№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ДАРА БОЛМЫС


«Димаш Құдайбергеннің жеке концерті Нұр-Сұлтан қаласында өтеді» дегенді естігеннен баруға ынтызар болдым. Бірақ ондайға уақыт табыла ма? Реті келмеді. Енді не істеймін? Нұр-Сұлтан қаласында тұратын бауырыма телефон соғып, концертке баруын үгіттедім. Сосын WhatsApp арқылы тікелей қосуын өтіндім.

У-шу. Қазақтарға қарағанда шетел­дік­тердің жарқын дауысы басымдау секілді. Телефонның арғы жағынан Димаштың өнеріне тамсанған, таңданған жұрттың эмоциясы, көңіл-күйін сезіндім. Сірә, мұндай бақыт екінің бірі­нің бағына бұйыра бермесі анық.
Димаштың мұндай биікке көтерілуінің сыры неде? Әрине оның бойына Жаратушы дара болмыс, ерекше талант берді. Дегенмен жатпай-тұрмай ізденіп, еңбектеніп, өзінің шыңын тапты. Біз де балаларымызға Димаштың іздену, еңбектену пәлсапасын үйретіп, «жетістікке жету формуласын» сіңіруіміз қажет. Сонда қазақтың жастары әлемді мойындатып, ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық болмысымызды танытатын болады. Сонда жаһанда қазақ тілі өзінен-өзі салтанат құрады. Өзгелер қазақ ұлтына құрметпен қарайтын болады. Әрине мұны пайымдай білсек...
Димаш Құдайберген өзін жастайынан ерек болмыс иесі екенін дәлелдеді. Бірақ 16 жасында «Байқоңырдың әсем дауыстары» атты халықаралық фестивалінде бірінші орын, 20 жасында «Жас қанат» республикалық жас ән орындаушылар байқауында бас жүлдені алғанында дарынды жасты еледік пе? 2013 жылы «Мейкин Азия» І халықаралық фестивалінде, XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-приді жеңіп алғанында құрмет көрсеттік пе?
«Байқау орындаушысы» деп бағаладық. «Жылауық, зарлауық, әнші» дедік. Мұндайға болмысы бөлек, рухы асқақ дарын иесі мойымасы хақ. Жаңа биіктерді бағындыру жолында көркемдік талғам мен шығармашылық ізденісті шыңдап, күн ұзақ еңбектенді.
Нәтижесінде Қытай Халық Республика­сындағы «I am Singer» үздік әншіні анықтайтын музыкалық байқауында Димаш таңға­жайып диапазонымен таңғалдырып, әлемді аузына қаратты. Теле шоуды Hunan TV телеарнасынан 2 миллиардтан ас­там халық тамашалады. Бұл – оның таны­мал­дылығын арттырып, миллиондаған қытайлықты өзінің фанатына айналдырды. Расында Қытайдың «сен тұр, мен айтайын» деген әншілерімен бақ сынаған байқауда Димаш орындаушылық мәнерімен, сахнада өзін-өзі ұстай білетін кәсібилігімен ерекшеленіп, Қытайдың танымал өнер жұлдыздарының Топ-10 арасында бірнеше апта бірінші орынды ешкімге бермеді. Димаштың суреті бедерленген кәде сыйлар бизнестің тетігіне айналып, табыс табудың көзі болды.
Миллиардтар елін өнерімен мойындатып, 2018 жылғы «Global Chinese Golden Chart Awards» (Қытай) аясындағы «Жыл әртісі» премиясының иегері, Пекиндегі жыл сайынғы «Weibo» премиясының «Жылдың жаңа музыкалық күші» номинациясы иегері, «IQIYI Awards» нұсқасы бойынша «Жылдың ең танымал әнші жігіті» атағына ие болды. Қытай жаңа жылының соңғы күнінде өтетін шамдар фестивалінде, «Белдеу және жол» Халықаралық сән апталығының ашылуында ән айтты.
Димаштың Қытайдағы жұлдызды өнерінен кейін әлемнің түкпір-түкпірінде оның өнерін жоғары бағалаған мамандар мен тыңдармандар шоғыры қалыптасты. Әсіресе АҚШ, Аргентина, Аустралия, Бельгия, Бразилия, Германия, Жаңа Зеландия, Моңғолия, Нидерланд, Канада, Қытай, Ресей, Сингапур және т.б. елдерде әншінің өнеріне ынтыққандар саны артты.
