Атақты Сырдария атырабынан шыққан от ауызды, орақ тілді шешендер мен күміс көмей, жезтаңдай ақын-жазушылар аз емес. Олар ардақты елі, аумақты жері, жеткіншек ұрпақтары үшін талай-талай ұлы өсиет, ұлағатты мұралар қалдырған. Солардың қатарында аласапыран кезеңде өмір сүріп, ақырында ашаршылық құрбаны болған, Сыр бойының айтулы шайырларының бірі Шәймен Дәрібаев та бар. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұраларына шолу жасасаңыз еріксіз таңдай қағып, басыңды шайқайсың.
Міне, осындай тұлғаны елге дәріптеуде аудандық Манап Көкенов атындағы және Байкенже ауылдық клуб үйі ұжымы «Өмір дәурен...» атты облыстық байқауда жас термешілердің басын қосты. Шара мақсаты – халықтық терме өнерін өскелең ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттарды анықтап, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыру.
Осынау игі іс Байкенже ауылдық әкімдігі қолдауымен іске асып, нәтижесінде төл өнеріміз төрге озды. Атап айтқанда, «Қызылқұм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ұйымдастырылған сайысқа Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған 8 жас термеші қатысты. Олар ереже бойынша алғашқы кезеңде Шәймен ақынның төл туындысын, еркін тақырыпта өздеріне ұнаған термені көпшілікке ұсынды.
Сонымен текті өнерді насихаттаушылар қатарында Қызылорда қаласынан келген Жәнібек Жақсан мен Аяжан Шынберген ақындық суырыпсалма қасиеттерін пайдаланып, Шәймен ақынға «Арнауын» төгілтсе, аралдық Қанатбек Шынбергенов «Жалған гаухар», қармақшылық Руслан Өтегенов, Қазалыдан келген Жанболат Өмірзақ және шиелілік Ізбасхан Дәулетхан «Тағдырдың ісі солай ма?» термесін нақышына келтіре орындады. Ал жаңақорғандық Ислам Нағызхан «Жалған гаухарды», Әсем Мәжит жыр бұлағын селдеткен ақын Шәймен Дәрібаевтың «Өмір дәурен» термесін айтқанда өлеңжырға шөліркеген халықтың айызы қанып, рухани қазынаға кенелді.
Халқымыздың өткен тарихында таңды таңға ұрып, тыңдарманын ұйытып тыңдатып, құлақ құрышын қандырған термешілер көп болған. Сондықтан қазақ халқы сөздің маржаны мен ойдың тұнығынан тағылым тартып, жұртшылықты адалдық пен әділдікке, тазалық пен имандылыққа тәрбиелейтін термені «текті сөздің төресі» деп бағалаған. Сондықтан болар біздер сөз тереңіндегі маржанды теріп, тыңдарманын ой құшағына батыратын осынау өнер саласын таңдаған жастар қатарының көптігіне қуандық.
Байқауды ұйымдастырушы, ел мерейін түрлі байқауларда үстем етіп жүрген өнер жанашыры, Шәйменнің тікелей ұрпағы Мұхтар Дәрібаев бүгінгі шараға өз бағасын былайша білдірді.
– Жалпы, біздің ауданда ақындар, әншілер, бишілер және сазгерлер арасындағы шығармашылық байқаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның қатарында жыршы-термешілер сайысы да бар. Шәймен ақынға арналған бұл облыстық байқау биыл қатарынан үшінші рет өтуде. Басты мақсатымыз термешілік өнердің тынысының кеңеюіне қолдау көрсетуде өз үлесімізді қосу. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жастардың бойына дарытып, жас ұрпақтың жан-жүйесін оятуда дәстүрлі өнердің алатын орны ерекше. Әсіресе, ғибраттық мәні бар идеяларды теріп айтатын термешілік өнердің өз биігі, өз тыңдаушысы бар. Сондықтан кешегі дана бабалардың асыл мұраларын жастардың жүрегіне жеткізу бүгінгі байқаудың басты ұстанымы, – деді ол.
Жіпке тізген моншақтай сөз маржанын терген термешілер осы күні көңіл пернесін де дөп басты. Өмірдің қамшының сабындай қысқа ғана екендігін жырлай отырып, бәрінен де имандылық пен адамдықтың қымбат дүние екендігін көрермен көңіліне жеткізе білді. Ал көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздардың шеберлігіне облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Дәстүрлі өнер» секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева қазылық етті.
Қазылар алқасы шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударды. Нәтижесінде, қызылордалық Жәнібек Жақсан бас жүлдеге лайықты деп танылды. Жүлделі бірінші орынды жаңақорғандық Ислам Нағызхан иеленсе, екінші орынды қармақшылық Руслан Өтеген иемденді. Ал үшінші орын Қызылорда қаласынан келген Аяжан Шынберген мен қазалылық Жанболат Өмірзаққа бұйырды.
Айта кететіні, байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Ал барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан «Алғыс хат» ұсынылды.
Өз заманының дүлділі, атақты ақын Бұдабайдан тәлім алып, Құлыншақ, Майлы, Құлан ақындармен қатар ғұмыр кешкен Шәймен ақын жайында мәліметтер мен өлеңдер жинағын артында қалған ұрпағына саф мұра етіп 1998 жылы ҚР Жазушылар және журналистер Одағының мүшесі Айдархан Бибасаров «Өмір-Дәурен» атты кітапқа жинақтайды. Арада он жыл өткенде Шәйменнің немересі Баян Әріпқызы, жиені Мақсұт Кенжебекұлы және ағайыны Базарбай Калкөзұлы авторға ақын мұрасының толыққанына байланысты кітапты қайта шығаруға қолқа салады. Ағайынның өтінішін орындау үшін қолға қалам алған Айдархан Бибасарұлы қолдағы бар дүниені толықтырып, 2009 жылы «Өмірдәурен» жинағын Алматы қаласындағы «Жедел басу баспаханасынан» қайта басып шығарады.
Зобалаң жылдар тудырған қиындықтарды арқалап өмірден өзі өткенмен, ақ алмастай жарқылдаған шығармалары халқының жүрегінде сақталған Шәймен есімін, оның жаухар жырларын ертеңгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі тірілердің міндеті. Өйткені ақын мұрасы болашақ үшін алтыннан да қымбат қазына болмақ. Ал оны көздің қарашағындай сақтап ертеңге табыстау бәріміздің ортақ борышымыз болып қала бермек.
Лаура БИБАСАРОВА