ҰБТ-дан кімдер босатылады?
Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын ҰБТ-дан босату жоспарланып отыр, ең алдымен жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі.

Айта кеткен жөн, 2016 жылға дейін республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылып, кез келген жоғары оқу орнына құжат тапсыра алатын. Тәртіп бұзушылықтар тіркелгеннен кейін ол норма алынып тасталды.
Вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, алдағы уақытта осы ынталандыру тетігін қайтару жоспарланып отыр. Алайда халықаралық олимпиадалардың нақты бір тізімі болады."Біз халықаралық олимпиадалардың тізімін бекітеміз. Оған шамамен он олимпиада кіреді. Сосын жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Маңызды әрі еліміздің имиджін көтеретін олимпиадалар іріктеледі", - деді Асылова.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде "Педагог туралы" заңда халықаралық олимпиада, спорттық жарыс мен конкурс жеңімпаздарын және жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерді ынталандыру шаралары қарастырылған. Сыйақының көлемі үш қызметтік еңбекақыны құрайды.