Одан кейін АҚШ пен Еуропа елдеріндегі телевидиниялық бағдарламаларынан шақырту алып, әлемнің салтанатты өнер сарайлары есігін ашты.
«Алты октавалы орындаушы» Димаш Құдайберген АҚШ-тағы The World's Best шоуының судьялары бір әнді бірнеше дауыста құбылтып, қиналмастан жоғары ноталарды алып, шебер орындайтынына таңғалды.
Ол Нью-Йорк қала­сындағы әлемге танымал Мэдисон-сквер-гарден кешенінде, Лондондағы «The O2» аренасының «Indigo» концерттік залында, Мәскеудегі Кремль сарайында жеке концертін берді.
Димаш Құдайбергеннің даралығы қазақ рухын жаһан тұрғындарының бойына дарытуға талпынуында. Мәселен, Қытайдың шамдар фестивалінде Кенен Әзірбаевтың «Ой жайлау» әнін орындаса, «I am Singer» байқауының 7 кезеңінде «Адай» күйін тартып, сосын «Дайдидауды» шырқады.
Британияның ВВС жалпы ұлттық қоғамдық телерадио таратылымы ұйымының студиясында Димаш қазақ тілінде сұхбат беріп, шығармашылығымен бөлісті. Нью-Йорк, Лондон, Мәскеу қаласында өткен концертінде тыңдарманының құлақ құрышын қазақ үнімен қандырды, қазақ тілін үйренуге талпындырды.
Дауыс диапазоны 6 октованы оп-оңай алатын Димаш феноменін зерттеушілер оның дауысының таза әрі әуезді екеніне, кеуде тұсындағы дауыс диапозоны төменгі нотадан жоғары нотаға еш қиындықсыз өте алатын қасиетке ие екеніне, қажет десеңіз бірден екі октаваға секіріп жоғары алып, одан бірден құлдилап үш октаваға түсетін орындаушылық шеберлігін ғажап құбылысқа балады. Тамсанды. Таңданды. Адам мүмкіндігінен тыс техниканы игерген орындаушы ретінде мойындап, насихаттады.
Қытайдағы поп-музыка корпорациясының басшысы Фу Линнің сөзінше, вокал өнерінде: қарапайым техника, супер-техника және адам мүмкіндігінен тыс техника бар. Адам мүмкіндігінен тыс техниканы Димаш игерген екен.
Сондықтан оның жер-жердегі фонаттары ең үлкен экрандарды жалға алып, орындаушының суреттерін ілдірді, әндерін қойдырды. Тіпті Хаңжау қаласындағы бір фантоптың басшысы сүйікті әншісін дәріптеуге 60 мың юань жұмсады.
Димаштың сиқырлы дауысы төсекке таңылған мыңдаған науқасқа рух беріп, сауығуына әсер еткендіктен әлемнің жетекші ақпараттық ресурстары «Жаныңды емдейтін әнші» деп бағасын берді.
Мұндай рухани күшке ие болғандықтан оның тыңдармандары қазақ тілін өз беттерінше үйреніп, тіл сындыра бастады. Мұндай құбылысты оның концерттерінде көріп, естіп жүрміз. Кешегі Астанада өткен жеке концертінде де осыны байқадық. Міне, күш! Міне, қуат!

P.S: Димаштай әлемдік деңгейде жарқырап, Ұлы Даланың дара болмысына тәнті етіп, артынан мыңдаған табынушыларын ерткен әнші болған емес! Ендеше Димашты дәріптеу арқылы мыңдаған өз-өзіне сенімді, өз ісінің кәсіби қазақ жастары қалыптастыруға болады. Сонда жаһанда қазақ тілі өзінен-өзі салтанат құрып, өзгелер қазақ ұлтына құрметпен қарайтын болады.
Бізге Димаштың дара болмысын мойындап, оның еңбексүйгіштік қасиетін, жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігін, тыңдарманына деген шынайы ықыласын насихаттауды қазірден бастағанымыз дұрыс. Мегаполистерді айтпағанның өзінде ауыл-ауылда әншіні дәріптейтін баннерлер іліп, деректі фильмдер түсіріп, шығармашылық кештер, байқаулар өткізуді қолға алуға болады.
06 шілде 2019 ж. 907 0