Пайғамбар жақсы көрген жасыл түс
Қасиетті Құран мен Пайғамбар (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетінде жасыл түс туралы көбірек айтылған. Жасыл – тура айтылмаса да Жәннат түстерінің бірі ретінде жанама түрде аталған.
Дәлірегі, қасиетті Құранның Кәһф (Үңгір) сүресінің 31-ші аятында: «Міне, олар үшін астарынан өзендер ағатын Ғадын жаннаты бар. Олар онда алтыннан білезіктермен безенеді; олар жұқалы-қалыңды жасыл жібектен киімдер киеді де олар онда, диванға сүйенеді. Нендей жақсы сауап, нендей әлбет жастанатын орын!» деп, сондай-ақ, Рахман сүресінің 76-шы аятында «Пейіштегілер жасыл дивандарға, көркем төсеніштерге жастанып отырады» деу арқылы жасыл түс ишара етілген.
Байқаған шығарсыздар, мешіттердің көбісінің күмбезі немесе интерьерінің жасы түске боялғанын. Жасыл түс өсімдіктің (өніп-өсудің) түсі. Диншаһ Гадиали есімді ғалым түстерді зерттеген алғашқы ғалым.
Оның айтуынша, түстердің адамның көңіл күйіне, денсаулығына – организмнің жұмысына, дүниетанымына тигізер әсері ұшан-теңіз.
Осы заманғы түстерді зерттеу саласында да аталған ғалымның белгілеп беріп кеткен қағидалары басшылыққа алынады. Түспен емдеудің барын біреу білсе, біреу білмес.
Түс терапиясы мамандарының сөзінше, түс жасушы мен ағзаларға әсер ете отырып, жиілігі белгілі бір аралықты құрайтын вибрация тудырады. Зағиптер қандай да бір түске боялған жансыз затқа немесе өсімдікке жанасу арқылы олардың қандай түсте екенін ажырата алады.
Ал туабітті зағиптер түстерді көрмесе де әр түстің өзіне тән вибрациясы барын алға тартады. Яғни, түстер адам организмінде белгілі бір реакция тудыра алатын қабілетке ие.
Соның ішінде, біз сөз етіп отырған жасыл түстің адамның рухани аспектісінде жоғары рөл ойнайды. Жасыл түсте үйлесімділік бар, үміт тудырады, адамның мейірімін оятады, ең бастысы, жүйкенің ширығуын тарқата алады.
Психологтар не дейді?
Олардың айтуынша, жасыл түс – адамның өзінің жан сарайының түкпіріне, тереңіне үңілуге итермелейтін жалғыздықпен қатар тұтастық сезімін тудыра алады. Ең бастысы – адамды сабасына түсіріп, сабырлы болуына оң әсерін тигізетін көрінеді. Сондай-ақ, өсіп-өнуді және дамуды ынталандырады. Бұдан бөлек, күйген, сынған және тілінген жерді емдеуде оң әсерін тигізеді. Тек жасыл түс қана емес, сонымен қатар, табиғаттағы барлық түс Алланың жаратылысы, барлығы да Алланың құдіретін паш етеді.