан, ауа көшуден, босқыншылықтан әбден запы болып, азып-тозған халықтың еңсесі еңкіш тартқан кез. Атамекен тарихын зерттеп келе жатқан тарихшы азаматтың келтірген деректеріне құлақ салсаңыз аза бойыңыз қаза болады. Отызыншы жылдары Жаңақорғанға бірінші хатшы болып келген Емберген Алтынбековтың жұбайының аузынан жазып алған деректерге тоқталған ол мынадай мәліметтерді келтірді. Олар Жаңақорғанға келгенде пойыз жолдан райкомның есігіне дейін қаптаған аштан өліп жатқан денелердің үстінен аттап өтіп келгенін айтқан. 28-жылы Жаңақорғанда 10 мың халық болса, отызыншы жылы соның 3 мыңы ғана қалған. 500 мың мал басы 5 мыңға азайған. Кеңес үкіметінің зорлықшыл саясаты кесірінен осынша қайғы-қасі­ретке ұшыраған халықтың әні зарға, күйі күрсініске толған заманда өнердің де күлі көкке ұшпай ма? Міне, Бексұлтан өмірге келген кезең ел еңсесін қайта тіктеп, үміт сәулесін үкілеп, жақсылыққа алақан жайып, адамдарды жарқын болашаққа сендірген тәуекел талапқа иек сүйеп, күйреген көңілді бекіткен кезеңдер еді.
Жетпіс екінші жылы Бексұлтан туған жерге келіп өнер саласына тер төгіп, жұмыс жасап жатқан кезі. Ол кезде Хазірет Тұрсұнұлы аудандық партия комитетінде қызмет істейтін кезі екен. Бірде облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған Бексұлтан Байкенжеевке «Мәдениет саласына еңбегі сіңген қызметкер» атағын беру туралы Үкімет жарлығын оқып, Бексұлтанға сүйінші хабарды жеткізгенде өнер иесінің қатты толқып қуанғанын ол осы сахна мінберінде тұрып айтып берді. Тегінде өнер адамына еңбегінің дәріптеліп жатқаны зор мерей, үлкен құлшыныс тудыратынына ол сонда көзі анық жеткенін айтты.
Хазретәлі Тұрсұн сол кезде қызмет бабында ел өмірі, шығармашылық адамдарымен тығыз байланыс жасап отыратын тәртіп-дағдыға орай сазгер­мен жақын қарым-қатынаста болғанын жеткізді. Оның көптеген әндерінің туу тарихынан да хабары барын айтып берді. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші-композитор, Бексұлтанның шәкірті Сауран Елеуов ұстазының өмір жолы, мінез-құлық қырларынан естеліктер айтып, оның тек біздің еліміз ғана емес, қырғыз, қарақалпақ жерінде де зор беделге ие, халқы шын сүйіспеншілікпен жақсы көретін тұлға екеніне тоқталды. Оны бұл дәрежеге жеткізген тылсым өнердің тынысы, тілі бөлек, жүзі бөлек деп қарамайтын, жұдырықтай бір жүрекке байланған періште пейіл, балапан тілектің күші. Сондықтан ол егіз елдің меншігіндей күні бүгінге дейін мезгіл мінберінен түскен жоқ. Бексұлтанның «Құда болып жүрейік» әні қырғыз еліне барғанда «Шолпан Ата» жерінде төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз бауырларымыздың құрметіне туған ән. Бексұлтанды тө­белеріне көтерген қарақалпақ ағай­ындардың да қазақ өнер иелерінің мәдени сапарында айрықша Бексұлтан­ға ықыласы ауып, қол шапалақтап, сахнадан жібермей қатарынан төрт-бес әнді орындатқан естеліктер туралы әңгімелеп берген шәкірті сол жолы Қарақалпақстанның халық ақыны Тілеуберді Жұмамұратовтың «Мына баланың жанып тұрғаны-ай, тумай тұрып дайын талант боп туған керемет қой» деп тамсанғанын да әңгімелеп берді.

«Құда болып жүрейік» әнінің тууы өнер иесінің таза ұлттық бояуға суарылған сарынға көшіп, жаңа бір бағытқа бет бұрған кезеңі деуге болатын секілді. Бірақ сонда да өзінен бұрын өзгенің жақсылығын, жаңалығын аңғарғыш тілектес көңілдің шәкіртіне деген алғаусыз лебізіне құлақ түрейік: «Сауран, сенде бәрімізден өзгеше ерекшелік бар. Сен можор дыбыстық мәнерінен бөлек марш екпінді әндерге қабілетің бөлек. Бәрінен де бұрын өзің тұйық мінезді болғаныңмен бала жанын түсініп, сәби жүрегіне жететін ән шығаруың керемет жетістік» деп шын пейілімен қуануы Бекеңнің үлкен жүректілігін танытса керек.

Кеште Бексұлтан Байкенжеевтің «Сыр­дария» әнін ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Үміт Медеуова орындаса, «Досқа сыр» әнін Сайран Ділманов пен Кенже Әкімбаева, «Көркемжан» әнін Жұмабай Шерниязов, «Ақ гүлім» әнін Талғат Тұрсынбаев пен Фархат Бакиров, «Әй­ел күннің шуағынан жаралған» әнін Құралай Әлиева орындады. «Сағынып жүрші» әнін өз ұлы Әбсұлтан әуелетті.
Бексұлтанның өмірінің соңғы күн­дерінде жазылған “Сағынып жүрші” әніне сөз жазып бер деп Адырбек ағаға қолқа салғанда ол кісі:
– “Неге “Сағынып жүрші” деп атадың. Бір жаққа кетпекпісің?” деп таң қалған екен. Тоғыз күннен соң Бексұлтан келмес сапарға аттанды.
Ал өзі күні бүгінге дейін ел жүрегінде өмір сүріп келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 тамыз 2023 ж. 692 0