№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Талантымен танылғандар

Талантымен танылғандар

Қасиетті Жаңақорған жерінің мәдени өмірінде жас өнерпаздардың да қолтаңбасы қалыптасқан. Облыстық, республикалық тіпті халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздарымыз да аз емес. Солардың бірі келешегінен мол үміт күттіретін талант иелері Рамазан Өскенбай мен Нұрсардар Нұрдулла.
Рамазан №110 мектеп-лицейінің, ал Нұрсардар №169 мектептің үздік оқушылары. Олар әншілік өнер әкесінен дарығанын айтады. Екеуі де сахнаның киесін ерте түсініп, бүгінде өнерін шыңдап келеді. Рамазан танымал әнші-актер болуды армандап, бала­бақша қабырғасында өнер додасына қосылады. Ал Нұрсардар болса өнерге мектеп жасынан бой бұрады. Екі өнерпаз да бір мезетте«Әлшекей» өнер мектебіне қабылданып, Шәрбану Жиенбаеваның қол ас­тын­да ән өнерінің қыр-сырын мең­гертеді. «Тамшы» дуэті болып өнер көрсететін қос өнерпаз жақында Қазақстан телерадиокорпарациясы ұйымдастырған «Таңшолпан» жасөс­пі­рімдердің облыстық байқауына қа­ты­сып, «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
– Ән додасына бірнеше аудан, қаладан келген әншілер қатысты. Жас ерекшелігіне қарай өтетін байқауда алғашқыда өз қатарластарымызбен сынға түстік. Одан үздік шығып, нағыз таланттармен бақ сынастық. Үмітті ақтай аламыз ба деген қорқыныш, қобалжу болды. Ұстазымыздың қолдауымен жігерленіп, сахнада Нұрсардар екеуміз өнерімізді көр­сеттік. Ал ақтық сынға жолдама алғанымызды естігенде қатты қуан­дық, – дейді жас дарын Рамазан бізбен әңгімесінде.
Иә, жыр-әннің елі, тұранның төрі болған Сыр елі соның ішінде Жаңақорған нағыз талантты жастарды түлеткен өнер ордасы. Кешегі әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеевтей жерлесіміздің жалғасы болған балғын бүлдіршіндердің саны жыл санап артпаса кеміген емес. Бұл жөнінде қаншама өнерпаздың бағы мен бабын қатар баптаған тәлімгер Шәрбәну Жиенбаева өз ойын білдірді.
– Қай шәкіртімнің болмасын ең әуелі қабілетіне мән беремін. Дарындылығы мен есте сақтау қабілеті де маңызды рөл атқарады. Осы аталған қасиеттер шәкірттің шығармашылықты тез ұғынып, түсі­нуіне жол ашады. Ал Рамазан мен Нұрсардар тума таланттар. Сабаққа деген ынталары да ерекше. Кез келген әуенді жақсы сезінеді. Қысқа уақытта шығармаларды тез талдап, көкейге тоқып алуда қатарластарынан әлдеқайда алда, – деді ұстаз.
Жалпы Рамазанның ән сабағына деген махаббаты мен ынтасының ерекше екенін байқадық. Оған дәлел түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып жүлделі орыннан көрінуі. Мәселен, «Берекелі алтын күз» республикалық байқауында І орын, «Дарабозда» бас жүлде, «Ақкө­гершін» әншілер байқауында ІІ орын, ал Халықаралық «Digi-talenty jesien» додасында жүлделі ІІ орыннан көрінеді. Нұрсардар да тура осындай сайыстардың жеңімпазы.
Ұл-қыздарының шығармашылық байқауларда жұлдызды сәтіне куә болған ата-аналардың да тәлімгер Шәрбану Жиенбаеваға деген алғысы шексіз. Қайсыбір өнер сайысы болмасын тек биіктен көрініп жүрген дарынды өреннен ұстаздары да көп үміт күтеді. Хакім Абай атамыз айтпақшы, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Десек те, шын талант қана биік асуды бағындырады. Ал, Рамазан мен Нұрсардар болса елінің атын әнімен әлемге паш етсем дейді. 

Лаура БИБАСАРОВА
03 мамыр 2021 ж. 564 0